Заң жобасын әзірлеуде бастамашы топтың басы-қасында болған Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайға қазақы асылтұқымды жылқы шаруашылығының бүгінгі жай-күйі және отандық ат спортын дамыту мәселелері төңірегінде бірнеше сауалымызды қойған едік.
– Аманжол Дүйсенбайұлы, сіздердің бастамаларыңызбен, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң жобасының қолданыстағы заңнан айырмашылығы қандай?
– Қазіргі қолданыстағы заң аясында мемлекеттік қолдау шаралары тек өнім, ет, сүт бағытындағы жылқы өндірісіне ғана көрсетіледі. Осыған байланысты Парламент депутаттарының бастамашылдығымен қолданыстағы заңға бірқатар өзгеріс енгізіліп, заң жобасын дайындадық. Басты мақсат – мемлекеттік қолдау көрсету арқылы отандық спорт бағытындағы жылқы тұқымын қалпына келтіру және асылтұқымдық қасиеттерін жақсарту, арттыру. Нақтылай айтқанда, заң жобасында «Асылтұқымды мал шаруашылығы туралы» және «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында «асылтұқымды жануар» және «тұқым стандарты» ұғымдары өзгертілмек. Соған сәйкес, асылтұқымды малдың фенотиптік және өнімдік көрсеткіштерімен қатар жылқылардың жұмысқа қабілеттілігі, ептілігі, төзімділігі сияқты басқа да пайдалы қасиеттері тұқым стандартына жатқызылатын болады. Сонымен қатар заң жобасы арқылы байырғы бабалардан жалғасып, кешегі ғалымдарымыздың отандық асылтұқымды жылқыларды сақтау, қорғау, көбейту бағытындағы көпжылдық еңбегін ақтап, жалғастыратын боламыз.
Әсіресе, 70 жылға созылған ғылыми зерттеудің нәтижесінде шығарылған мамандандырылған спорттық бағыттағы және ұлттық ат спорты түрлерін дамыту үшін кеңінен қолданылатын қазақтың шабандоз тұқымы, халықтың ұлттық қазынасы Қостанай жылқысын сақтап қалудың маңызы зор. Елімізде 1969 жылы 44 мыңнан астам Қостанай жылқысы тіркелген болса, яғни ол сол кездегі барлық асылтұқымды жылқының жалпы санының 9,7 пайызына тең болатын. Қазір бұл асылтұқымды жылқының ресми тіркелген саны 278-тен аспайды. Ал Адай жылқысының ресми саны – 1 300 ғана.
Асылтұқымды жылқы өсіру, оны қорғау, мемлекеттік қолдау шаралары 2014 жылдан бастап тоқтатылғаннан кейін, Қостанай жылқысының саны күрт азайып кеткен. Сондықтан заң жобасын мақұлдау арқылы аталған тұқымды молайтуға бағытталған іс-шараларды субсидиялау көзделген. Сондай-ақ оның асылтұқымдық қасиеттерін жақсарту және мал басын ұлғайту үшін селекциялық және асылдандыру жұмысын жүргізуге және асылтұқымды орталықтардың шетелдік селекцияның спорттық бағыттағы асылтұқымды айғырларын сатып алуға, отандық бұқаралық ат спортын дамытуға ықпал етеді. Яғни, асылтұқымды орталықтардың шетелдік селекциялық-спорттық бағыттағы асылтұқымды айғырды сатып алуына, асылтұқымды аналық мал басымен селекциялық асылтұқымдық жұмыс жүргізуге және де оларды ұстау бойынша шығындарды өтеуге субсидия төленетін болады.
– Жалпы ерекшелеп айтқанда, қазақ жылқысына қандай қасиеттер тән?
– Төрт түліктің төресі саналатын қазақ тұлпары – халқымыздың өр намысының, асқақ рухының белгісі. Еліміздің ата тарихы осы тұлпар тағдырымен қатар өрілген небір қиын кезеңдерде ата-бабаларымыз елдің сыртын жаудан, ішін даудан осы ат арқасында, тұлпардың белінде жүріп қорғаған. Кешегі тарихи тұлғаларымызды айтқан кезде олардың міндетті түрде кісінеген тұлпары қатар аталады. Мысалы, Қабанбайдың Қубасы, Бөгенбайдың Нарқызылы, Абылайханның Алшаңбозы, Наурызбайдың Ақауызы, Ағыбай батырдың Ағлағы, Ақансерінің Құлагері деген секілді тарихи тұлғаларымыздың кісінеген тұлпары біздің төл тарихымызда ерекше орын алады.
