28 жылдық белес

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымы 28 жылдық белесті ENU Family day форматында атап өтті. Мерекелік іс-шарада университет қызметкерлері, студенттер мен сан салада еңбек етіп жүрген түлектер бас қосты.

Университеттің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов әріптестерін, студенттерді құттықтай келе оқу орнының алдағы мақсат-міндетіне аз-кем тоқталды.

«Тағы бір жылды артта қалдырдық. Бұл күні біз өткеннен қорытынды шығарып, жаңа мақсат-мұратқа талпынамыз. Биыл біз үшін жемісті жыл болды. Ауқымды жобаларды іске асырдық. Елдегі университеттердің тарихында алғаш рет инвестициялық форум өткіздік. Оған 30-дан астам жетекші бизнесмендер қатысты. Форум қорытындысы бойынша ірі компаниялармен 20 миллиард теңгеге келісімшартқа отырдық. Алдағы жылы жатақхана мәселесі шешіледі. 2 600 орындық жатақхана кешені, дәрігерлік амбулатория салынады. Біз жаңа «EҰУград» қалашығын саламыз. Осы берекелі бастаманың барлығы ұжымның жетістігі деп білеміз», – деді ол.

Осы күні қонақтар университетке қарасты ұлттық-мәдени орталықтардың жәрмеңкесін тамашалады.  Конфуций институты (ҚХР), венгр тілі орталығы, Kultigin Club (Түркия), «Энрико Маттей» итальян мәдениеті орталығы, «Руй де Клавихо» атындағы испан тілі орталығы, Қазақстан-Беларусь ғылыми ынтымақтастық орталығы, қырғыз тілі мен мәдениеті орталығы және басқа да орталықтар салт-дәстүрін, ұлттық тағамдарын таныстырды. Универсиетте білім алатын шетелдік студенттер де дәстүрге айналған іс-шарадан қалыс қалмады. Мысалы, Йеменнен келген Ақпараттық технологиялар факультетінің 2-курс студенті Башар Аль Сабал еліміздің жетекші университеттерінің бірінде білім алып жатқанына дән риза.

– Өзім Ақпараттық технологиялар факуль­тетінде оқимын. Осы сәтті пайдаланып, университет оқы­тушыларының кәсіби біліктілігі жоғары екенін атап өткім келеді. Білім сапасы жоғары бол­ған соң студенттерге қойылатын талап та жо­ғары. Біз сол талаптың үдесінен шығып, ке­ле­шекте білікті маман атануға тырысамыз, – дейді ол.

Мереке қарсаңында университет ұжымы, қо­нақтар зергерлік, тоқыма бұйымдары, ұлттық киімдер тізілген қолөнер көрмесін тамашалады. Ізінше қазақ күресінен өткен «ENU BARYSY – 2024» турниріне, садақ ату, арқан тартыс, асық ату сынды ұлттық ойындарға қатысып, қы­зықтады.

Университет ұжымының осы жылдар ішінде жеткен жетістігі көп.  Мереке қарсаңында үздік оқытушылар, озат студенттер министрліктің, университеттің наградаларымен марапатталды.  Осы тұста университеттің «Қонақжайлылық және демалысты басқару» атты білім беру бағ­дарламасы алғаш рет әлемнің үздік 50 уни­верситетінің қатарына енгенін атап өткен жөн.  Өйткені университет бұл бағыт бойынша ең үз­дік елулікке енген Орталық Азиядағы жалғыз жо­ғары оқу орны саналады.

Ербол ЕРДЕНБЕК