Бұл мәселе әлі де өзектілгін жойған жоқ. Мемлекет басшысы Сингапурға ресми сапары барысында: «Біз ЖІӨ мөлшерін 2029 жылға қарай екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін жеткізуге ниеттіміз. Осы асқақ мақсатқа жету үшін біз білім мен инновацияға негізделген заманауи экономиканың іргесін қалап, жыл сайын 6 пайыз өсімді қамтамасыз етуге тиіспіз. Біз Сингапур сияқты бизнес, қаржы, дарындылар мен инновация шоғырланатын сенімді орталыққа айналуға ұмтыламыз», – деп мәлімдеген болатын.
Нарықтық экономикада қолайлы инвестициялық климат ұзақ мерзімді инвестицияларды тартуға көмектесіп қана қоймай, экономикалық өсімге дем беретіні белгілі. Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB», яғни экономикамызға «Тұрақты» деңгейде деп баға берді. Ал FDI standouts Watchlist жылдық зерттеуінің нәтижелері бойынша Қазақстан 2023 жылы макроэкономикалық даму мен тікелей шетелдік инвестицияларды тартудың жаһандық рейтингінде алтыншы орынды иеленді. Елімізде 2021 жылдан 2023 жылға дейін тікелей шетелдік инвестициялар күрделі салымдары – 277 %-ға өсіп, жобалар саны – 62,7%-ға артқан. Қазақстандағы Инфляция 2024 жылы 9%, ал ЖІӨ өсімі 4,2% құрайды. ТМД-ның 15 елі мен Орталық Азия елдері арасында Қазақстан тікелей шетелдік инвестицияларды (ТШИ) тарту бойынша көшбасшы орынды иеленеді. Еліміздің үлесі 61 пайыз құрап отыр.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы жиырма жыл ішінде елімізде толыққанды нарықтық экономиканың орнына «мемлекеттік капитализм» деп аталатын экономикалық жүйе құрылды. Мұнайдан түскен пайданы бөлуге негізделген мұндай жүйе мемлекеттің экономикадағы рөлін ұлғайтқаны белгілі. Дегенмен Президент «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қою арқылы көптен бері халықтың көкейінде жүрген сауалға біржолата нүкте қойғандай. Мемлекет басшысы осы арқылы ел экономикасы нарықтық қатынастар мен капитализмді негізге ала отырып, дамитынын көрсетті. Сарапшылар алдағы уақытта құрылатын Жекешелендіру жөніндегі ұлттық офис те Бәсекелестікті қорғау агенттігінің қарамағында болатындықтан, жемісті жұмыс атқарады деп сенім білдіріп отыр. Себебі осыған дейінгі мұндай қадамдар тікелей Үкіметтің жауапкершілігінде болды. Әрі сәтсіз аяқталғанынан да жұртшылық хабардар.
Экономист, Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, Мемлекет басшының Сингапурға сапары біз секілді шикізатқа тәуелді мемлекет үшін үлкен мүмкіндік.
– Өйткені ол – «Сингапур ғажайыбы» деген атқа, қала-мемлекет деген атаққа ие болған, табиғи қазба байлықтарсыз-ақ өз-өзін қалыптастарған мемлекет. Президенттің сол елде ауқымды бизнес-форум ұйымдастырып, экономикаға қажетті алғышарттарды жасауы болашақта экономикамызға оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. 2029 жылға дейін 150 млрд АҚШ долларына жуық шетелдік инвестиция тарту туралы ақпараттың өзі сапардың құндылығын көрсетіп отыр. Мұндай межеге жету үшін біз де сол мемлекет секілді шағын және орта, ірі бизнес субъектілеріне жасалған қолайлы инвестициялық климат қалыптастыруымыз керек. Экономикамызға алдыңғы қатарлы дамыған елдердің экономикасына тән – салықтық мөлшерлеменің төмендігі, кәсіпкерлік және инвестициялық ортаның жағымды болуы және коррупцияның болмауы секілді үш айқын факторлар қажет. Егер шетелдік немесе отандық инвесторларға осы секілді артықшылықтарды ұсынып, дәл сондай орта қалыптасырып бере алсақ, онда Президент мәлімдеген 150 млрд АҚШ долларына тең инвестиция тарту, әрине мүмкін дер едім, – дейді ол.
Қазақстан қазір Орталық Азия елдері арасында инвестициялық тартымдылығы жағынан алғашқы орында. Сарапшы Азия елдері ішінде Сингапурда көптеген халықаралық компания қалыптасып үлгергені еліміз үшін үлкен мүмкіндіктер есігін ашады деген пікірде.
