Енді белгіленбеген жерлерге коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін 10 АЕК айыппұл салынады. Сондай-ақ вандализм үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту туралы норма қабылданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң аясында депутаттар екінші оқылымда вандализм үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша нормалар әзірледі.
Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» Ұлттық құрылтайының үшінші отырысында вандализмнің теріс салдарын алға тарта келіп, онымен күресу қажеттігі туралы айтқан болатын.
Қылмыстық кодекстің 203-бабы «Ерекше құндылығы бар заттарды қасақана жою, әкету немесе бүлдіру» алдын ала сөз байласқан адамдар тобы, бірнеше рет жасаған адамдар тобы арнайы нормаларымен толықтырылатын болады.
– «Вандализм» 294-бап бойынша бұзушылық аясында 100 АЕК-тен (бұрын 50 АЕК) 200 АЕК-ке (бұрын 160 АЕК-ке) дейінгі айыппұл түріндегі жаза немесе сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына не жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу (бұрын 40 тәулік) жазасы қолданылады, – делінген жаңа заң жобасында.
Бұл баптың 2-бөлігі «әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк немесе дiни араздық уәжі бойынша, адамдар тобымен, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы, пайдакүнемдiк ниетпен бiрнеше рет жасалған» деген нормамен толықтырылды. Мұндай әрекеттер 500-ден 200 000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе түзеу жұмыстары, 300 сағаттан 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жазаланбақ.
Сонымен қатар енді белгіленбеген жерлерге коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін 10 АЕК айыппұл салынады
– 434-бабтың жекелеген бөліктерінде «Ұсақ бұзақылық» ғимараттарды, өзге де құрылысжайларды, тұрғын үй-жайларды, көпшілік пайдаланатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүліктерді қорлағаны үшін 50 АЕК (бұрын 20 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу немесе 5 тәуліктен 20 тәулікке (бұрын 15 тәулікке) дейін әкімшілік қамауға алу қаупі бар. Бұл бұзушылықтарды бір жыл ішінде қайталау 20 (15 тәуліктен бұрын) 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу көзделген.
434-2 «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» бабы бойынша бұзушылықтар үшін жаза екі есеге ұлғайтылды. Саябақтарды, скверлерді ластағаны, оның ішінде белгіленбеген жерлерге коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін 10 АЕК (бұрын 5 АЕК) айыппұл көлемінде, ал бұзушылықты бір жыл ішінде қайталағаны үшін 20 АЕК (бұрын 10 АЕК) көлемінде айыппұл салынады, – делінген жаңа заң жобасында.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.