Жошы ұлысын зерттеушілер бас қосты

22 мамырда Ұлт білімі мен ғылы­мының қара шаңырағы – Абай атын­да­ғы Қазақ ұлттық пед­агогикалық уни­­вер­ситетінде «Жошы ұлысы: та­рихы, мұрасы және тағ­ы­лымы» атты халықаралық ғыл­ыми-прак­ти­ка­лық конфер­енция өтті.

Әлемнің әр түк­пір­інен келген Жошы ұлысы тар­и­хын зерттейтін мама­н­дардың басын бір­іктірген ауқымды іс-шара Мем­­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен елімізде аталып жат­қан Жошы ұлысының 800 жыл­­дығы аясында ұйым­дас­тырыл­ды.

«Мемлекеттігіміздің тамыры тым тер­ең­де жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қол­­ға алынуы тиіс», – деп  Мемлекет бас­­шысы Жошы ұлысы тарихының қазақ мем­­лек­еттілігі тарихының маңызды кез­еңі екеніне назар аударып, тарихшы ғал­­ымдарға болашақ зерттеу бағыттарын айқындады.  

Іс-шарада  Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің және Алматы қаласы әкімдігінің арнайы құттықтау­­лары оқылды. Абай атындағы ҚазҰПУ рек­торы, басқарма төрағасы Болат Анапияұлының конференция қатысушы­ларына арналған алғысөзінде  Жошы ұлысының тарихын зерттеу – ХIII-ХV ғасырлардағы Жошы ұлысы тарихының өзекті мәселелерін тал­қылап, кеңінен насихаттау, оның тарихы­на қатысты жаңашыл көзқарастарды бағамдау, әлемдік өркениетте алатын ор­нын анықтау, сол кездегі этносаяси үд­­ері­с­­терді зерттеу.

Конференцияда Канада, Жапония, Түркия, Ресей, Украина және Қазақстанның белгілі тарихшылары Жошы ұлысы тарихынының түрлі аспектісін онлайн және офлайн форматта талқылады. Олар Жошы ұлысы тарихының өзекті мәселелерін талқылап, осы мемлекет тарихына қатысты тың мәліметтермен бөлісті. Баяндама жасаған ғалымдардың ішінен бір­неше шетелдік маманның атын атауға болады. Олар Канаданың Торонто универ­ситетінен келген Джю-Юп Ли, Түркиядағы Анкара университетінің профес­соры Аб­дул­лах Гюндоғду, Жапон­ияның ғалымы Хироюки Нагаминэ, қазір Назарбаев уни­верситетінде жұмыс істеп жүрген про­фессор Юлай Шамильоглы. Бұл ғалымдардың жасаған баяндамалары тың­­даушылардың көңілінен шығып, үл­кен қы­­з­ы­ғушылық тудырды. Отандық ғалым­дардан баяндама жасаған академиктер Ханкелді Әбжановты, Берекет Кәрібаевты,  профессор Клара Хафизованы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры Амантай Исинді, «Сарай­шық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры, профессор Әбілсейіт Мұқтарды, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Мұхтар Қо­жа­ны, АБДИ гуманитарлық зерттеулер институтының дир­екторы,  тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Өскенбайды атауға болады. Бұл зерттеушілердің әрқайсысының баяндамасында Жошы ұлысының тарихына қызыққан әр адамға пайда­лы ғылыми ақпараттар берілді.   Мә­се­лен, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың жет­екші ғалым­дарының бірі,  ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хан­келді Әбжанов өзінің баяндамасында Қаз­ақ мемлекеттігі тарихын дәуірлеу та­қы­рыбын сөз етті. Қа­зақ мем­лекеттілігі тари­хын саралай келе, ака­демик «қазақ мем­­лекеттігінің классикалық және сындарлы дәуірлерде тиянақтаған әлеуеті, тәжірибесі мен  сабақтары мемлекетсіз әкімшілік және номиналды мемлекет дәу­­­ірлерінде жойдасыз талан-таражға түс­кенімен, біржолата сарқылмай, тәуелсіз мемлекет дәуіріне нәр бере алды» деген қорытынды жасады. 

Канаданың Торонто университетінің белгілі ғалымы Джю-Юп Ли  конференция қатысушыларына Жошының ұлысы (халқы) туралы замандастарының жазғандары туралы баяндама жасады. Араб, парсы, шағатай тіліндегі тарихи дереккөздер негізінде шетелдік ғалым Жошы ұлысының халқы өзбектер, татарлар, токмақтар деп аталғанын, ал мемлекет билеушілері атымен Бату ұлысы, Орда ұлысы, Өзбек ұлысы және тағы осындай бірқатар ұлыс аталғанын көрсетті.  

Анкара университетінің профессоры Абдуллах Гюндоғдудың Жошы ұлысы мен Осман империясының байланыстарына арналған «Жошы ұлдары дәуіріндегі Анадолы-Дешті Қыпшақ қатынастары» атты баяндамамасы да көпшіліктің қызығу­шылығын тудырды.  

Жапонияның ғалымы Хироюки Нагаминэ парсы тіліндегі «Мунтахаб ат-Таварих-и Муʻини» шығармасын басқа тарихи шығармалармен салыстырып талдаса, отандық ғалым, академик Берекет Кәрібаев Алтын Орда дәуірінен қалған тарихи сөз тіркестері мен мәтелдер жайында баяндады. Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамильоглы баяндамасында Алтын Орданың саяси құрылымының Қазақ хандығының саяси құрылымына әсері туралы мәліметтер келтірді. Профессор Клара Хафизова қытай тіл­індегі «Юаньчао биши» шығармасындағы Жошы бейнесіне тоқ­талды. 

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры Амантай Исиннің баяндамасы «Жошы Ұлысы не­гізінде құрылған мемлекеттер, олардың дер­ектерде, халық жадында және зерттеу­шілер ортасында аталуы» деп аталды. 

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұқтар Әбілсейіт жазба деректер негізінде ортағасырлық Сарайшық қаласының Жошы Ұлысындағы қоғамдық-саяси, экономикалық, рухани өмірінде маңызды рөл атқарғанын көрсетті.  

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, т.ғ.д., Мұхтар Бахадырұлының да баяндамасы Сарайшық қаласына арналды. Ол тарихи дереккөздердегі Сарайшықтағы құрылыстар жайындағы мәліметтерді археологиялық материалдарымен салыстырды.

АБДИ гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Өскенбай «Орта­ғасырлық Қазақстандағы Жошы ұлы­сының географиясы» тақырыбына жасаған ба­ян­­да­­масында Жошының Қазақстанның қай­ аймағына қай жылдары келгенін, қан­дай өңірлерді мекен еткенін өзі дайын­даған карта негізінде көрсетті. 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өткізген «Жошы ұлысы: тарихы, мұрасы және тағылымы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы биылғы жылдағы тарих ғыл­ымы саласындағы маңызды оқиғалардың бірі болды. Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған конференцияны уни­вер­ситет жоғары деңгейде ұйымдас­тырып өткізді. 

Сымбат БЕГІМБАЕВА