Шизофренияға шипа бар ма?

Адам санасы мың қатпар, жаратылысы жұмбақ. Ғалымдардың әлі күнге пенде баласының мүмкіндіктері мен ми қыртыстарындағы жаңалықтарды зерттеп тауыса алмауы бұл ретте қалыпты дүние десек болады.

Тіпті, адамның жүйке жүйесіндегі кейбір сырқаттардың емі мен себебін де әлі күнге анықтау үстінде. Сондай сырқаттардың бірі ретінде шизофрения ауруын атауға болады. Жалпы, шизофрения туралы не білеміз? Оның емі бар ма? Бұл сырқатпен ауыратындар қоғамға қауіпті ме? Жұқпалы ма әлде тұқым қуалай ма? Міне, осы сұрақтардың жауабын іздеп көрелік.

Бұл қандай ауру?

Шизофрения – бұл кең тараған психикалық ауру. Ауруды жеке ауру ретінде алғаш неміс психиатры Э.Крепелин бөліп қарастырған еді. Кейінірек швейцариялық психиатр Е.Блейлер бұл ауруға жаңа атау «шизофрения» терминін ұсынып, ол бұл дерттің белгілерін ажыратты: науқастың әлеуметтік байланыстарды жоғалтуын (аутизм), эмоцияның кедейленуін, психиканың ыдырауын, ойлаудың ерекше бұзылыстарын, әртүрлі психикалық өзгерістер арасындағы диссо­­циа­ция көріністерін жатқызды. Э.Кре­­­­пелин шизофрения токсикоздың, соның ішінде жыныс бездерінің қызметі бұзылысы нәтижесінде пайда болады деген тұжырым жасады. Шизофренияның пай­да болуында тұқымқуалаушылық патологияның рөлі анықталған, шизофрения дамуының биологиялық ата-анамен байланыстылығы дәлелденген. Бұл сыр­қаттың пайда болу себебі әлі толық зерт­телмеген, дегенмен шизофрения әртүрлі жағдайдың, түрлі аурулардың адам психикасына әсер етуіне байланысты пайда болады деген ұғым бар. Ауру кейде ұзақ, кейде ұстамалы түрде тез өтеді. Шизофрения негізінде жоғары жүйке жүйесі қызме­тінің бұзылуынан болады. Сырқат кезінде сандырақ, галлюцинация, еліру, мелшиіп қозғалмай қатып қалу сияқты пси­хи­­­калық өзгеріс­тер аурудың үдеуіне қарай күшейе түседі. Ауру күшейген кезде науқас сөйлеспейді, оның ой-сезімі, тү­сінігі өзгереді, сөйлеген сөзі, айтқан пікірі басқаларға түсінік­сіз болады. Шизофренияның белгілері кейде өте тез айқын білінсе, кейде өте баяу бірнеше жылдан кейін байқалуы мүмкін. Дегенмен көп­шілік бұл ауруды дұрыс емдеген жағдайда адамның еңбекке қабілеттілігін сақтап қалуға болатынын біле бермейді. 

Біздегі жағдай қалай?

Жылдың басында Денсаулық сақтау министрлігі психикалық ауытқуы бар қазақстандықтар туралы мәлімет жариялаған болатын. Мәліметке сенсек, мұндай адамдар саны 200 мыңға жуықтаған. Яғни, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағ­дай бойынша, психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар 198 417 адам динамикалық бақылауда тұрған екен. Олардың ішінде: 41 014 бала, 82 914 әйел, 115 503 ер адам бар.

«Алайда психикалық және мінез-құ­лық ауытқуларының болуы стационарлық емдеуге көрсеткіш болып табылмайды. Стационарлық емдеу аурудың жедел ағымы немесе өршуі кезінде көрсетіледі. Стационарлық ем алғаннан кейін пациенттер амбулаторлық бақылауды жалғас­тырады», — деді ведомство өкілдері.

