Ал үйі суға кетсе де тұруға жарамды деген баға алған тұрғындар «жөндеуге берілген қаражат мардымсыз, қазір құрылыс материалдарының бағасы аспандап тұр» деп шу шығарып жатыр. Мұндай шудың ошағы алдымен БҚО Сырым ауданы Жымпиты ауылында бұрқ ете қалды. Комиссия шешіміне наразы халық «Үйімізді жөндейтін ақшаны көбейтсін, не саман үйді сүріп, орнына жаңа үй тұрғызып берсін» деп талап қойып отыр.
Сырым ауданы Жымпиты ауылында Өлеңті деген өзен бар. Ауылды айналып өтіп жатқан мінезді өзен. Кешегі су тасқынында осы өзеннің арнасы 6 метрден асып, оған қарғын су қосылып, біраз үйді шайып кетті. 1 300-ден астам адам эвакуацияяланды. Аудандағы электр стансасына дейін су астында қалып, аудан бірнеше күнге жарықсыз отырғаны есімізде. Осы Өлеңті өзенінің дәл жағасында орналасқан үйлер бар. Көбінің үйі саманнан немесе қамыстан тұрғызылған. Су тасқыны кезінде бұл үйлерді су алды. Су бірер күн тұрып барып кетті. Қазір бұл үйлер әлі дымқыл, үйдің ішіндегі сыздың иісі қолқаны қабады. Әйтпегенде қайтсін, саман тас бар суды бойына сіңіріп алған. Ең қызығы, тексеру комиссиясы осы үйлерді тұруға жарамды деп таныған.
Азамат Құдияров дәл Өлеңті өзенінің қасында тұрады. Үйі судың нағыз жолында. Кешегі су тасқынында ең алдымен осы көшедегі үйлерді су алып кеткен.
– Мен мына үйді салуға 10 млн ақша жұмсадым. Әне – өзен, міне – менің үйім. Үй суға толып тұрды. Қазір тартылды ғой енді. Үйім саманнан салынған. Ол ертең бәрібір құлайды. Саман үйге су кірді деген сөз – ол шөгеді деген сөз. Комиссия үйімді тұруға жарамды деп отыр. Осы үйді жөндеуге деп 2 млн 900 мың береміз деді. Мен онымен келіспеймін. Қазір бәрі қымбат қой. Мен ол ақшаға не жасатамын? – дейді Азамат Құдияров.
Сырым ауданындағы үйлерге бағалау жүргізген компания үйлерді жөндеуге 300 мыңнан бастап 3 млн-ға дейн қаржы беру туралы шешім шығарыпты. Әлбетте, тұрғындар бұған қарсы.
– Қазір құрылыс материалдары өте қымбат. Өздеріңіз білесіздер, су тасқынынан кейін бағаны әдейі аспандатып жіберді. Біз өзіміз несие алып осы үйді 2019 жылы салдық. Үкімет берген тиынды құрылысшыға төлеймін бе, әлде материал аламын ба? Бұл деген барып тұрған бассыздық қой. Ең өкініштісі, біздің үй осымен екінші рет суға кетіп отыр. Былтыр Өлеңті тасып, үйге су кірді. Бірінші рет қой, келесі жылы оған жол бермес деп айқай шығармадық. Биыл да солай. Келесі жылы тағы кете ме сонда? – дейді ашынған Азаматтың жұбайы Лиза Байзақова.
Гүлдана Шайхиева есімді аудан тұрғыны да өз үйін бізге көрсетіп жыларман болды.
– Менің үйім – 1956 жылы салынған саман үй. Саман үй болғасын суды бойына сіңіріп алды. Енді соның кесірінен үйім шөгіп бара жатыр. Осы үйді тұруға жарамды деп танып, жөндеу жүргізуге деп 300 мың теңге шығарып беріп тұр. Менің талабым – комиссия қайта келсін, дұрыстап тексерсін, отырып бара жатқан үйді қалай жөндеуге болады? – дейді жыламсыраған Гүлдана Шайхиева.
Сырым ауданында дәл осылай комиссия шешіміне наразы болып, ашынып отырған халық баршылық. Комиссия онда үш пәтерлі үйге техникалық тексеру жүргізіпті. Сөйтіпті де, ортасындағы үйді «Бұзу керек тұруға жарамайды, ал екі жағындағы үйге тұруға болады» деген шешім шығарып кеткен. Техникалық бақылау жүргізген комиссияның бұл «қожанасырлығына» біз де басында таңғалдық.
Біз сол үйді көруге асықтық. Барсақ, шынымен де үш пәтерлі үйдің ортасын тас-талқан етіп бұзып тастапты. Екі жағындағы үй қалқиып тұр. Олар да құлағалы тұр. Себебі бұл үйге жарты ғасыр болған. Тұрғындардың айтуынша, бұл жер кезінде көкөніс қоймасы болыпты.
– Бұл үйдің ортасындағы пәтерде мен тұрамын. Екі жағымда екі көршім бар. Бір жағында анам тұрады. Енді менің ортадағы үйімді бұзып жатыр. Ортасы кеткесін екі жағындағы үй де құлайын деп тұр. Қазір төбесін, еденін түгел бұзып алдық. Қабырғасын құлата алмай тұрмыз. Себебі үш пәтерлі үйдің ортасындағының қабырғасын құлатсақ, екі жағындағы үй бірге құлайды деп қорқамыз. Ал комиссия екі жағындағы үйді тұруға жарамды деп кетті, – дейді ауыл тұрғыны Бәтима Мағзомова.
Біз ауыл тұрғындарының арыз-шағымын арқалап, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлеповке келдік. Аудан әкімінің орынбасары: «Комиссия шешімімен келіспеген тұрғындардың соттасуға құқы бар. Бақылау комиссиясын сотқа берсін. Егер сот шешімімен тексеріс қайта жүргізілсін десе, комиссияны қайта жібереміз», – деп қысқа қайырды.
Жалпы, Сырым ауданындағы үйлерге техникалық тексеріс жүргізген «Дауымшар» ЖШС екен.
– Иә, біздің компания Сырым ауданы Жымпиты ауылындағы үйлерге техникалық тексеріс жүргізді. Тұрғындардың наразылығы туралы естідік. Біз аудан әкімдігінің шешімімен ол үйлерге қайта барып, қайтадан техникалық тексеріс жүргізетін боламыз, – деді «Дауымшар» компаниясының өкілі Мейірбек Ыдырысов.
Қазір Жымпиты ауылында техникалық бақылау жұмыстары қайтадан жүргізіліп жатыр. Әкімдік өкілдері наразы тұрғындар мен бақылаушы компания өкілдерін кездестірген. Тағы бір жақсы жаңалық, Өлеңті жағасындағы үйлер жылда суға кетпес үшін Өлеңті өзені маңынан биіктігі 6 метрлік бөгет соғылатын болды.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы