Пәкістанда аптап ыстық толқыны басылмай тұрғанын Reuters агенттігінің сайты хабарлады. Мұндай аптап ыстықтың Үндістанда тіркелгенін Aikyn.kz бір күн бұрын жазған болатын. Көршілес Пәкістандағы ыстықтан да адамдар қатты қиналуда.
Пәкістанның оңтүстігіндегі Синд провинциясында температура 52 градус Цельсийден (125,6 градус Фаренгейттен) жоғары көтерілді. Бұл жаздың ең жоғары температурасы емес, аптап ыстық толқыны жалғасуда. Елдің метеорология қызметі биылғы ыстық рекордтық көрсеткіштерге жақын екенін хабарлауда.
Халықаралық ғалымдар тобы Азияда соңғы айда ауа температурасының күрт ысуы климаттың техногендік өзгеруінің салдары деп болжауда.
Пәкістанның метеорологиялық департаментінің жоғары лауазымды қызметкері Шахид Аббас тарихи маңызы жоғары Синд провинциясындағы Мохенджо-Даро қаласында соңғы 24 сағатта температура 52,2 градусқа (126 F) дейін көтерілгенін растаған.
Бұл аймақ біздің дәуірімізге дейінгі 2500 жылдардағы Үнді алқабының өркениетіне жататын археологиялық ескерткіштерімен әйгілі.
Бұған дейін тіркелген жаздың ең жоғары рекордтық көрсеткіштер 53,5°C (128,3 F) және қалада 54°C (129,2 F) болған.
Мохенджо Даро – өте ыстық жазы және жауын-шашын аз болатын жұмсақ қысы бар шағын қала. Бірақ оның шектеулі нарықтары, соның ішінде наубайханалар, шай дүкендері, электроника жөндеу шеберханалары және жеміс-көкөніс базарлары әдетте сатып алушыларға толы. Бірақ қазіргі күннің ыстығына байланысты дүкендерге келушілер азайған.
«Қатты ыстыққа байланысты тұтынушылар мейрамханаға келмей жатыр. Мен мейрамханада үстелдер мен орындықтармен бірге жалғыз отырмын, ештеңе істемеймін және клиенттер де жоқ. Мен күніне бірнеше рет ваннаға түсемін, бұл маған аздап жеңілдік береді. Оның үстіне, электр жарығы да жоқ. Аптап ыстық бізді қатты алаңдатады», – дейді қаладағы шайхананың иесі 32 жастағы Ваджид Али.
Әли дүкенінің жанында 30 жастағы Абдул Халиктің электроника жөндеу шеберханасы орналасқан. Халик те аптап ыстықтың бизнеске әсер етіп жатқанына шағымданды.
Жергілікті дәрігер Муштак Ахмед жергілікті тұрғындардың ауа райының қиын жағдайларында өмір сүруге бейімделгенін және осындай ыстық күндері үйлерінде немесе суға жақын жерлерде болуды қалайтынын айтады.
«Пәкістан – климаттық өзгерістердің әсеріне ең осал бесінші ел. Біз нормадан жоғары жауын-шашын мен су тасқынының куәгері болдық», – дейді премьер-министрдің климат жөніндегі үйлестірушісі Рубина Хуршед Алам жұма күнгі баспасөз мәслихатында.
Ол Үкімет аптап ыстыққа байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтады. Пәкістанда тіркелген ең жоғары температура 2017 жылы болған, ол кезде температура Белуджистанның оңтүстік-батысында орналасқан Турбат қаласында 54C (129,2 F) дейін көтерілген. Бұл – Азиядағы екінші және әлемдегі төртінші ең жоғары көрсеткіш.
Ауа райын болжаушы метеоролог мамандар Мохенджо-Даро мен оған жақын аудандарда аптап ыстық толқыны жақын күндері бәсеңдейтінін айтады. Бірақ мұндай ыстық Пәкістанның ең ірі қаласы елдің астанасы Карачиге келеді деп күтілуде.
Үндістандағы дәл осындай аптап ыстық туралы Aikyn.kz жариялаған материалды мына сілтемеден оқи аласыздар.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.