Министрлік мәліметінше, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша «шизофрения» диагнозымен дәрігерлердің бақылауында 289 бала, 19 405 әйел және 19 586 ер адам болған. Сонымен қатар 2023 жылы психикалық денсаулық орталықтарында 70,5 мың науқас, оның ішінде 8 мыңнан аса бала емделген. 1 қаңтардағы жағдай бойынша Психикалық денсаулық орталықтарында 7 223 нау­қас болған.

Елімізде бұл аурудың барын білмейтіндер көп

Жуырда Астанада Дүниежүзілік шизофрения күніне арналған ашық жиын өтті. Шара барысында қатысушыларға ел тұрғындарының психикалық денсаулығы тақырыбы бойынша сауалнама нәтижелері ұсынылды. Сауалнама Қазақстанның екі ірі қаласында – Алматы мен Ас­та­нада жүргізілді. Қатысушылар саны 1 000 адамнан асқан, респонденттер 18 бен 65 жас аралығындағы қала тұрғындары бол­ды. Респонденттердің 13 пайызы үлкен қаланың тұрғындары болғанына қарамастан шизофрения диагнозы туралы ешқашан естімеген. Оның үстіне, респон­­денттердің 45 пайызы бұл дертке шалдыққандарды қоғамға қауіпті деп санайды.

Айта кету керек, адамдар шизофрения диагнозынан қорқып қана қоймай, респонденттердің 28 пайызы бұл дертке шалдыққандарды қоғамнан оқшаулау қажет деп санайды.

«Сауалнама нәтижесінде аталған психикалық ауытқу өз тәжірибесінде болмаған адамдар мұндай дерттің бар екенін де білмейді деген қорытынды жасауға болады. Көшелерде жүргізілген офлайн сауалнама азаматтардың хабардарлығы адамдардың жас санатына ғана емес, тұрғылықты жерінің географиясы мен сөйлесу тіліне де байланысты екенін көрсетті. Мысалы, астаналықтарға қарағанда Алматы тұрғындары бұл дерт туралы көбірек біледі», – дейді шараны ұйымдас­тырушы GEDEON RICHTER KZ ЖШС PR менеджері Динара Бірмағанбетова.

Оның айтуынша, компания алынған мәліметтерге сүйене отырып, жағдайды сараптап, азаматтарды психикалық аурулар туралы мемлекеттік тілде ақпараттандыруға бағытталған ағарту жұмыстарының жеткіліксіздігі туралы қорытындыға келген.

«Бұл бізді қазақ тіліндегі мамандандырылған ақпараттың мазмұнын арттыруға барынша күш салуға итермеледі. Осылайша, бүгінде әлеуметтік желілер мен уеб-сайттағы контент бірінші кезекте мем­лекеттік тілде қалыптастыры­лып, бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті хабарламалар беріліп жатыр», – дейді ол.

Сонымен қатар Динара Бірмағанбетова компания 2024 жылы мемлекеттік тілде шизофрения туралы ақпараттық ресурс ашуды, сондай-ақ «Шизофрения қаз-қалпында: жақындарыңызға арналған кітап» еңбегін қазақ тіліне аударуды көздеп отырғанын хабарлады.

Дегенмен хабардарлықтың жалпы көрінісі жаман емес. Респонденттердің 87 пайызы шизофренияның не екенін біледі, 48 пайызы бұл аурумен ауыратындардың қоғамға қауіпті екеніне сенбейді, 67 пайызы бұл диагнозды адамдарды оқшаулау қажет деген пікірмен келіспейді. 

Ал кездесу қонағы Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас психиатры Елена Полиенко:

«Қазақстанда 47 мыңға жуық адамға шизофрения диагнозы қойылған. Әрине, бұл – тұрақты бақылауды және ұзақ­мер­зімді терапияны қажет ететін өте ауыр психикалық бұзылыс. Бірақ медицинада бүгінде жақсы нәтижелерге қол жеткізе алатын және пациенттердің жеке және әлеуметтік қызметін мүмкіндігінше қалпына келтіретін және пациенттердің қанағаттанарлық өмір сүру сапасына қол жеткізе алатын заманауи антипсихотикалық препараттар бар. Шизофренияға шал­дыққан адамдардың кем дегенде үш­тен бірі дұрыс терапиямен симптом­дардың толық ремиссиясын сезінеді. Сон­дықтан шизофренияға шалдыққан адамдар қоғамға қауіп төн­­дір­­­мейді деп сеніммен айта аламыз», – деп баса айтты Елена Полиенко.

