Өңірде биылғы жылдың соңғы үш айының ішінде өңір бойынша әлеуметтік желіде жарияланған балаларға қатысты әлімжеттік сипатындағы 4 құқықбұзушылық анықталған. Байзақ ауданында – 2 жағдай, Сарысу ауданында – 1, Меркі ауданында – 1 жағдай. Мұның екеуі аса ауыр қылмыс болып тіркеліп отыр.
Аталған тақырып аясында облыс әкімдігі Білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов пен Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Серік Әлдибековтың баяндамасы тыңдалды. «Баланың қылығы түзде» дегенді алға тартқан жауапты мамандар оқушылар мен жасөспірімдер арасында өткен жылдармен салыстырғанда құқықбұзушылықтың өскенін ашық айтты. Мәселен, осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша, облыста кәмелетке толмағандардың қатысуымен 27 қылмыс жасалса, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,8%-ға артқаны анықталып отыр. Бұл өз кезегінде ата-аналар арасындағы балаға деген жауапкершілікті арттыруды қажет ететін дүние екені айтылды. Жиын барысында кеңес мүшелері ата-аналардың бала тәрбиесіне немқұрайлы қарауына жол берілмеу туралы пікірлермен қоса, ата-аналар институтын қайта жаңғырту туралы ұсыныстар ортаға тасталды.
Сондай-ақ мамандандырылған күзет қызметінің жұмысы да қатаң сынға алынды. Себебі күзет агенттіктері жауапты жұмысты мемлекеттік сатып алу арқылы төмен қаржыға ұтып алып, сапасыз қызмет көрсететіндігі белгілі. Бұл да өз кезегінде жауапкершілігі аса жоғары құрылым болмақ. Дегенмен кей жағдайда құрылым қызметі сапа жағынан өте төмен жағдайда екені айтылды.
Алқалы отырыста партия облыстық филиалы тарапынан кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын ұйымдастыруда ведомствоаралық бірлескен әрекеттестікті күшейту үшін жергілікті билік, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдар мен ата-аналар комитетінің өзара ынтымақтастығы туралы Меморандумға қол қойылды.
Берік БЕК