Облыстық қаржы басқармасының үйлестіруімен өтіп жатқан семинар жұмысының екінші легінің ашылу рәсіміне «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев қатысты.
Табысқа жету жолында билік пен бұқара теңдей қадам басып, егіз қимыл жасауға тиіс деп білеміз. Партиямыз бастамашыл болған «Қарызсыз қоғам» жобасы – азаматтарымызды несиеге байланып, қарызға өмір сүру көзқарасынан арылтып, отбасылық кірістің қисабын жүргізудің ұтымды әдістеріне үйретумен азаматтарды қажетсіз шығынға ұрынып қалудан сақтандырады.
Мемлекеттік билік құрылымында халықпен тікелей байланысып, етене жұмыс жүргізетін лауазым иелері ауыл әкімдері. Осы тұрғыдан ойластырылған семинарда ауыл әкімдері қарызсыз қоғам құрудың негізгі миссиясын меңгеріп, ауыл азаматтарын отбасылық табыстың дұрыс есебін жүргізуіне жәрдемшілік қызметін көрсетеді.
«Қарызсыз қоғам» жобасының мәні мен мазмұнын түсіндіріп өткен Алтынсары Дүйсенбекұлы, өзекті әлеуметтік проблемаға айналып отырған мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша назар аударғанын жеткізді. «Осы орайда, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың бастамасымен азаматтардың қаржылық сауаттылығын көтеруді көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылды. Нәтижесінде, өткен 2023 жылы бұл жоба облысымызда сәтті жүзеге асырылып, 14 600-ден астам азамат оқытылды. Ал биылғы жылдың 4 айында облыста төрт мыңнан астам азамат білімін шыңдайды», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Айта кету керек, үш күндік семинардың алғашқы легі 13 мамырда Түркістан қаласынан бастау алып, оған Арыс, Отырар, Бәйдібек, Созақ, Сауран, Кентау аумақтарынан 62 ауылдық округ әкімдері қатысты, оқу курсына толық қатысқандар арнайы сертификаттарға ие болды. Семинардың екінші легінде Түлкібас, Сайрам, Төлеби, Қазығұрт, Ордабасы аудандарынан 65 ауылдық округтерінің әкімдері қаржылық білімдерін жетілдіру үстінде.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы оқу курстарының бекітілген кесте бойынша өтуін тұрақты бақылауына алған.
Берік БЕК