Үлкен жолдарға жарықты шағылыстыратын экрандар орнатылды

Жарық шағылыстыратын пластиналар жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында қойылды.

Республикалық маңызы бар күре жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін арттыру үшін арнайы жарықты шағылыстыратын экрандар орнатылып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін республикалық маңызы бар Балқаш-Бұрылбайтал жолының бірқатар учаскесінде жарықты шағылыстыратын пластиналар орнатылды. Арнайы қондырғы Балқаш қаласынан Алматы қаласына қарай (Қарағанды облысы, 91 шақырым, алғашқы 2 лот), сондай-ақ Мыңарал ауылының бұрылысынан Үлкен ауылына бұрылатын жерге дейін (Жамбыл облысы) орнатылды.

– Қондырғының басты артықшылығы — қарама-қарсы бағытта келе жатқан көліктердің шамдары жүргізушілерге кедергі келтірмейді. Бұл әсіресе түнгі уақытта қауіпсіз әрі ыңғайлы. Қондырғы көпжолақты жолдарға ғана орнатылады, - делінген хабарламада.

Былтыр дәл осындай қондырғылар М-32 "Самара-Шымкент" және А-2 "Алматы-Ташкент-Термез" автожолдарының бірқатар учаскесінде, сондай-ақ Күйік және Қордай асуларында орнатылды.