Месқобыз қазаққа керек емес пе?

Әлемде музыкалық аспаптарды зерттеу ғылымы органология деп аталады. Яғни, орган – музыкалық аспап, логос – зерттеу. Оның ішінде, қолмен ойнайтын немесе үрлеп тартылатын деп бірнеше салаға бөлінеді.

Қазақ халқының ұлттық органологиясы өткен ғасырдың 60-70-жылдары қолға алынып, ғылыми-зерттеу басталып кетті. Басы-қасында жүріп, көптеген дәстүрлі музыкалық аспапты қайта жаңғыртқан Болат Сарыбаев еді. Бүгінгі жазбағымыз да осы Болат Шамғалиұлының еңбегінің бір жемісіне қатысты болмақ.

Месқобыз – ұлттық үрлемелі музыкалық аспап. Теріден жасалып, арнайы түтікшілері арқылы дыбыс шығаруға болады. Яғни, дыбыс шығару ауызбен үрлеу арқылы жүзеге асырылады. Егер әлемдік органология ғылымындағы музыкалық аспаптардың жіктелуін қарасақ, темірден не ағаштан жасалатын үрлемелі аспаптар бар екенін көруге болады. Месқобыз осы классификацияда – теріден жасалып, үрлеу арқылы дыбыс шығаратын музыкалық аспаптар тобына кіреді.

Осы жерде ескере кететін бір жайт бар. Қазіргі Григориан күнтізбесі бойынша 2 мың жылдан сәл асқаны болса да, жалпы әлемнің пайда болғанына он мыңдаған жыл өтсе де, бір өзгермес қағида бар. Ол – барлығы бір-біріне ұқсау заңдылығы. Жер шарының екі түрлі нүктесінде тұрса да, бір уақытта бір нәрсені ойлап табатындар жоқ емес. Дәл осы тұжырым музыкалық аспаптарға да қатысты. Біздің өнеріміз қаншалықты дербес, бірегей десек те, домбыраға, қобызға, сыбызғыға ұқсас музыкалық аспаптарды алыс-жақыннан табу қиынға соқпас. Бұл месқобызға қатысты да сөз.

Месқобыздың әлем бойынша «ағайындары» көп. Ең танымалы шотландық «волынка» (өз тілінде bagpipe – ред.) болса, армянда паркапзук, болгарда «гайда», латыш пен белорусьта «дуда», испан мен португалда «гайта» деп аталады. Барлығының түр сипаты бірдей болғанымен, ұлттық ерекшелігі бар өзгешеліктерін байқауға болады.

 

Болат Сарыбаев бұл аспаптты қайта жаңғырту ниетін өткен ғасырдың 80-жылдары қолға алса керек. 1981 жылы жарық көрген «Қазақтың музыкалық аспаптары» еңбегінде месқобыз жайлы кездестірмесек те, қолжазбаларында аспап жайлы ақпарат сақталған. Аспаптың алғашқы жасалу жолындағы эксперимент жайлы Болат Шамғалиұлының жанында жүріп, дәстүрлі музыкалық аспаптардың қайта жаңғырғанының куәсі болған Бейсен Жүнісов: «Болат Сарыбаев пен Жарқын Шәкәрім ағамыздың айтуы бойынша, 1982 жылы ауылдан лақтың терісін бүлдірмей сыдырып, аяқтарына қамыссырнай салып тартқан едім», – деп еске алады.

Месқобыздың үлкен сахнаға алғаш шығып, тарих үшін таспаланып қалғаны 1983 жылдың желтоқсан айы екен. «Отырар сазы» оркестрінің Мәскеудегі жеке концертінде күйші Сансызбай Оразалы Ықылас күйшінің «Қамбар батыр» күйін оркестрдің сүйемелдеуімен орындап шыққан.

Сансызбай Оразалының өзі бұл жайлы келесідей еске алады: «Отырар сазы» оркестрі ашылғанда Нұрғиса Тлендиев ағамыз Отырар ауданына барып, мұражайдағы месқобызды көрсеткен. Ол кезде шыны сөренің астында тұрған. Кейін осы аспапты меңгеру үшін арнайы Латвияға барып, үйреніп, сахнаға алып шыққанымыз бар».

Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері Ерлан Бақтыгерей месқобызбен бертінге дейін күй шертіп жүргенін айтады. «Месқобыз 1997 жылға дейін оркестрде осы «Қамбар батыр» күйін орындап жүрдік. Соңғының бірі болып қазір Астанада тұратын Қайсар Аламанов есімді азамат ойнаған», – дейді.

Сонымен қатар бұл аспапта өнер көрсетіп, көнені жаңғыртқан басқа да өнерпаз болғанын білдік. Бұл жайлы бізге Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының докторанты Әсет Жұмабаев баяндап берді: «Месқобыз аспабында көп жыл марқұм Еренсіз аға Маханов ойнады. «Қамбар батыр» шығармасы орындалған видеодағы оркестр құрамында бар. «Отырар сазы» оркестрінде жұмыс істеп жүрген жылдары Ж.Темірғалиев, С.Мәлімбай сияқты дирижерлер өз уақытында осы аспапты қайта жаңғырып, Еренсіз Махановтың тартуымен месқобызды сахнаға алып шығып жүрді», – деді. Ашық дереккөздерден табылған мәліметке сәйкес, Есенсіз Маханов 2016 жылы жарыққа шыққан «Қазақ хандығы. Алмас қылыш»  фильміне жазылған музыкаға месқобыздың үнін қосқан.

 

Мақаламыздың нысаны болып отырған месқобыздың халық арасында басқа да атаулары бар. 2012 жылы жарыққа шыққан Зәбира Жәкішеваның «Аспаптану» еңбегінде осы аспаптың «мессырнай», «желбуаз», «желқабыз», «тұлып сырнай» деген атаулары болғанын оқуға болады. «Тұран» ансамблінің мүшесі Бауыржан Бекмұханбет бұл жайында: «Аспаптың атауы көп болғандықтан, бір тоқтамға келу керек болды. Сондықтан 2015 жылы өзіміз қызмет еткен Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейінде ғылыми кеңес өткізіп, атауы «мес сырнай» деп бекіткенбіз», – дейді.

Бұл жайлы мәліметті tengrinews.kz сайтынан да таптық. 2015 жылдың 17 қарашасында музейдегі жиын жайлы жаза келіп, келесідей ақпарат таратыпты: «Ғылыми кеңеске ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жарқын Шәкәрім, доцент, күйші-домбырашы «Көкіл» музыка мектебінің директоры Абдулхамит Райымбергенов, дирижер Жалғасбек Бегендиков, аспаптанушы, т.ғ.д. Зәбира Жәкішева, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Гүльфайруз Далбағай, ХМАМ-ның директоры және өзге де музыка саласының зерттеушілері қатысты. 

Ғылыми кеңес аспап атауы турасында талқылау, пікірталас жасай отырып, нәтижесінде оны «мессырнай»  деп атауды жөн көрді. 

«Мес сырнай» сөзі «мес» және «сырнай» сөздерін әдейі қосып айтқаннан шыққан. «Мес» сөзі айтылғанда кез келген қазақтың санасында алдымен сусын құятын үлкен тері ыдыс елестейді. Ал «сырнай» жеке үрмелі музыкалық аспаптың атауы. Меске сырнай аспабын жалғағандықтан пайда болған деген ұғым береді».

Сөз соңында аспаптың  жай-күйі жайлы тоқталып өтейік. Бүгінде музыкалық аспаптың неге мүлдем қолданылмайтынын білуге тырыстық. Музыкалық аспап жасау шебері, «Тұран» мен «Хассақ» тобының экс-мүшесі Азамат Бақия аспапты жасау үшін арнайы құрылғылардың жоқтығын айтады. «Мен бұл аспапты 2015 жылы жасағанмын.  Қазір «Тұран» ансамблінде болуы керек. Ары қарай зерттеп, өңдеп, дамытуға болар еді. Бірақ бір-екі станоктың жоқтығы жұмысымызды тоқтатты. Бірнеше рет мемлекеттік гранқа осы аспапты жасайтын станокты алуға өтініш жазсам да, реті келмеді», – дейді Азамат Бақия.

Бұған дейін Кәлек Құмақайұлының сыбызғымен тартқан күйлері туралы жазған болатынбыз. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.