Күні кеше облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай Халық Республикасының біздің елдегі Бас консулы Цзян Вэй ханыммен кездесті. Екі жаққа да пайдалы болады деп болжанып отырған іскерлік жүздесу бұған дейінгі экономикалық байланыстарды одан ары нығайта отырып, өзара тиімді ынтымақтастықтардағы тың мүмкіндіктерге жол ашатын аса маңызды қадам болып саналады.
Содан да болар, кездесу барысында талқыланған мәселелердің басында Қытай мемлекеті мен Алматы облысы арасындағы сауда қатынастарын барынша кеңейтуге қатысты сауал тұрды.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев көрші елмен екі арадағы мемлекеттік шекарада орналасқан «Қалжат» пен «Нарынқол» өткізу бекеттерін дамыту екі ел арасындағы тауар айналымын арттырып, нығайтуға аса қомақты үлес қосатынына ерекше тоқталды.
«Алматы облысы мен Қытай арасындағы тауарлар мен қызметтер алмасуды арттырудың әлеуеті аса зор. Сауда-саттықты кеңейту экономиканы әртараптандыруға және даму мен өркендеудің тың мүмкіндіктерін қарастыруға жол ашады. Сондықтан екі тарап арасында өзара түсіністіктегі әрі тиімділіктегі қарым-қатынас қалыптастыру аса маңызды», – деп атап өткен облыс басшысы дәл қазіргі кезде өңірде ҚХР инвесторларының қатысуымен бірқатар жоба жүзеге асқанын айта келе, алдағы кезге жоспарланған шаралардың да біраз екеніне назар аудара кетті.
Нақтырақ айтқанда, Kelun-Kazpharm ЖШС фармацевтикалық зауытының өндірісі іске қосылып, «Жетісу Энергиясы» ЖШС энергияның жаңартылатын көздері жобасын жүзеге асырған. «Жібек жолы» компаниясы ауыл шаруашылығы саласын дамыту аясында тамшылатып суару жүйесі үшін құрамдастар өндірісін, малға арналған жемге азықтық қоспалар өндірісі үшін дәнді дақылдарды қайта өңдеуді іске қосқан. Сонымен бірге фиброцементті плиткалар мен рельстік бекіткіштер, талшықты су сақтағыш технологиялар шығаратын зауыттың құрылысы аяқталып, қолданысқа берілген. Осынау жүзеге асырылған және қолға алынып жатқан жобалардың барлығы қос тараптың экономикалық даму мәселелерін шешудегі өзара табысты қарым-қатынасына нақты дәлел бола алады.
«Қытайлық инвесторлармен өзара табысты әрекеттестік облыстың экономикалық дамуындағы басты бағыттардың біріне айналды. Екі жақ бірлесе отырып, жүзеге асырып жатқан жобалар өңірдегі өндірістің түрлерін артырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашуға мүмкіндік туғызады және жергілікті экономиканы ынталандыруға серпін береді. Сонымен бірге мұндай инвестициялар индустрияны жан-жақты дамытуға жол ашып, жұмыс күшінің кәсіби деңгейін арттыратын технологиялар мен білімдерге қол жеткізуге мол мүмкіндік береді. Қытаймен екі арадағы ынтымақтастықтағы тиімді тәжірибе өңір экономикасындағы тағы басқа да секторларды дамытуға серпін беріп, жаңа инвестициялар әкелуді барынша ынталандырары сөзсіз», – дейді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімі өз сөзінде қытайлық кәсіпкерлердің қатысуымен облыс экономикасының түрлі саласында ірі жобалар жүзеге асырылып жатқандығына, олардың қатарында Gezhouba Cement Company Ltd цемент зауытының құрылысын, «Жетісу Вольфрамы» ЖШС кен-байыту комбинатының құрылысы мен вольфрам кеніштерін игеруді, QazMetProduct ЖШС дайын болат сымдар өндірісін және тағы да басқа жобаларды іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Бүгінде ҚХР инвесторларының атсалысуымен тиімділігі жоғары болады деп болжанған 11 жобаны жүзеге асыру ойластырылуда. Олардың қатарында TBEA компаниясының трансформатор зауытының құрылысы, Yulin irrigation компаниясының тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын зауытының құрылысы және суландыру жүйесін іске қосу сынды аса ірі жобалар бар.
Бас консулмен жүздесу соңында облыс басшысы Алматы облысының шетелік инвесторлар үшін аса тартымды аймақ болып саналатындығына тағы бір мәрте тоқталды. 2023 жылдан бергі кезеңде тек қана көршілес жатқан Қытай Халық Республикасы өкілдерімен 200 бизнес-кездесу өткізілгені де бұл сөзге айғақ бола алады. Сонымен бірге инвесторлар тарапынан қызығушылықтың артуы өңірдің аса зор инвестициялық әлеуетін білдіріп, экономикалық тұрақтылығын аңғартады. Биылғы мамырдағы жағдай бойынша, Алматы облысының инвестициялық портфелінде жалпы сомасы 3,4 трлн теңге болатын 189 жобаның бар екендігін және олардың ішіндегі жалпы сомасы 268 млрд теңгені құрайтын 10 жобаның Қытай Халық Республика-сы кәсіпкерлерімен бірлесе жүзеге асырылып жатқанын да атай кеткен жөн.
Б.ҚАБДЕШҰЛЫ,
Алматы облысы