Теректен ұшқан мамық жұртты әуре-сарсаңға салуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
КТК телеарнасына дәрігерлер айтқандай, бұл жағдай аллергиясы бар адамдардың ауруын одан сайын қоздырады.
“Науқастар көп. Түске дейін алтауын қабылдадым. Маусымдық аллергия бойынша күні бойы қарап жатырмыз,”– деді Абай облысының бас аллерголог дәрігері Ботагөз Тұраханова.
Көптеген тұрғын медициналық бетперде тағатын болған. Кейбірі аллергияға қарсы өз бетінше дәрі ішкен. Ал ем-дом дұрыс жүргізілмесе, оның соңы аллергиялық ринит, бронхиалды демікпеге айналып кетуі мүмкін. Сондықтан дәрігерлер, мұндай жағдайда, ең бірінші, өз бетінше емделмей, мамандарға көрінуге кеңес береді. Ал жергілікті коммуналдық қызметкерлер теректен мамығын тазалап әлек. Тіпті оған 100 адам жұмылдырылған. Әйтсе де олар шаһарда мамық шашатын тал-терек көп болғандықтан, сыпырып үлгере алмай жатыр.
“Таңғы 8-ден, кешкі сағат 4-ке дейін істейміз. Үлгергенше сыпырамыз. Әсіресе жағалауда көп. Таңертеңнен кешке дейін сыпырып жүреміз. Жұмыс көп, кісі аз,”– дейді жұмысшы Гүлдаста Қырықпаева.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.