«Қызымның шашын жұлып, мұзға басын соққан» – ұстаз Тамара Шакированың шағымына кім жауап береді?
«Қызымның шашын жұлып, мұзға басын соққан» – ұстаз Тамара Шакированың шағымына кім жауап береді?
160
оқылды
Санавар Закирова ҚР еңбек сіңірген ұстазы Тамара Шакированың қызын соққыға жыққан. Оқыс оқиғаның себебі – оның сотта сөйлеген сөзі үшін кек алу. Тамара Шакирова Facebook-тегі парақшасына өз үйінде болған жағдай туралы баяндаған. «8 наурыз, Халықаралық әйелдер күні, үйімізде сұмдық жағдай орын алды. Ол кезде үйде емес едім. Үйде қызым болған. Оны алдымен далаға шақырып алып, Закирова мені балағаттапты. Қызым оны тоқтатпақ болғанда басынан ұялы телефонмен ұрып, жерге құлатып, басын мұзға бірнеше рет соққан. Қызым есін жоғалтып алды. Полиция келгенде ол тіпті, өз қолымен арыз да жаза алмады. Ал, кешке жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем шақыруға тура келді. Қазір ол ауруханада» деп жазды Т.Шакирова өзінің Facebook-парақшасында. Біз Тамара Шакироваға хабарласып, жағдайды білдік. Сөйтсек бұл даудың басы 2019 жылдың күзінде басталған екен. Сол кезде сот Ильяшев, Тұрымбетова мен Закироваға Nur Otan партиясы «Наше право» аталатын өз партияларын құруға тосқауыл болғаны туралы таратқан мәліметті теріске шығарып, көпшілік алдында кешірім сұрау жайлы және өтемақы төлеу туралы міндеттеген. Олар сот шешімімен келіспей, істі аппеляцияға тапсырған. Аппеляцяилық сот шешімді бұрынғы күйінде қалдырған. Міне, осы жағдайдан кейін Шакированың айтуынша, олардың бірі – Санавар Закирова арам оймен оның үйіне келген. «70-тен асқан шағымда мен оларға барып «Жігіттер, сендер жассыңдар. Жарайды. Өз патриоттықтарыңды танытып партия құрасыңдар. Дегенмен патриотизм жұдырықпен шешілмейді. Біз өркениетті мемелекетпіз. Туындаған мәселелерді де өркениетті түрде шешуге тиіспіз» дедім. Олар мені кәрі қақпас деп, аузымды жауып үйде отыруым керектігін ескертті. Оларды партия сотқа берген кезде мен талапкер ретінде сотқа қатыстым. Сот олардың ісін заңсыз деп танып, іс біздің пайдамызға шешілді. Олардың маған тісін қайрап кеткені түсіме де кірген жоқ. Осылайша Халықарлық әйелдер күні біздің үйге келеді. Әлгі әйел («Санавар Закирова» - ред) арам оймен келіп, мен үйде болмаған соң бар ашуын қызымнан алады. Дұрыс адам үйге келуші ме еді. Мені ол білмейді, сөйте тұра өзінің соншалық агрессивті екенін көрсетті. Менің жасым 70-тен асып кеткенін біле тұра, сонда мені бас салмақ болып келген бе?» дейді ол. Тамара Шакированың айтуынша, ол сұмдық жағдай орын алған күні үйде болмаған. Үйде жалғыз болған 39 жасар қызы есік қоңырауына жауап бергенде, оны сот шешімін орындаушылармыз деп алдап сыртқа шақырады. «Менің қызым өте сабырлы жан. Қызым сыртқа шыққанда мені балағаттай бастайды. Қызымның сабырлы қалпын байқаған ол ақырында алғашында телефонмен басынан соғып, сосын шашынан жұлады. Бір уыс шашын жұлып алған ол оның басын мұзға соға бастайды...» дейді Тамара Шакирова. Кейуананың айтуынша, осы кезде құрбыларын құттықтауға кеткен немересі келіп, шешесінің жағдайын көріп шошып кеткен. Дереу полиция шақырады. Бұл кезде Тамара Шакированың қызы жартылай ес-түссіз жағдайда болған. Тіпті ойын жинақтап, арыз жазуға да шамасы келмеген. «Қызым заңгер. ҚазҰУ-ді тәмамдаған. Жоғары білімді маман бола тұра, ол екі сөздің басын құрай алмаған. Сол кезде жедел жәрдем мен полиция келіп, арызды немерем жазуға тура келген. Қызымның денесі ісіп кеткен, еріндері көкпеңбек. Оны қанша уақыт соққының астына алғанын ешкім білмейді. Қызым – менің жалғыз балам. Оның осындай ахуалын көргенде... Оның жұлынған шашын  көргенде... Қан қысымы көтеріліп, дамылсыз құса бергеніне қарап ол қатты соққы алды деп ойлаймын. Мына жағдайына қарағанда миы шайқалғаны анық. Қазір ол ауруханада жатыр» дейді Шакирова. Осы жағдай туралы тиісті органдарға шағым түсіргенмен Санавар Закирова бостандықта жүр және әлеуметтік желілерде белсенді түрде жазба қалдыруда.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