Шизофрениядан зардап шегетін адамдардың құқықтары бұзылады тап болады. Өкінішке қарай, ауруға шалдыққан адамдарға қатысты стигма қар­қынды және кең таралған, бұл олардың әлеуметтік оқшаулануына әкеліп соғады және олардың басқалармен, соның ішінде отбасымен және достарымен қарым-қатынасына теріс әсер етеді. Сон­дық­тан оларға қолдау қажет, бұл үшін халықтың барынша көп пайызы осы дерт туралы білуі керек.

Маманның сөзі маңызды

Біз осы ретте Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас психиатры Елена Полиенконы осы сырқат туралы толығырақ білу үшін әңгімеге тартқан едік. Біздің «Дүниежүзі елдері бұл дертпен қалай күресіп жатыр? Ал біздің елдегі жағдай қалай?» деген сұрағымызға психиатр былай деп жауап берді: 

«Әлемдік қауымдастықта шизофренияны емдеу дәрі-дәрмек, психотерапия және әлеуметтік қолдауды біріктіретін кешенді тәсілді қамтиды. Қазіргі заманғы антипсихотиктер, әсіресе жаңа буын препараттары үлкен (галлюцинация, сандырақ) және кіші белгілерді (апатия, әлеуметтік оқшаулану) жеңілдетуде тиімді. Пациенттерді әлеуметтік бейімдеуге және қоғамға интеграциялауға бағытталған оңалту бағдарламаларына маңызды рөл беріледі. Дамыған денсаулық сақтау жүйесі бар елдер пациенттерге то­лыққанды өмір сүруге мүмкіндік беретін қоғамдастық негізіндегі қолдауды қамтитын бағдарламаларды пайдаланады. Қазақстанда шизофренияны диагностикалау мен емдеуді жақсарту бойынша да шаралар қабылдануда. Пациенттерді заманауи дәрі-дәрмекпен және психотерапевтік көмекпен қамтамасыз етуге қол­жетімділік артып келеді. Стигманы азайту және шизофрениямен ауыратын нау­қастар қауіпті және оларды оқшаулау қажет деген мифтерді жою үшін қоғамдық білім беру жұмыстары да жүргізілуде», – дейді ол. 

Сонымен қатар ол Қазақстанда шизофрения диагнозы қойылған науқастардың саны жөнінде де өз ақпаратымен бөлісті. 

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бар, оған сәйкес 24 миллион адам немесе планетадағы әрбір 300-ші адам шизофрения дертімен бетпе-бет келеді. Аурудың бүкіл әлем бойынша таралуы 0,4-тен 1,4 пайызға дейін ауытқиды және әлемнің барлық аймақтарында шамамен бірдей көрсеткіш көрсетеді. Қазақстанда шизофрения ауруының таралуы халықтың 0,6-0,7 пайызын және елдегі барлық психикалық науқастардың 19 пайызын құрайды. Қазақстанда тіркелген дерт санының артуы сырқаттанушылықтың нақты өсуіне емес, жаңа жағдайларды анықтауға байланысты болады», – дейді психиатр. 

Елена Полиенко диагнозы бар адам­дарды қоғамға бейімдеу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанына да тоқталды. 

