CNBC телеарнасы Apple қытайлық нарықта үлкен жеңілдіктер ұсынатынын жариялады. Тағы қандай өнімдер арзан бағаға сатылатынын Aikyn.kz америкалық телеарнаға сілтеме жасап хабарлайды.
6-шы айдың 18-інде ашылатын 618 сауда фестивалінде Apple компаниясы Huawei сияқты жергілікті бәсекелесінен қалып қалмас үшін өз өнімдеріне үлкен жеңілдіктер беретінін мәлімдеді. JD.com және Alibaba-ның Tmall электрондық коммерция алаңдары дүйсенбіден бастап 618 фестивалінің қарсаңында арнайы науқан жариялап, iPhone үлгілерін 20% жеңілдікпен сата бастады.
Науқан аясында 256 ГБ iPhone 15 Pro Max смартфоны 1 120 АҚШ долларына сатылды, бұл ақпан айындағы бастапқы 1 390 доллардан едәуір төмен.
Жеңілдіктер науқаны сауда фестивалімен сәйкес келгенімен, үлкен жеңілдіктердің себебі «Қытай нарығындағы iPhone сатылымының баяулауына байланысты болуы мүмкін» дейді Canalys маркетингтік зерттеу фирмасының талдаушысы Ле Суан Чаве.
Tmall және JD.com алаңдары – Apple компаниясының Қытайдағы басты сату арналары. Биылғы 618 сауда фестивалі екі сатылым кезеңін қамтиды: 20-28 мамыр және 31 мамырдан 20 маусымға дейін.
Компанияның веб-сайтында айтылғандай, Apple сонымен қатар қытайлық тұтынушылар iPhone 11 немесе оған дейінгі телефондарын сатқан кезде iPhone 15-ке 850 долларға дейін жеңілдіктер ұсынады.
Қытайлық Huawei телекоммуникациялық алпауыты өткен жылдың соңында АҚШ бұл компанияға жетілдірілген чиптерді шектегеннен кейін де жаңа смартфон үлгілерін шығаруды жалғастырғаны белгілі. Содан бері Huawei қытайлық нарықта iPhone-ды ығыстыра бастады. Қазіргі жеңілдіктер Apple-дің қытайлық тұтынушылар үшін күресін көрсетеді.
Биылғы жылдың алғашқы 3 айында Apple компаниясының Қытайдағы сатылымы өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 25%-ға төмендеп кеткен. Нарықтағы үлесі де 20%-дан 15%-ға түскен.
Мына әзіл видеоны көрген адам жеңілдікпен сатылатын iPhone смартфонын міндетті түрде сатып алады. Өйткені ол жақсы телефон:
Ал Huawei болса iPhone-ға бәсекелес өзінің жаңа жоғары сапалы Pura 70 смартфондар сериясын таныстырды.
Дегенмен Қытайдағы қиындықтарға және қаңтар-наурызда жаһандық iPhone сатылымының 10%-ға төмендеуіне қарамастан, Apple мамырдың басында кірістің күрт өсуі мен акцияларды жаппай сатып алудан кейін инвесторлардың сенімін сақтап қалды. Apple 1-тоқсандағы жалпы кірісін 46,6%-ға арттырған, бұл негізінен қызмет көрсету бизнесінің өсімі арқасында қол жеткізген көрсеткіш болды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.