Демек, халық пен билік арасында тығыз қатынас орнаған жағдайда өзекті мәселелер де, шешімін табатыны белгілі. Бүгінде Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығына сәйкес және жергілікті биліктің халықпен кері байланысын нығайту жөніндегі тапсырмасына орай, жергілікті билік өкілдері халықпен жиі кездесіп, есеп беріп, жеке қоғамдық қабылдаулар өткізіп тұрады. Мұндағы ортақ мақсат – халықтың билікке және жалпы мемлекетке деген сенімін арттыру.
Ең бастысы, азаматтардың сындарлы сауалдарына жедел әрі тиімді жауап беруді көздейтін тұжы-рымдама аясындағы тірліктің нәтижесі бар. Қазір халықтың жергілікті билікке деген қолжетімділігі жоғары. Бекітілген кестеге сай түзілген кездесулер, қабылдаулар кезінде өздерін мазалаған сауалдарын ашық, тікелей қоя алады. Осылайша, «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бүгінде әр әкімнің ұстанымына айналып келеді. Әсіресе, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің бекітілген кестеден бөлек, демалыс күндері және таң атпай ел ішінде жүргенін жиі байқаймыз. Күн сайын түрленіп, түлеп келе жатқан киелі Түркістан шаһарындағы қайнаған құрылыс алаңында, жөнделіп не болмаса салынып жатқан инфрақұрылым жұмысының басынан табылып жүр.
Мәселен, Түркістан қаласының өзінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен бекітілген жоспар бойынша қаладағы 6 сектор аумағында жыл сайын 2 реттен 12 кездесу өткізілуі керек. Дегенмен жоғарыда атап өткеніміздей, тұрғындармен бекітілген жоспардан тыс кездесулер жиі болып тұрады. Нұрбол Әбдісаттарұлы Түркістан қаласына әкім болып келген соңғы 3 жылда тұрғындармен 108 мәрте кездесу өткізіпті. Яғни, 3 жылда 6 сектор тұрғындарымен 36 рет кездесу жоспарланғанымен, оны 3 есеге артығымен орындаған. Қала басшысының тікелей қадағалауының нәтижесінде тұрғындарды мазалаған 1 215 сауалдың 1 203-інің шешімі табылып, бүгінде қалған 12 мәселе заң аясында қаралуда. Одан бөлек, 85 рет өткізілген жеке қабылдауда 924 адамды қабылдаған.
Ал жыл басынан бері 12 рет тұрғындармен жеке қабылдау өткізіп, 69 азаматтың өтінішіне құлақ түрген. Тұрғындардың өтініш-тілегі негізінде жауапты мекемелерге 80 тапсырма беріліп, оның қазірге дейін 56-сы орындалып отыр. Атап өтейік, тұрғындар өтініші негізінде орындалған жұмыстардың қатарында Түркістан қаласы Отырар шағын ауданындағы көпқабатты 36 үйге табиғи газ құбыры тартылды, Бекзат секторында саябақ құрылысы жүруде. Сонымен бірге О.Жарылқапов атындағы стадион қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Бекзат секторында екі жерде жаяу жүргіншілерге арналған теміржол өткелі салынып жатыр. Т.Бокин көшесіндегі көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылды. Тізімге қарасақ, осылайша жұмыс нәтижесі жалғаса бермек.
Түркі әлемінің туризм астанасы
Жуырда Түркістан қаласының соңғы жылдары бой көтеріп, көрікті қалаға айналған «Жаңа қала» аумағы мен көне Түркістанның байланысы аясындағы жұмыстардың барысын, тұрғындардың өтініші негізіндегі атқарылып жатқан шараларды таныстыру мақсатында баспасөз туры ұйымдастырылды. БАҚ өкілдері баспасөз туры барысында Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының шынында да сәт сайын көркейіп, ұлғайып, дамып келе жатқанын көріп, жергілікті биліктің жүйелі жұмысына тағы бәр мәрте көз жеткізді. Айтқандай, Түркі мемлекеттері ұйымының туризм саласы бойынша отырысында Түркістан қаласын Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы атағын беру туралы бастамасы қолдау тапқан. Былтыр өңірге 1 миллионға жуық қонақ келсе, биыл турист одан он есе көп келеді деп күтілуде. Облыс орталығы болған 6 жылда Түркістанда бір сәтке де құрылыс тоқтаған емес. Қонақтар әр келгенінде жаңадан қосылған әлеуметтік нысандарды, ойын-сауық орындарын, жаңа зәулім үйлерді көріп жатады. Мәселен, бір ғана тұрғын үйді айтар болсақ, 2020 жылы Түркістанда 496 пәтер пайдалануға берілген. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 2,3 есеге артып, 2023 жылы нақты 3 933 пәтер ел игілігіне ұсынылған. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер 9 есеге көбейіп, 3 жылда 199 тұрғын үйде 10 767 отбасы пәтер кілтін алды. Әне-міне пайдалануға берілгелі тұрған дайын тұрғын үйлер де бар. Дәл қазір Отырар мөлтек ауданында 5 қабатты 20 үйдің құрылысы қызу жүріп жатыр. 800 пәтерлі 5 қабатты 20 тұрғын үй құрылысы облигация есебінен (кредиттік тұрғын үй) басталыпты. Пәтерлерді нарық бағасынан төмен, яғни шаршы метрі 220 мың теңгеден несиеге ұсынбақ.