«Шизофрениямен ауыратын нау­қастарды қоғамға бейімдеу үшін әртүрлі шаралар қабылданады, соның ішінде: дәрі-дәрмекпен емдеу, яғни симптомдарды бақылауға көмектесетін және пациенттердің қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік беретін заманауи антипсихотиктерді қолдану; екіншісі – психотерапия, яғни әлеу­меттік қызметті жақсартуға және өзін-өзі реттеу дағдыларын дамытуға бағыт­талған жеке және топтық терапия. Шаралардың енді бірі – оңалту бағдарламалары: пациенттердің қалыпты өмірге оралуына көмектесетін бағдарламалар, соның ішінде білім беру, белгілі бір мамандықтарға оқыту және жұмысқа орналасуға қолдау көрсету. Сондай-ақ қоғамдық ағарту жұмыстары да өз тиімділігін көрсетуде: бұл дегеніміз – стигманы азайтуға және шизофрениямен ауыратын науқастардың қауіпті емес екенін және қоғамда ел қатарлы өмір сүруі мүмкін екендігі туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған ақпараттық науқандар», – дейді дәрігер.

Дәрігер сондай-ақ бұл дерт әдетте жүре пайда болатынын айтады. 

«Шизофрения – жүре пайда болатын ауру. Симптомдар әдетте кеш жасөспі­рімдік немесе ерте есейген кезде пайда болады. Зерттеулер көрсеткендей, шизофрения – генетикалық факторлар мен қоршаған орта триггерлерінің өзара әрекеттесуінің нәтижесі. Тұқым қуалайтын бейімділік те маңызды рөл атқарады, бірақ ауру көбінесе стресс факторларының әсерінен, түрлі зиянды заттарды қол­дану немесе жарақат нәтижесінде көрінеді. Шизофренияны диагностикалау – психиатрдың құзыретіндегі жұмыс. Ата-аналар психикалық жағдайдағы өзгерістерге мұқият болуы керек, егер ерекшеліктерін байқай бастаса, бірден маманмен кеңесу керек.

Әдетте мына белгілерді байқауға болады: Мінез-құлықтың өзгеруі: тұйықталу, апатия, оқуға және хоббиге қызығушылықтың жоғалуы. Эмоциялық тұрақсыздық: шамадан тыс алаңдаушылық, күдік, көңіл күйдің құбылуы. Когнитивті бұзылулар: зейінді шоғырландыру, есте сақтау және ойлау жүйесінің бұзылуы. Қабылдау бұзылыстары: галлюцинациялар (көбінесе есту) және иллюзия. Егер ата-аналар мұндай белгілерді байқаса, диагнозды нақтылау үшін және емдеуді уақытылы бастау үшін маманның көмегінен жүгінуі керек».

Елена Полиенко шизофренияны дәрі-дәрмексіз емдеу мүмкін еместігін де атап өтті. 

«Дәрі-дәрмекпен емдеу – шизофренияны емдеудің негізгі бағыты. Заманауи нейролептиктер симптомдарды тиімді бақылайды және рецидивтерді болдырмайды, сонымен қатар пациенттерге қалыпты өмір сүруге мүмкіндік береді. Дәрі-дәрмексіз симптомдар айқын байқала бастауы мүмкін, бұл пациенттің өмір сапасы мен функционалдық жағдайының айтарлықтай нашарлауына әкеледі. Қазіргі уақытта шизофренияны толық емдеу мүмкін емес, бірақ дұрыс және уақытылы емдеу ұзақмерзімді ремиссияға қол жеткізе алады. Пациенттер толыққанды өмір сүре алады, жұмыс істей алады, оқи алады және жеке қарым-қатынас құра алады. Ең бастысы, тұрақты медициналық бақылау және тағайындалған терапияны сақтау –маңызды», – дейді ол.

«Генийлер» сырқаты

Әлемде шығармашылық адамдарының көбі шизофренияға шалдыққан. Зерттеулерге қарағанда, ақындар мен жазушылардың 25 пайызы, ал суретшілердің 30 пайызға жуығы осы дертке душар болған. Өзінің шығармашылық жолындағы үлкен жетістіктеріне аталмыш ауруға шалдыққаннан кейін қол жеткізгендер де көп. Мәселен, нидерландтық қылқалам шебері Винсент Ван Гог өзінің картиналарын осы сырқатқа ұшырағанда көбірек салған, ал орыстың атақты жазушысы Николай Гоголь галлюцинацияларды жиі бастан өткізгенін көпшілік біледі. Шығармашылық және ғылыми қызметінің нәтижесінде ғылым мен мәдениетте өшпес із қалдырған және әлемді жақсы жаққа өзгерте білген «ұлы шизофрениктер» туралы айтар болсақ тіптен көп. 

