Президент ГФР Федералдық канцлері Олаф Шольцпен телефон арқылы сөйлесті

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, екі елдің халықаралық аренадағы күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығына назар аударды.

Германия тарапының бастамасымен өткен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц екіжақты қатынастардың практикалық мәселелерін талқылады, – деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысының былтыр қыркүйек айында Берлинге жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға баса мән берілді.

Тараптар сауда-экономикалық ықпалдастық қарқыны жоғары екеніне ерекше назар аударып, іскерлік байланыстарды нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға өзара қызығушылық танытты. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, екі елдің халықаралық аренадағы күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығына назар аударды. Осы орайда тараптар алдағы уақытта Астанада «Орталық Азия – Германия» форматында өтетін жоғары деңгейдегі кездесудің мәні зор екенін атап өтті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.