Түркістанда сонымен бірге жаңа қаламен бірге ескі қала да назардан тыс қалмаған. Бұл туралы Түркістан облыстық ардагерлер алқасының мүшесі Қыдырәлі Рысбеков айтып өтті. «Халық қаланы «Жаңа қала», «Ескі қала» деп ауызша екіге бөліп атайды. Алайда ескі қала да ескерусіз қалып жатқан жоқ. Облыс орталығы болған 6 жылда ауыз толтырып, мақтанып айтарлықтай жетістіктеріміз көп. Қаншама мәдениет, спорт, медицина, білім, демалыс орындары салынды. Міне, ескі қаламызда әдемі мәдениет үйі, оның жанында заманауи Жастар орталығы салынып жатыр. Қаламыз жасыл аймаққа айналды. Мұның барлығы да Президентіміздің қазіргі жүргізіп жатқан саясатының арқасындағы жұмысты жүйелі іске асыруда облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың орны ерекше екенін атап өткен жөн. Ұлтымыздың бақытты болашағына бірге жетейік», – дейді түркістандық ақсақал.
Иә, байырғы түркістандықтар отырған көне қалада да заманауи үлгідегі жаңа ғимараттар, жол құрылысы, инфрақұрылым жұмыстары қарқын алыпты. Ерекше стильдегі Жастар орталығында арнайы демалыс аймағы, стрит-воркаут алаңы, амфитеатр, электронды кітапхана бөлмесі құрылып, үйірмелерге арналған бөлмелермен, шағын спортзал және көпфункционалды залдармен қамтылмақ. Ал Жастар орталығының жанында тұрғызылып жатқан Мәдениет сарайы 500 орынға арналыпты. Құрылысы былтыр басталған нысан келер жылы пайдалануға берілмек. Мұнда өнерпаздарға арналған ашық алаңнан сахна, саябақ, автотұрақ және балалар ойын алаңшасы салынбақ.
Айта кетейік, жалпы дәл қазір облыс орталығында 61 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 8-і әлеуметтік нысан, 3 саябақ, 5 қабатты 20 тұрғын үй құрылысы мен 30 нысанда инженерлік инфрақұрылым жүйелері жүргізілуде. Бұдан бөлек, облыс орталығында 5 спорт кешенінің құрылысы қарқынды. М.Тұрсынов көшесінде орналасқан стадион жаңғыртылып, сондай-ақ «Парасат» саябағын реконструкциялау жұмыстары атқарылуда. Шаһарда Белсенді демалыс саябағы мен айналма жол бойында демалыс аймағы жасақталуда.
Жан мен тәнді қатар емдейтін орталық
Сонымен бірге тұрғындар сұранысы бойынша жуырда Бекзат мөлтек ауданында «Белсенді ұзақ өмір» орталығының №1-ші филиалы ашылыпты. Зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау мақсатында ашылған орталыққа келушілер саны 3 000-ға дейін жеткен. Мұнда жасында бейнет етіп, бүгінде оның зейнетін көріп отырған қарияларымызға барлық жағдай жасалған. Зейнет жасында күнұзақ үйінде отырғаннан гөрі осында келіп, өз қатарластарымен бірге шахмат ойнап, массажға, тұз шахтасына, түрлі жаттығу залына кіріп денсаулығын жақсартады, көңілін көтереді. Жан мен тәнді қатар емдейтін орталықта ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын іс-шара өтіп жатыр екен.
Бұл күні БАҚ өкілдері орталықтандырылған кәріз жүйесінің құрылысымен де танысты. «Бекзат» мөлтек ауданындағы 118 көшені қамтамасыз ететін жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын кәріз жүйесінің құрылысы қызу жүріп жатыр. Бұл – жоба-жоспар аясындағы бір ғана кәріз жүйесінің құрылысы. Белгіленген жобалар толықтай іске асырылған жағдайда қала аумағын кәріз жүйесімен қамту 80 пайызға жетпек.
Түркістанның бренді – шеберлер көрмесі. Иә, Түркістан қаласында қолөнер бұйымдарын жасау – ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан үрдіс. Қалада Turkistan Qol oner одағы қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Құрамында 115 мүше тіркелген. Сонымен қатар «Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебі» бар. Мектепте 475 оқушы өз өнерін шыңдап, ата дәстүрді игеруде. Түркістан қаласында қолөнершілерді қолдау мақсатында тұрақты түрде қолөнершілер көрмелері, сайыстар, іс-шаралар ұйымдастырылады. Түркістанға келген қонақтар міндетті түрде жергілікті қолөнершілердің қолынан шыққан бұйымды естелікке алып кетеді. Бұл да болса түркі елінің туризм астанасы атанған Түркістан қаласының бренді екені сөзсіз. Осы тұста тағы бір жәйтті айтсақ, туризм саласындағы еліміздегі алғашқы бейінді мемлекеттік университет Түркістанда осыдан 5 жыл бұрын ашылған. Халықаралық туризм және меймандостық университеті деп аталатын жоғары оқу орны биыл алғашқы түлектерін ұшырмақ. Өзінің білім беру бағдарламаларына дуальды оқыту элементтерін енгізген Қазақстандағы жалғыз бейінді жоғары оқу орны халықаралық және ішкі туризм, экскурсиялық қызмет көрсету мен жеке турларды ұйымдастыру, туристік дестинациялар менеджменті, ұйымдастырылған туризмді басқару және экскурсиялық-анимациялық қызмет, спорттық туризм, спорттық сауықтыру фитнесі мамандық ретінде алғаш рет осы университетте оқытыла бастапты. Бірқатар шетелдік оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімге ие білім ордасының бітірушілері биылдан бастап шетелде және елімізде туристік бағыттағы қызмет түрлерін көрсететін болады.
Қонақтар осылайша жергілікті билік тарапынан Түркістанда түркі елінің туризм астанасына лайықты көз сүйсінер тындырымды тірліктің бар екенін, халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының іс жүзінде нақты жүзеге асып жатқанын көзбен көрді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы