Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің және мемлекет басшысына тікелей бағынышты органдардың жетекшілерімен кеңес өткізді. Онда әлемдегі қаржылық-экономикалық ахуал және оның Қазақстан экономикасына әсері жөнінде мәселелер талқыланды.
Президент Үкіметке, Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Басты тапсырма – мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындау.
Әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделенуіне байланысты дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспарын әзірлеу үшін премьер-министр басқаратын Шұғыл әрекет ету штабын құруды тапсырдым. Мемлекет өзінің барлық міндеттемелерін толық орындайды. Қосымша жұмыс орындары ашылады, - деп жазды президент өзінің Twitter-дегі парақшасында.Үкімет 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөнінде ұсыныс енгізеді. Мемлекет басшысы бюджет шығындарын қысқарту, өңірлерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету, еліміздің қаржы-валюталық нарығын тұрақтандыру, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты.