Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Жайықтағы су деңгейі әлі шарықтау шегіне жетпегенін мәлімдеді. Қала және облыстағы бірнеше елді мекенді су басу қаупі әлі де бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz azh.kz-ке сілтеме жасап.
Атырауда 28 мамырдан бері Жайықтағы су деңгейі 6 метр болып тұр. Бұған дейін қалаға келетін судың ең мол мөлшері осынша болатыны айтылған еді.
Ал жергілікті әкімдік қаланы су басады деген үлкен қауіп жоқ екендігін айтты.
Дегенмен, Атырауға да су кіріп, Алмалы мен Бесікті ауылдарына қауіп төндіріп тұр. Қала маңындағы Бесікті, Алмалы, Талғайраң, Ақжар, Ақсай ауылдары су басу қаупі жоғары аймақ деп танылған. Құтқарушылар жағдайды күндіз-түні бақылап отыр.
Атырау қаласына да су келді: Алмалы мен Бесікті ауылдарына қауіп төніп тұр. Талғайран, Ақжар, Ақсай ауылдарына да қауіп бар. Құтқарушылар «тәулік бойына бақылауға алынған» дейді.
Ал қаладағы Алмалы ауылдық округінде – 6009 адам: оның ішінде Алмалы ауылында – 3683, Береке ауылында – 2326 тұрады. Округте жалпы 1323 үй болса, оның ішінде Алмалы ауылында – 745, Береке ауылында 578 үй бар. Ауылдық округте 2 орта мектеп, 2 балабақша, 2 мәдениет үйі, 1 дәрігерлік емхана бар.
– Ешқандай нысанды су басқан жоқ, – дейді қала әкімдігі баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.
Атырау облысы ТЖ департаменті басшысының орынбасары Руслан Шариевтің сөзінше, қазір Махамбет ауданында су деңгейі шарықтау шегіне жеткен. Ал қалада 1994 жылғыдай ең мол су мөлшері – 6 метрге жетеді делінсе де, «әлі шарықтау шегіне жетпеді» дейді.
Қауіпті елді мекендерде тұрғызылған бөгеттер бойында тәулік бойы кезекшілік қойылып, қосымша жаға бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Ресми ақпарат бойынша, Индер ауданында су деңгейі түсіп жатқаны байқалады. Махамбет ауданында су деңгейі шарықтау шегіне жетіп, он метрден асқан.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.