Эверестке шыққан қазақ қызы

6 сәуірде Kazakh Everest Team спорттық-патриоттық экспедициясының қатысушылары Эвересттің шыңына бет алған болатын.

Экспедиция құрамында әлемнің ең биік шыңына осымен үшінші рет шыққан, аты аңызға айналған альпинист Мақсұт Жұмаев, Анар Бурашева және Альмир Қымбатбайұлы болды. 12 мамырда Непал уақытымен таңғы сағат 07:25-те қазақстандық Kazakh Everest Team экспедициялық командасы Эверестке шықты.

Қолайсыз ауа райының болуына қара­мастан, қазақстандықтар ең биік шың­ға көтерілген альпинистердің қатарынан табылды. Ал өзге елден келген қа­тысу­шылардың арасында биіктікке кө­терілу барысында шыңға жетпей, лагерьге (8 000 м) кері қайтқандары да кез­­­­­­дескен. Қазақстандық команда «ауа райы терезесін» дұрыс болжай алуының нә­тиже­сінде шыңды сәтті бағын­­­ды­­рыпты. «Ауа райы терезесі» – салыстырмалы түр­де қолайлы ауа райы орнап, тауға шығуға мүмкін болатын күндер. Мұндай күндер Эверестте жылына екі рет – мамыр айының ортасы мен қа­раша­да болады.

«Айта кету керек, бұл жолы ауа райы қолайсыз болды: экспедиция басталар күннің қарсаңында түнде қар жауып, бағыттың кейбір қауіпті бөліктерін жасырып қалды, бұл альпинистерге қосымша қауіп төндірді. Алысты көру мүмкіндігі шектелді, 8 000 метр биіктен бастап өте қатты сиретілген ауа оттегі маскасын тағуды міндеттеді, өйткені ауада атмосферада болатын және адамның қалыпты өмір сүруі үшін қажет оттегінің үштен бір бөлігі ғана болды. Бұл – альпинистер «өлім аймағы» деп атайтын биіктік екен. Бірақ экспедиция жетекшісі Мақсұт Жұмаевтың зор тәжірибесі, сондай-ақ дұ­рыс таңдалған құрал-жабдықтары қатысушыларды айтарлықтай қорғады деуге болады», – деді А.Бурашева.

Айта кетейік, экспедицияны Everest Development компаниясы ұйымдастырып, команданың шың­ға сапары кезіндегі барлық шығынын өз мойнына алып, Гималайда қа­­тысушыларға жан-жақты қолдау көрсетті. Анар Everest Development компаниясына жұмысқа орналасуға келіп, бос уақытында скайраннинг­пен айналысатынын айтып, осы сирек кездесетін спорт түрі бойынша жаттықтырушы болатынына ком­­­панияның қарсылығы бар-жо­­ғын сұраған. Компания Анардың қы­зығушылығын қолдап, нәтижесінде Анар Африканың ең биік шыңы Килиманджароны (5895 м) бағындыру бойынша аталған компанияның экспедиция мүшесі атанды. 

«Осыдан бұрын Килиманджаро шы­ңына сәтті шығуымызбен бір-бірімізді құттықтап жатып: «Келесі жолы қайда? Бәлкім, бұдан да биігіне – Эверестке шығып, компанияның атын ұлықтармыз?» деп айтқанымыз есіме түсті. Сол сәтте Мақ­­­­­­сұт, Альмир үшеуміз бір-бі­­рі­мізге қарап, оны да бағындыра алатынымызды және бағындырғымыз келетінін түсіндік. Алматыға орал­ған соң, кеңседе отырып, компания басшылығымен әңгімелестік. Альмир екеуміз Мақсұт Жұмаевты ш­ақы­рып алдық. Экспедицияны ұйымдастыру айтарлықтай шығынды талап еткенімен, басшылар идея­мызды бірден қолдады. Осыдан кейін дереу дайын­дықты бастап кеттік. Эверестті екі рет сәтті бағындырып келген тәжірибелі альпинист ретінде Мақсұт Жұмаев бізге жаттығу жоспарын әзірледі, дұрыс тамақтану жоспары бойынша ұсы­ныс­тар берді. Ол сондай-ақ ко­­­­ман­­даның барлық киімі мен құ­рал-жабдығын өзі таңдап берді», – деді альпинист қыз.

Еске салсақ, Алматыда 23 мамыр күні Kazakh Everest Team ұлттық-патриоттық экспедициясы қатысушыларымен баспасөз конференциясы өткен еді. Сол жиын­да экспедиция басшысы, планетаның 14 сегіз мыңдық шыңына көтерілген альпинист Мақсұт Жұмаев Эверест шыңын­­­да Қазақстан жалауы үшінші мәрте желбірегеніне қуанғанын жеткізген. 

«Әдетте қайтар маршрутта көптеген жазатайым оқиға болатынын атап өткім келеді. Альпинистер қатты шаршап, тоңып, күш жоғалтып алғанда автоматты түрде қозғала береді, осындай кезде зейін­­ді жоғалтпау, карабинді бекітуді ұмытпау және шерптің нұсқауларын қатаң сақтау маңызды. Шыңда біз екі туды – еліміздің туы және Рахымжан Қош­­­қарбаевтың Жеңіс туын көтердік. Ме­­­ні ал­­ғашқы экспедицияма дайындаған ұстазым әрі тәлімгерім Ерванд Тихонович Ильинскийді әрдайым еске алып жүре­мін, ол әрдайым шәкірттеріне жанашыр, бірақ талапшыл болатын. Бұл экспедицияда Анар мен Альмирден еш кү­мәнданбадым, менің мансабымдағы ең биік шыңға үшінші көтерілуімде еліміздің туын олармен бірге желбіреткенімізге қуа­­­­ныштымын», – деді ол. 

Шыңды бағындыру – физикалық және психикалық тұрғыдан қиын шаруа. Биікке көтерілу жинақылық пен батылдықты талап етсе, шыңнан түсу де дәл сондай табандылықты қажет етеді. Команда шыңнан түсу кезінде күш жинап алу үшін лагерьде (8 000 м) бір түн түнепті. 

Эвересттің шыңына тұңғыш рет қазақ қызының шығып ту тігуі тарихи оқиға ретінде тіркелді. «Эверестті бағындырған тұңғыш қазақ қызы» атағы бұйырған Анар Бурашева:

«Эверестке бірде-бір рет қазақ қызының бармағанын 2020 жылы білдім. Бұл – альпинизм мектебінде оқып жүрген кезім. Осы уақытта әлемнің ең биік нүк­те­­сіне көтерілу арманы пайда болды. Соң­ғы экспедициямыз 45 күнге жуық уақытқа созылды. 6 сәуірде басталып, 20 ма­мырда аяқталды. Құрамда Мақсұт Жұмаев – команда жаттықтырушысы, ал Алмир Қымбатбаев команда жетекшісі болды», – деді. 

Айта кетейік, үш қазақстандық альпинистен құралған командалық экспедиция Қазақстанның біртуар батырлары – Қазақстан Республикасының бі­рінші қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев пен Кеңес Одағының батыры Әлия Молда­­ғұ­ло­ваның 100 жылдығына арналған.

Одан бөлек, Анар Бурашева әлемнің «шатырына» өзімен бірге Сағадат Нұрма­ғам­бетовтің, Рақымжан Қошқарбаев­тің кітабы мен өз әкесінің жеке компасын алып шық­қан. Эверестті бағындырған қа­зақ қызы алдағы уақытта жеті континеттің ең биік шыңдарын, соның ішінде Мон­­­блан шыңын бағындыру жоспарының алдыңғы қатарында тұрғанын да жасырмады.

«Әрине, бұл жетістікпен тоқтап қал­­­ғым келмейді. Елге орала салысымен, басшыларыма: «Жалғастыру керек!» деп айтып, қатты таңғалдырған болармын. «7 шың» бағдарламасына қатысып, барлық құрлықтың ең биік тауларына көте­­­­­­­­­ріл­гім келеді. Оның үстіне, ме­нің қоржынымда африкалық Килиманджаро және Еуразия мен бүкіл планетаның ең биік шыңы – Эверест бар!» – деп жоспарларын бөлісті Анар Бурашева.

1997 жылы Эверестке жеткен тұңғыш қазақстандық әйел Людмила Савина болса, тұңғыш қазақ қызы – Анар Бурашева. Ол экспедициядан оралғаннан кейін спорт әлемінде жетістікке жеткізетін қадамдарға жоспар құруда екенін айтты.

Kazakh Everest Team экспедициясын қолдау мақсатында қазақстандықтардың Эверестке көтерілуі туралы фильм түсі­­ріліп жатыр. Отан­­дық деректі фильм тү­сі­­руші Ғибрат Бақаев режиссерлік еткен фильм биыл күзде көпшілікке таныстырылады. Айта кетейік, түсірілім тобы Непалда қатысушылармен бірге жүріп, олардың көтерілуге дайындығынан құнды кадрлар түсіріп алды.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