Аманаттықтар Атырауда су тасқынына қарсы бөгет салу жұмысын аяқтады

Атырауда аманаттықтар өз жауапкершілігіне алған 7 учаскеде бөгет салу жұмысы толығымен аяқталды.

Атырауда аманаттықтар өз жауапкершілігіне алған 7 учаскеде бөгет салу жұмысы толығымен аяқталды. Осы тұста Атырау қалалық мәслихат депутаты Ақылбек Құлбарақов салынған бөгеттің қазіргі жағдайы жайлы баяндады. Оның айтуынша, су деңгейінің көтерілуіне байланысты кезекшілік ұйымдастырылған.

«Мұнда су қарқынды келуде. Оған бөгеттеріміз төтеп беріп жатыр. Бөгет маңындағы ахуалды Төтенше жағдайлар департаменті және Денсаулық сақтау басқармасы мамандары да күндіз-түні бақылауда ұстап отыр. Қазіргі таңда нөсер жауыннан кейінгі бүлінген жерлерді жөндеу жұмысына сарбаздар да атсалысуда. Жергілікті тұрғындар да су деңгейін күн сайын бақылап отырады. Әзірге қауіп жоқ. Десе де тұрғындар барлығына сақадай сай дайын отыр», – деді ол.

Еске сала кетейік, «AMANAT» партиясы өз жауапкершілігіне алған 21,2 шақырым бөгет тұрғызу жұмысы аясында 700 мың текше метр топырақ төгілген еді. Яғни, 10 тонналық өздігінен түсіргіш техника 70 мың рейс жасап, бульдозерлер мен экскаваторлар да жұмысқа жұмылдырылған болатын.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.