Танымал әнші Нұржан Қалжан Америкаға шақырту алып, бара алмай қалғанына өкінетінін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Өнер иесі Хабарlike бағдарламасына сұхбат беріп, Америкадан келген продюсерлердің ұсынысынан бас тартқанын айтты.
"Негізі мен өнерге алғашында эстрада емес, дәстүрлі әнші болып қадам бастым. Менің эстрада әншісі болуыма марқұм композитор Арман Дүйсенов ағамыз бірден-бір септігін тигізді. Түркістанда, Алматыда байқауларға қатысып, жеңіп, эстрадаға қадам бастым. Одан кейін Қытайға бардым, ол жақтан да жеңіспен қайттым. Қытайдан келгеннен кейін АҚШ-тан Майкл Джексонның алғашқы продюсері келді. Олар мені Америкаға жұмысқа шақырды, "2 жыл тіл үйренесің, кейін ән жазып, шығарамыз, әндерің хит болып, әлемдік деңгейдегі жұлдызға айналасың" деді. Мен ол уақытта Қыдырәлі Болманов ағамызбен жұмыс істеп жүрген едім. Шыны керек, ол кезде бір ауыз орысша білмейтін ауылдан келген бала болдық. Содан "орысшаны өзім білмеймін, ағылшыншаны мүлдем білмеймін, ол жаққа барып қалай ән айтамын? Қалай болады?" дедім де, "білмеймін, көрейін" дедім. Содан 2 жылдан кейін Қыдырәлі ағаның продюсерлігінен кеттім. Кеткеннен кейін тағы да АҚШ-тан сол кісілер қоңырау шалып тұр. Менің продюсерсіз екенімді естіп, Толқын деген аудармашы қызбен хабарласып тұр. Сөйтіп, олар маған "біздің ұсынысымыз әлі де күшінде, егер келемін десең, ертең Қазақстанға барып, сені алып кетеміз" деді. Мен сонда да қорықтым, мүмкін ауылдан шыққан, сыртты көрмегендіктен болар, тағы бармадым. Әлі күнге дейін сол шешіміме өкінемін, "құрып кетсем де, баруым керек еді" деп ойлаймын, өзегімді өртейтін осы өкініш бар”, – деді әнші.
Сонымен қатар тұманды Альбион елінен де әншіге шақырту түскен. Алайда ол да сәтсіз аяқталған.
“Одан кейін Лондонға шақырды. Ол кезде "Бұлбұл құс" әні хит, көпке танымал еді. Сол уақытта ағылшынша-қазақша аралас сөйлейтін қазақтар келді, қазақша аса қатты білмейтін. Олар "осы ән Ұлыбританияда жақсы тарап жатыр, осы әнді енді ағылшынша жазсақ, бүкіл әлемге танылады, миллионер боласың" деді. Тура сол уақытта өмірімде қиындық көбейіп, ол да кейінге қалды", – деді әнші.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.