Алдағы жалпы отырыста Мәжіліс Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының Үкіметтері арасындағы бірқатар келісімді ратификациялайтын болады.
Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім көлік-транзиттік және сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға бағытталған.
Ал Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісім Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша мультимодальды тасымалдарды дамытуды көздейді. Бұл Қазақстан мен Қытай аумақтары бойынша жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісім екі елдің аумағы бойынша контейнерлік пойыздар үшін экспорттық-импорттық, транзиттік тасымалдарды ұлғайту жөніндегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуды көздейді.
Жалпы отырыстың күн тәртібі жобасына Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісім де бар. Құжат түркі мемлекеттері арасында теміржол, су және автокөлік арқылы жүк тасымалдау көлемін арттыруға жол ашады.
Сонымен қатар депутаттар Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне (Балық аулау субсидиялары жөніндегі келісім) өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын талқылайды. Оның мақсаты – дүниежүзілік мұхитқа шығатын теңіздердің балық ресурстарын заңсыз, хабарланбайтын және реттелмейтін кәсіптік аулауға ықпал ететін субсидияларды шектеу жолымен сақтауды қамтамасыз ету.
Депутаттар екінші оқылымда мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарайды.
Сондай-ақ Мәжіліс комитеті «Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алатын болады.