Осы орайда Жетісуда соңғы жылдары жердің жалпы жұрт үшін қызмет етуін жолға қою жолында нақты жұмыстар атқарылуда екенін айта кеткен жөн. Жылдар бойы қараусыз жатқан жер телімдері мемлекетке қайтарылып, қолынан іс келетін, ел ертеңіне алаңдайтын іскер жандарға берілуде. Жер игеруге де жете мән беріліп, жаңа технологиялар кеңінен қолданысқа егізілуде. Соған сай өткен жылы Жетісу облысы дәнді дақылдар түсімі бойынша елдің алдынан көрінді. Ендігі мақсат – осы биіктен төмендемеу.
Жақында облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен Ескелді ауданындағы «Хильниченко және К» сенім серіктестігіне қарасты қант қызылшасы егістігінің басында Алқап күні өтті. Осы жерге арнайы келген облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді, Көксу, Қаратал, Ақсу аудандары мен Талдықорған қаласындағы шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесіп, биылғы егістікке қатысты мәселелерді, талқыларды, шаруа адамдарының өтініш-тілектерін тыңдады. Диқандар аграрлық саланы дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, қаржылық институттардан жеңілдетілген несие алуда алдан шығатын кейбір мәселелерді қозғады. Солардың ішінде әсіресе қағазбастылық қажытқанын айрықша атап кетті. Жергілікті әкімдік, қаржылық институт өкілдері және шаруашылық жетекшілері осы тақырып төңірегінде үшжақты талқылау жасап, ортақ мәселелердің шешімі жайлы өз ойларын ортаға салды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев облыс аумағындағы көктемгі егіс науқанының барысы, тұқыммен, минералды тыңайтқышпен техникамен қамтамасыз ету деңгейі, МТС-тарды жаңарту, мемлекеттік қолдау шаралары туралы аса ауқымды баяндама жасады. Оның айтуынша, егіс алқабын әртараптандыру аясында дәнді дақылдар 10,5 мың гектарға, картоп 880 гектарға қысқарып, осылардың есебінен басымдыққа ие дақылдардың егіс көлемі 18,1 мың гектарға ұлғайтылыпты. Қазір 274,7 мың гектарға немесе 69,8% жаздық дақылдар себілген. Шаруашылықтар 18,5 мың себу бірлігі болатын қант қызылшасы тұқымымен қамтылыпты. Биыл қолданылатын элиталық тұқым үлесін 2,6%-ға жеткізу жоспарланған. Былтыр облыста 350 мың тонна қант қызылшасы өңделсе, биыл бұл көрсеткішті 500 мың тоннаға жеткізу көзделіп отырған көрінеді.
– Бүгінгі күні облыста 22,3 мың ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген. Бірақ іс жүзінде олардың көпшілігінің тозығы жеткені рас. Сондықтан сіздерге, шаруа қожалықтарына, өздеріңіздегі тіркеліп тұрған техниканың жарамсызын есептен шығаруды жеделдету керек. Биыл біз қызылша бағытында 8 сервистік-дайындау орталығын құрдық. Сепкіштерді аудандарға таратып бердік. Комбайндар күзгі жиын-терімге дейін жеткізіледі. Жалпы саны 62 техника алуды жоспарлап отырмыз, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары су шаруашылығы нысандарын жаңғырту жобаларының барысы жайлы да егжей-тегжейлі айта кетті.
Жиынға арнайы келген аграрлық салаға қолдау көрсететін қаржылық институттардың өкілдері жеңілдікпен несиелер беру мен мемлекеттік бағдарламаларға қатысу шарттары туралы жан-жақты түсіндірді. Сол сияқты жеткізуші компаниялар өздері ұсынатын тыңайтқыштар мен биологиялық қоспалардың, жаңа ауыл шаруашылығы техникаларының тиімділігін, өнімділікті арттырудағы мүмкіндіктерін таныстырып, көрме ұйымдастырды.
Шаруашылық жетекшілері өздерін толғандырған көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру, жеңілдетілген несие алу үшін кепілдік қоюдың мән-жайы, аграрлық салада жаңа бизнес ашу мүмкіндіктері, бақ шаруашылығын, соның ішінде құлпынай өсіруді дамытуға қатысты қаржылық институттардың өкілдеріне сұрақтар қойып, осы мәселелерге қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.
– Тіршіліктің негізгі көзі ет, сүт, көкөніс пен жеміс десек, соның бәрінің өнімді болуы жермен тиімді жұмыс істеуге тікелей байланысты. Мәселен, былтыр 325 мың гектар егіс алқабынан 3 914 мың тоннадай дәнді дақыл жинадық. Бұл – дәнді дақылдардың көлемі бойынша республикада 4-ші көрсеткіш. Яғни, жер көлемі айтарлықтай үлкен болмаса да, одан жиналған өнім көлемі жағынан алғаш рет төрттіктің қатарынан көріндік. Бұл, біріншіден, өлкеміздің топырағы құнарлы, суы мол, климаттың қолайлы екенін білдірсе, екіншіден, өздеріңіздей шаруалардың агротехнологиялық шараларды дер кезінде жүргізіп, тынбай еңбектенуінің нәтижесі. Былтыр жүгері өткізу жағынан біршама қиындық туындады. Біз биыл егістікті әртараптандыру аясында жүгері алқабын азайтып, есесіне бүгінгі күні табысты болып отырған қант қызылшасының, майлы дақылдардың, мал азығының егістік аумағын ұлғайттық. Өнімнің шығымы жақсы болуына мемлекет барынша қолдау көрсетіп отыр. Мұндай демеу шараларын биыл да жалғастырамыз. Осы басқосуда көтерген қаржылай қолдау процедураларын жеңілдету туралы ұсыныстарыңызды депутаттармен бірге тиісті органдарға жеткізетін боламыз, – деді облыс әкімі.
Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 7 мың гектарға ұлғайтылып, 524,8 мың гектарды құрап отыр. Соның ішінде қант қызылшасын 11,5 мың гектарға сеуіп, 500 мың тонна өнім жинау жоспарланған.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы