Дипломатия мен диалог таңдауы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі күндік мемлекеттік сапармен Сингапурға барды. Сапар барысында ол Синга­пур Республикасының Пре­зи­денті Тарман Шанмугарат­нам­­­мен келіссөз жүргізді. Бірқатар мем­лекеттік қызмет және іс­кер­лік орта өкілде­рі­мен кез­де­сіп, қабылдау өткізді. Биз­­нес форумда сөз сөй­леп, 46-шы Сингапур лек­ция­сын оқып, ректорлар фо­ру­­мына қа­тысты.

Сингапурға мемлекеттік са­пар­мен келген Қасым-Жомарт Тоқаевты Istаna сарайында Пре­зи­дент Тарман Шанмуга­рат­нам күтіп алды.

Келіссөздердің алдында рес­ми қарсы алу рәсімі өтті. Қа­зақ­стан мен Сингапурдың мем­ле­кеттік әнұрандары шырқа­лып, Құрмет қарауылы ро­та­сы­ның бастығы екі ел басшыларына ра­порт берді. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тар­ман Шанмугаратнам бір-біріне рес­­ми делегация мүшелерін та­­ныстырды. Мемлекет бас­шы­сы Президент сарайындағы Құр­метті қонақтар кітабына ес­­телік жазба қалдырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Синга­пур­ды уақыт сы­ны­нан өткен се­німді серіктес са­найды. Бү­гін­де Қазақстанда 140-тан астам сингапурлық ком­­пания мен бірлескен кәсіп­орын жұмыс іс­тейді.

Бұл ретте Сингапурдың Қа­зақ­стан экономикасына салған ин­вестициясы 1,7 миллиард дол­­лардан асты. Пандемия сал­­дарынан туындаған эконо­ми­калық қиындықтарға қара­мастан, екіжақты сауда көлемі көп ұзамай 2 миллиард доллардан асады.

Президенттер өзара тиімді инвестициялық жобаларды ілгері­лету, соның ішінде екіжақты қа­тынастардың құқықтық база­сын нығайту арқылы күш-жігер біріктіруге уағдаласты. Бұдан бө­лек, тараптар білім беру және адам капиталын дамыту ба­ғыт­тарындағы ынтымақтасты жан­дандыру қажет деп санайды.

Одан соң Мемлекет басшысы Син­гапур Премьер-министрі Лоу­ренс Вонгпен кездесіп, оны жақында Сингапурдың Пре­мьер-министрі лауазымына таға­йындалуымен құттықтап, жаңа мемлекеттік қызметіне та­быс ті­леді. президент Син­гап­ур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы стратегиялық серіктесі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы көпжылдық ықпал­дастыққа жоғары баға берді.

«Біз Сингапурмен арадағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға баса мән береміз. Екі ел арасындағы тығыз байланыстың ұзақ жылдар бойы берік дәстүрі қалыптасқан. Мен Сингапурмен қарым-қатынас  орнатуға тікелей атсалыстым. 1970-жылдары жас дипломат ретінде маған Син­гапурда қызмет ету бақыты бұйы­рды. Өзім жұмыс істеген жердің мекенжайы да әлі есімде – Nassim road 51», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал Сингапур Премьер-ми­нистрі өзара тиімді ынтымақ­тас­тықты дамыту үшін мол әлеует бар екенін атап өтті. Екі елдің экономикасы бір-бірін толықтыратынын және Сингапур АСЕАН елдерімен ықпалдастықты кеңейтуде Қазақстан үшін өзіндік хаб бола алатынын, ал Қазақстан Сингапурдың Орталық Азия ел­дерімен ынтымақтастығын ны­ғайтуға ықпал ететінін мәлімдеді.

Сапар барысында Мемлекет басшысы Сингапур Премьер-министрінің орынбасары – Экономикалық саясат жөніндегі үйлестіруші министр Хенг Суи Кеатты, Temasek Holdings компаниясының бас дирек­торы Дилхан Пиллэйді, Indorama корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Амит Лохианы, Сингапурдың аға министрі – Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіруші министр Тео Чи Хинді қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тео Чи Хин екі ел арасындағы саяси және экономикалық ын­ты­мақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын тал­қылады. Мемлекет бас­шы­сы Астананың сенімді диа­логке, бе­рік сауда және инвес­тиция­лық байланыстарды одан әрі ны­­ғайтуға негізделген екі­жақ­­­ты серіктестіктің жаңа ке­­зеңіне жол ашуға дайын еке­ніне тоқталды. Бүгінгі 46-шы Син­га­пур лекциясында аймақтық қауіпсіздік, тұрақтылық және орнықты даму тақырыбы бо­йын­ша сөз сөйлеу зор мәртебе екенін жеткізді.

Өз кезегінде Сингапурдың аға министрі Тео Чи Хин Оңтүс­тік-Шығыс Азияны зерттеу ин­­ститутына келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол әлеуметтік-саяси үр­діс­терді, өңірдегі қауіпсіздік мәселелерін және экономикалық жағдайды зерттеуде Қазақстан Прези­­дентінің дәрісі өзекті сана­ла­тыны­на тоқталды.

