Себебі ұлы далада әлемді өзінің өркениетімен, мәдениетімен, өнерімен, тарихымен таңғалдырған, ержүректігімен жарты әлемді бағындырған халық ұрпағымыз. Өткенге көз жіберсек, халықаралық музейлер кеңесі бұл атаулы күнді 1977 жылы бекіткен екен.
Музей күні 1978 жылдан бастап кәсіби мереке ретінде атап өтіліп келеді. Бұл дата КСРО кезінде, 1977 жылы Мәскеу қаласындағы халықаралық музейлер кеңесінің ХІ бас конференциясында бекітілген. Осы күні әлем елдеріндегі музейлерде «Музей түні» акциясы ұйымдастырылады. Музей – қоғам өмірінің айнасы, тарихы, әдебиеті мен мәдениеті, халқымыздың асыл рухани мұраларын жинап, өлкеміздің өткені мен бүгінін жалғап отырған тарихи орын. Ғасырлар қойнауында жатқан тың деректерді археологтарымыз алып, музей қорына өткізеді. Сонау тас дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі жәдігерлерімізді көздерінің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа насихаттау ісінде орасан шаруалар атқаруда. Тарихымыздың тереңінен қазіргі өркениетті елімізді жалғастырып тұрған алтын желі іспеттес тарихи-мәдени құндылықтарымыз өңірімізде баршылық. Қазір елімізде 271 музей бар. 2022 жылдың қорытынды бойынша, музейге келушілер саны 6 миллион адамнан асыпты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1 миллионға жуық көп. Бұл ретте келушілердің 35%-ы немесе 2,175 миллионы – балалар. Сол жылы 166 801 экскурсия ұйымдастырылды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 41 мыңға көп болған. Ал көрме саны – 8 393. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы нәтижемен салыстырғанда 1 484 көрмеге артық.
Ұлттық музей директоры Айбек Сыдықовтың айтуынша, 2014 жылдан бері Ұлттық музей тарихында екі ірі келушілер легі тіркелген. 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында Ұлттық музейді 280 мың адам тамашаласа, 2022 жылы бұл көрсеткіш 330 мың адамға жеткен. Өткен жылдың тек алты айында ғана 310 мың келуші тіркелген. «Бұл халқымыздың мыңжылдық мәдени мұрасы мен тарихына деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді», – деді ол.
Келушілердің арту динамикасының себебін осы жылдың сәуір айында екі жаңа залдың ашылуымен байланыстырады. Бұл – барлық жастағы қонақтарды қызықтыратын палеонтология залы және қолөнершілер орталығы. Палеонтология залында тиранозавр рекс, гиппарион жылқысы, ірі мүйізді бұғы, алып индрикотериум мүйізтұмсық, мамонт және басқа да жануарлардың қаңқалары мен қалдықтары ұсынылған. Қолөнершілер орталығы түрлі кәдесыйлар мен еліміздің шеберлерінің сәндік-қолданбалы өнерінің үздік туындыларын ұсынады. Сондай-ақ өткен жылғы «Музейлер түні» халықаралық акциясы аясында Ұлттық музейді бір түнде 47 мыңнан астам адам тамашалап, тағы да рекорд орнатқан. Ал былтырғы бірінші жартыжылдықтың өзінде-ақ мұражай қоры 4 мыңнан астам экспонатпен толыққан екен.
Елімізде негізгі музей қорларындағы экспонаттарының саны 2,6 миллионнан асады, оның ішінде 350 мыңы – аса құнды жәдігерлер. Миллионнан астам экспонат электронды форматта ұсынылған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы музей қорының мемлекеттік каталогі жұмыс істейді, оған қазір 114 мемлекеттік музейден 130 мыңнан астам экспонат қосылды. Ұлттық мәдени мұра нысандарының қатарына 61 музей қорынан 5 000-ға жуық жәдігер кіреді.
Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов бір сөзінде: «Елдегі музейлердің жұмысы белсенді дамып, келушілер саны күн сайын артып отыр. Музейлерде тақырыптық көрмелер, дәрістер, экскурсиялар, қызықты, танымдық және шығармашылық іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады. Еліміздегі музейлерде ерекше, бірегей залдар ашылып жатыр. Мысалы, Ұлттық музейде палеонтология залы мен қолөнершілер орталығы бар. Сол секілді ашық аспан астындағы ең үлкен «Бозоқ» музей-қорығы салынып жатыр. Визит-орталықтар ашылып, онда тарихи-мәдени ескерткіштер мен олардың аумақтарынан табылған жәдігерлер туралы ақпарат ұсынылған. Әрине, бұл істің бастамасы ғана. Біз бұл жұмысты одан әрі қарай жалғастыруға ниеттіміз. Атап айтқанда, ғылыми экспедициялар өткізіп, халықаралық деңгейге шығуды мақсат етіп отырмыз. Халықаралық жобалардың бірі ретінде 2026 жылы Луврда қазақ өнерінің көрмесін ұйымдастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деген еді.
Жалпы, жаһандану заманында мәдени мұраны сақтап, өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып отырған, сырлы дүниелер және тағылымды тарих пен дәстүр ұштасқан, ұрпақтар жалғастығының негізгі алтын көпірі – музейдің мәдениетте алатын орыны айтпаса да түсінікті. Сол себепті көнеден жеткен жәдігерлерді жинақтап, көздің қарашығындай сақтайтын мәдени орынның бәсі әрқашан биік.
Айта кетейік, 18 мамырда бүкіл әлемде Халықаралық музейлер күні атап өтіледі. Атаулы күнге орай дүниежүзінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Соның ішінде мысалы – Қазақстанның музейлері белсенді қатысатын «Музейлер түні» акциясы. «Музейлер түні» алғаш рет 1997 жылы Берлинде өтті. Халықаралық музейлер күніне орайластырылған акцияның мақсаты – мәдени мұра мен өнерді насихаттау. Қазақстанда бұл акция 2006 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді.
Наурызбек САРША