Шығыс Қазақстан облысында полицейлер 20 жастағы жігіттен синтетикалық есірткінің ірі партиясын тәркіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел уәкілдер есірткі тасымалымен айналысқан адамды ұстады.
«Күдіктінің пәтерінен полиция қызметкерлері таблеткалар мен ұнтақ заттар салынған бірнеше целлофан пакетті тапты. Атап айтқанда, 960 грамм мефедрон, 50 грамнан астам экстази, "соль" деген атпен белгілі 70 граммнан астам "Альфа-PvP" есірткі заты тәркіленді. Мефедронның бұл мөлшері 3200-ден астам өлімге әкелетін бір реттік дозаны өндіруге жеткілікті», – делінген ақпаратта.
Қазір есірткіні аса ірі мөлшерде заңсыз өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 10-нан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.