Мысалы, Фридрих Вильгельм Ницшеге қарапайым шизофрения емес, аталған аурудың ең асқынған, яғни ақыл-ойдың тежелуінен, бас ауруынан жапа шеккен. Ол етігімен су ішіп, қатардағы әскерді Бисмарк (Германия империясының бірінші канцлері) деп ойлап, шыны сынықтарынан тоған тұрғызған. Ницше ұрпақ жадында осы әрекеттерімен емес, ойшыл, филолог, композитор, ақын және философиялық ілімді жасаушы ретінде қалды.

Сол секілді жазушы Филип К.Дик шизофренияның жеңіл түрімен ауыратынын айтқан. Ол кино әлемінде «Ұстара жүзімен жүгіретіндер» фильміне негіз болған «Андроидтар электрлі қойды армандай ма?» (1968) атты ғылыми фантастикалық романымен танымал болды. Кейбіреулердің айтуынша, дәл осы ауру авторға кітаптарының тақырыбы мен сюжетін жасауға көмектескен. 

Кейбір зерттеушілер ұлы математик және физик Исаак Ньютонда шизофрения және биполярлық бұзылыс болған деп санайды. Оның көңіл күйі сағат сайын өзгергендіктен, онымен сөйлесу өте қиын болған екен.

1994 жылы экономика бойынша Нобель сыйлығы ойын теориясы мен дифференциалдық геометрия саласында жұмыс істеген белгілі америкалық ма­те­матик Джон Форбс Нэшке берілді. Бір қызығы, Джон Нэш ауруымен «келісе алған». Ұстама кезінде ол ауруға назар аудармауды үйренген. Бұл өз кезегінде дәрігерлер бастапқыда аурудың жақсаруы деп ойлаған. Дегенмен ол тек ауруын ғылымдағы ізденісіне кедергі келтірмеу үшін сырқатымен «келісімге келгендігі» айтылады. 

Бұл тізімге қарап отырсақ, әлемді өзгерткен жаңалықтарымен көзге түскен ғалымдар да, шығармашылығымен өшпес із қалдырған ақын-жазушылар мен суретшілер де ауырған. Сондықтан бұл дертке шалдыққандарға шошына қараудан гөрі, жәрдемдескен жөн. Бірақ өз қауіпсіздігіңізді де басты назарда ұстаңыз дегіміз келеді. 

 

ТҮЙІН:

Шизофренияны анықтауға арналған бірыңғай тест жоқ. Науқаста шизофрения бар-жоғын анықтауда психиатр көмек береді. Маман тексеру жүргізіп, шизофренияны басқа белгілері ұқсас аурулардан ажырататын әдіс қолданады. Шизофренияны лажы барынша ертерек анықтап, ертерек ем бастаса, соғұрлым жеңіске жетуге мүмкіндік мол.

Зерттеулердің нәтижесі АҚШ-та шизофрениядан зардап шегетін нау­қастардың 70 пайызы жалпы ережелер негізінде жұмысқа тұрғысы келетінін көрсетті. Бірақ олардың 15 пайызы ғана жұмысқа тұра алады. Жұмыс істеп ақша табу арқылы шизофрениямен ауыратын науқастар өздерінің қоғамға керек екенін сезінеді. Одан бөлек, ұжымда жұмыс істеу әлеуметтік дағдыларын жақсартады. Жұмыс істейтін науқастар күйзеліс пен стрестен, шаршап қалудан сақ болғаны жөн. Ұлыбританияда олар қысқартылған немесе босатылған жұмыс тәртібімен жұмыс істейді. Егер науқас жұмыс істемесе, оған қаржылық көмек тағайындалады.

Наурызбек САРША