Осы қазақ тұлпарларының ішінде бүгінде реестрге кіргені – Қостанай жылқысы. Сонау 1951 жылы реестрге еніп, содан бергі аралықта жылдар бойы жүргізген селекциялық жұмыстардың нәтижесінде Қостанай жылқысы халықаралық деңгейде өте мықты жылқы тұқымдарының қатарына қосылды. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары осы Қостанай жылқысына мән берілмегендіктен, заңнамалық тұрғыда қорғалмағандықтан, олардың қабілеттілігі, төзімділігі, жүйріктігі деген секілді қасиеттеріне мемлекет тарапынан қамқорлық көрсете алмағандықтың кесірінен Қостанай жылқысы бүгінде құрып кетудің алдында тұр. Егер біз Қостанай жылқысын заңмен қорғайтын болсақ, тек осы жылқы ғана емес, алдағы уақытта реестрге кіретін Адай жылқысы, үлкен селекциялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде өзінің сапасын көрсететін басқа да жылқы тұқымдары мемлекеттік деңгейде қорғалып, қамқорлық көрсететін болады.
Мінеки, осындай себептермен біз заң жобасын дайындадық. Сондықтан осы заң жобасының маңызды, яғни қазақ тұлпарын сақтау, отандық жүйрік жылқы тұқымын өркендету, оны дамыту – біздің бүгінгі күндегі маңызды мақсаттарымыздың бірі.
– Заң жобасында қазақтың ат спортын дамытуға арналған нақты қандай мәселелер көтерілді?
– Бұл заң жобасын әзірлеу барысында қаншама зерделеу жұмыстары қолға алынып, қаншама басқосу болды. Мәселе жан-жақты талданып, асылтұқымды спорттық жылқының жағдайын жасаймыз деп өзге жануарлардың тағдырына балта шауып алмаймыз ба деген мәселелер барынша талқыланды.
Осы жұмыстардың нәтижесінде ат спорт түрлерін, атап айтсақ жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, бәйге, көкпар секілді ұлттық спорт түрлерін халыққа насихаттауға, оны дамытуға мүмкіндік көбейеді.
Өздеріңізге белгілі, кеше ғана Қабірхандай мұхиттың арғы жағынан алып келген жүйрігіміздің Дубайдың төрінде өткен халықаралық деңгейдегі бәйгеде бірнеше рет топ жарып, озып келуі еліміздің еңсесін көтерді, намысын асқақтатты. Қабірханның оза шабуын бүкіл жұрт болып тіледік. Осындай тұлпарлар алдағы уақытта отандық төл селекциямыздың нәтижесінде алынған тұлпарларымызға да бұйырсын дегім келеді. Алдағы уақытта тек шетелден сатып алған тұлпарлармен ғана емес, өзіміздің отандық селекциядан туған тұлпарларымыз әлемдік аламандарда, әлемдік бәйгелерде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, топтан озуға жазсын дегім келеді.
Егер біз Қостанай жылқысын әрі қарай дамытып, жан-жақты мән беріп, өркендететін болсақ, әрине осы Қостанай жылқысының ішінен де ертең халықаралық деңгейде елдің намысын қорғайтын мықты тұлпарлар шығатыны сөзсіз. Сондықтан да қазақ баласы аттан түспесін, тұлпардың белінде жүріп, ел мен жердің тағдырын ойлауға жазсын деп тілеймін.
Ертеңімізге елеңдей қарап, жылқы шаруашылығын дамытуға, оның ішінде мініс және мініс-жегін бағытындағы отандық жылқы селекциясын дамытуға үлкен күшпен білек түріп кірісетін болсақ, көптеген нәтижеге қол жеткізуге болады. Ғалымдарымыздың, жылқы шаруашылығы саласындағы майталман мамандарымыздың іс-тәжірибесін жан-жақты пайдалана отырып әлі де терең зерттеп, зерделей отырып жылқы шаруашылығы саласын дамытсақ ертеңгі күні қазақ тұлпарының да халықаралық деңгейде даңқының асқақтауына мүмкіндік туарына сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