– Ендігі кезекте мұндай алпауыт компаниялар үшін өзінің бизнес мүмкіндіктерін арттырып, одан әрі дамытатын мемлекет қажет. Сондай мемлекет ретінде олар біздің елімізге көзі түсіп отыр. Сондықтан оларға қажетті инвестициялық климатты қалыптастырған абзал. Жемқорлықтан ада, кәсіпкерлікке тиімді ел ретінде өз нарығымыздан орын беруіміз қажет. Жазғы уақытта Сингапурдың ірі компаниялары бізге арнайы іссапармен келмек. Сол сәтте қонақжайлылығымызды экономиканың игіліктері үшін пайдаланып, жергілікті атқарушы органдар да жоғары деңгейдегі дайындықпен инвесторларға барынша жағдай жасау орынды. Өкілеттілігі жоғары Жоғары инвестициялық кеңестің құрылуының да негізгі мақсаты осы, – дейді сарапшы.
АХҚО мәлімдеуінше, инвесторлар үшін саяси және заңнаманың тұрақтылығы, бүкіл ел аумағында мемлекеттік басқарудың тиімділігі – ең бастысы фактор саналады. Мемлекет басшысы қол қойған «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар» туралы Жарлық экономиканың әрі қарай тек нағыз нарықтық қатынастар негізінде дамитынын көрсетті. Сарапшылар бұған инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған ауқымды шара деп баға беріп отыр.
– Экономиканы ырықтандыру туралы Жарлықта экономикамызды дамытатын алғышарт болып табылатын көптеген жайт қамтылды. Сондай-ақ инвесторлар үшін – еркін орта, төменгі салықтар, жекеменшікке қолсұғушылықтың болмауы, жеке кәсіпкерліктің еркін қызмет жасауы, нарықққа қатысушы бәскелестік ортаның дамуы, әртүрлі әкімшілік кедергілердің төмен болуы, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы қарым-қатынас шығындарының болмауы секілді факторлардын маңызы зор. Сондықтан бірінші кезекте либералды сот қалыптастыруымыз керек. Мысалы, АҚШ осындай либералды экономиканы қалыптастыра алған мемлекеттің бірі. Өйткені мұнда капиталдың қозғалысына деген бақылау шектелген, тіпті жоқтың қасы деп айтуға болады. Әкімшілік кедергілер де төмен дәрежеде, валюталық бақылауды да кездестірмейсіз, – дейді экономист.
Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, міне осы факторлар нарықта бәсекелестіктің дамуына жол ашады. Бізде де осы бағытта көптеген жұмыс атқарылуы керек.
– Мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтып, келесі жылдан бастап оның нарықтағы үлесін 14-15 пайызға төмендететін болсақ та, үлкен нәтиже дер едім. Сол себепті квазимемлекеттік секторлардағы нысандардың барлығын жекешелендіруіміз қажет. Олар экономикаға пайда әкелетін ортаға ауысса, өз кезегінде экономиканы ырықтандыруға жағдай жасайды. Осылайша, алдағы 5 жылдың қоржынында еліміздің ЖІӨ-ні 450 млрд АҚШ долларына жеткізу қолжетімді бола түспек. Мысалы, былтыр экономиканың жалпы өсімі 5,1 пайыз болды. Бірақ біз аталған көрсеткішке жету үшін, жыл сайынғы экономикалық өсім 6 пайыздан төмен болмауы қажет. Сондықтан бұл – тәуекелі мол, батыл қадам. Одан қорқудың да қажеті жоқ, себебі қазір ауқымды реформалар жасайтын кезең. Қазір ЖІӨ көлемі 260 млрд АҚШ долларынан асып отыр. Бұл – Орталық Азия елдерімен салыстырғанда ең жоғары көрсеткіш. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өсім де артып келеді, атап айтқанда былтыр бұл 13 мың АҚШ долларының деңгейіне жетті. Алдағы уақытта 1,6 мың АҚШ долларына өсіп отырса, 3-4 жыл көлемі ішінде 17 мыңға жеткізуге болады. Мұның барлығы біріншіден, азаматтардың өмір сүру деңгейін көтермелесе, екіншіден, инвестициялық климаттың жақсаруына жағдай жасайды, – дейді экономист.
Инвестиция экономикаға жанармай секілді қуат беріп, көптеген жұмыс орындарының қалыптасуына әсер етеді. Әлем картасында еліміз әріптестік орнатқан елдер саны қаншалықты көп болса, ішкі нарыққа құйылатын қаржы көлемі мен салық мөлшері де соншалықты арта түсетіні анық. Бұл өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларымызды жүзеге асыруға көмектеседі.
Кәмила ЕРКІН