Сондай-ақ Мемлекет бас­шы­сы мен Сингапурдың аға министрі халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Тео Чи Хинге өзінің «Беласу. Дип­ломатиялық очерктер» кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасына қолтаңба берді. Айта кетерлігі, Тео Чи Хин бұл кітапты Қазақстанға жасаған сапарында сатып алып, зор ықыласпен оқып шыққан.

Сапардың алғашқы күні Мем­­­лекет басшысы Қазақстан-Сингапур бизнес форумында сөз сөйлеп, жиынның жабылу рәсіміне қатысты. Өз сөзінде ол Қазақстан Сингапур стиліндегі экономикалық реформалар жүр­­гізетін, мол мүмкіндіктер ұсы­натын және экономикасы қар­қын­ды дамып келе жатқан ел еке­нін айтты.

«Елімізде еркін нарықты да­мытуға, инновацияны ын­та­лан­дыруға және білімге негіз­делген экономикаға көшуге бағыт­тал­­ған ауқымды реформалар бас­талды. Бұл реформалар ең жоғары халықаралық стан­дарт­тарға, соның ішінде ЭЫДҰ стандарттарына сай ке­­леді. Жақында мен ұлттық эко­­номиканы айтарлықтай ырық­тандыруға негіз қалайтын маңызды Жарлыққа қол қойдым. Қазақстан аймақтағы инвестиция тарататын негізгі орталық болып қалуы үшін жаңа инвестициялық циклді іске қостық. Стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қа­рай шетелден 150 миллиард дол­лар тікелей инвестиция тарту. Біз инвесторларға кешенді мем­­лекеттік қолдау көрсету және шұғыл шешім қабылдау қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Осы мақсатта стратегиялық, инвестициялық жобаларға жетек­шілік ететін құзыреті жоғары Инвестициялық кеңес құрдық», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­­зақ­стан мен Сингапур гео­гра­фия­лық жағынан алшақ ор­наласқанына қарамастан, саяси және экономикалық тұрғыда сенімді серіктес елдер екеніне әрі солай болып қала беретініне назар аударды.

«Біз Оңтүстік-Шығыс Азия­дағы жетекші серіктесіміз – Сингапурмен берік қатынастарды жоғары бағалаймыз. Былтыр екі­жақты сауда көлемі 1,8 миллиард долларды құрады. Сингапурдың Қазақстанға құйған инвестициясы 1,7 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары бұл көрсеткіш есе­лене түседі деп санаймыз. Осы орайда, екіжақты серіктестікті дамыту үшін берік құқықтық негіздің болуы аса маңызды. Біз Инвестицияны көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімді ратификацияладық. Бұл құжат инвестициялардың жоғары деңгейде қорғалуын қамтамасыз етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ынты­мақ­тастықтың бірқатар перспек­тивті бағытын айқындап берді. Президент қаланы дамыту сек­торын бірінші бағыт ретінде ата­ды. Қазақстанның Сингапурға аса маңызды шикізат пен та­би­ғи ресурстарды жеткізуге да­йын екенін айтты. Сингапур ком­панияларын экологиялық таза энергия өндіру, аталған салада технология және тәжірибе алмасу үшін серіктестікті кеңейтуге шақырды. Жиын аясында Алматы облысындағы аса ірі Alatau City жобасын іске асырудың маңызды аспектілері талқыланды. Форум аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың және Сингапур Республикасы Премьер-министрінің орын­басары – Экономикалық саясат жөніндегі үйлестіруші министр Хенг Суи Кеаттың қатысуымен коммерциялық құжаттарға қол қою рәсімі өтті.

Сапар барысында Президент SOVICO Group компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен, Сингапурдың үшінші Премьер-министрі, аға министрі Ли Сянь Лунмен кездесті.

Үшінші Премьер-министрмен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Азиядағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі Сингапур­мен ынтымақтастықты жоғары ба­­­ға­лайтынын атап өтті. Оның айтуынша, жуырда ел бас­шы­лығының ауысқаны Син­гапур үшін маңызды кезең болды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайлы сәтті пайдалана отырып, Ли Сянь Лунды Сингапурдың аға министрі қызметіне кірісуімен құттықтады. Президент ел басшылығының үшінші буыны теңдікке, мери­тократияға, тиімді басқару мен әлеуметтік үйлесімділікке негізделген табысты әрі ұшқыр ойлы ұлт қалыптастыру секілді Ли Куан Ю мұрасының озық үл­гі­сін сақтап, дамытып келе жат­қанына назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Сянь Лунның 20 жыл ішінде Қазақстан мен Сингапур арасындағы жан-жақты серіктестікке айтарлықтай үлес қосқанын әрі еліміздің шынайы досы екенін айтты.

Өз кезегінде Ли Сянь Лун екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудың ма­ңыздылығын атап өтті. Оның ай­туынша, Сингапур Қазақ­станмен стратегиялық әріптестікті одан әрі жалғастыруға ниетті.

Мемлекеттік сапардың екін­ші күні Мемлекет басшысы 46-шы Сингапур лекциясында «Қа­зақ­стан және орта держава­лар­дың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақ­тылық пен орнықты дамуды ілге­рі­лету» атты тақырыпта дәріс оқыды. Президент жаһандық қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету ісіндегі орта державалардың атқаратын рөлі туралы ой-пікі­рімен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақстанда инвестициялық сая­сат және экономиканы әртарап­тандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтты. Қазақстан мен Сингапур сияқты жаңадан пайда болған «орта дер­­­­жава­лардың» рөлі туралы па­­­­йы­м­­дай келе, жаһандық қа­уіп­­­сіздік ландшафтында мол мүм­кіндіктерге жол ашып қана қоймай, едәуір қауіп те төндіретін елеулі өзгерістерге назар аударды. 

Бұл ретте Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан жолымен алға қадам басып келе жатқан еліміз жауапты дипломатияның қағидаттары мен құндылықтарын қатаң сақтауға бейілді екенін жеткізді.

«Барлық сыртқы серіктестері­міз Астананың қандай ұстанымда екенін жақсы түсінеді. Сондықтан бізді сенімді әріптес санайды. Біз «Жаһандануды жақтайтын Қазақстан» ретінде бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас жасауды жалғастыра береміз. Бұл – біздің еліміздің сыртқы саясаттағы бағ­дары. Тұрақсыздық ұзақ уа­қытқа созылған жаңа дәуірде тек осылай ғана жетістікке жете аламыз. Сол себепті бізге қазіргі қалыптасқан ахуалға бей-жай қарауға болмайды. Дүниежүзімен ашық қатынас жасай отырып, біз сыртқы сын-қатерлерге қарсы күресте қырағылық танытып, проактивті түрде әрекет етеміз. Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің басты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз. Кейде біздің ұстанымымызға күмәнмен қарайды, бейтараптығымыз үшін сынайды. Бірақ мұны өз көзқарасы, сенімі жоқ деп қабыл­дамаған жөн. Керісінше, оны қақтығыс пен мәжбүрліктің орнына саналы түрде дипломатия мен диалогті таңдау деп тү­сін­­ген абзал. Бұл таңдау – тер­риториялық даулардан бастап идеологиялық қақтығыстарға де­йінгі түрлі қайшылықты еңсеруге септігімізді тигізуге мүм­кіндік беретін біздің мықты қырымыз», – деді Президент.

Мемлекет басшысы түрлі жаһандық түйткілді шешу ісіне Сингапур дипломатиясының елеулі үлес қосып отырғанын айтты.

«Сингапур 2015 жылы ҚХР Тө­рағасы Си Цзиньпин мен Тай­ванның бұрынғы Президенті Ма Инцзю арасындағы бүкіл әлем көз тіккен кездесуді және АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы тарихи саммитті ұйымдастыруға ұйытқы болды. Біз мұны өте жоғары бағалаймыз», – деді Пре­зидент. Ол биыл қыркүйек айында өтетін БҰҰ-ның Келешек саммиті қарсаңында әлемдік қоғамдастықты өзара кеңесу және инклюзивтілік қағидаттарына негізделген көпжақты ұстаным туралы ойлануға үндеді. Көпұлтты және көпконфессиялы қоғам Қазақстан мен Сингапурдың ұтым­­ды тұсы саналады. Соны­мен қатар Мемлекет басшысы Ор­­талық Азия және АСЕАН ел­­­дерінің халықаралық қатынас­тардағы рөлі туралы пікір біл­дір­ді. Сөзін қорытындылай келе, өз­ара сыйластық пен ортақ мақ­саттарға негізделген әріптестік қатынастарды нығайтуға және баршаға ортақ бейбіт әрі жарқын болашақ құру жолында күш біріктіруге шақырды.

Осыдан соң Мемлекет бас­шы­сы Қазақстан-Сингапур рек­­торларының «Ғылым мен жо­­ғары білім саласындағы әр­іп­­тестіктің жаңа шыңы» ат­ты форумына қатысты. Өз сөзінде ол Қазақстанда шетелдік же­тек­ші университеттердің фи­лиал­дарын ашу, халықаралық институттармен бірлесіп ұдайы зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін елімізге дәйекті тәсіл қажет екенін айтты. Қазақстанның «Болашақ» бағдарламасы арқылы Сингапурға зерттеушілер мен ғалымдарды жіберуге ниетті екенін жеткізді.

Сонымен қатар форумда Сингапурдың Білім министрі Мұхаммед Малики Осман және Сингапур ұлттық университетінің президенті, профессор Тан Энг Чие сөз сөйледі. Шараға Қа­зақстан мен Сингапурдың жоғары оқу орындары мен ғылыми орта­лықтарының 150-ден астам өкілі қатысты.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