«Бізде еркін айырбас саясаты жоқ, мұнайдың арзандағаны пайдалы» – сарапшы
«Бізде еркін айырбас саясаты жоқ, мұнайдың арзандағаны пайдалы» – сарапшы
Фото: Интернеттен алынды
246
оқылды
Мұнайдың арзандауы, теңгенің құнсыздануына байланысты Экономикалық саясат институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы Қайырбек Арыстанбеков Қазақстандағы экономикалық ахуал қандай болатынына қатысты пікірін айтты, – деп жазады inbusiness.kz. ­ Мұнайдың бір баррелі  20 долларға дейін түседі деп жатыр. Мұндай жағдайда доллардың біздің валютаға шаққандағы шынайы бағамы  900 теңгеден асады деген болжамдар айтыла бастады. Біздің мемлекет, соның ішінде Үкімет пен Ұлттық банк мұндай сценарийге қаншалықты дайын деп ойлайсыз?
«Мұнайдың бір бөшкесі 20 долларға төмендейді, ұлттық валютаның бағамы 900 теңгеге дейін түседі деген болжамдар негізсіз. Менің ойымша, мұнай бағасы қысқа мерзімге ғана 20 долларға түсуі ықтимал. Ал орта мерзімде ондай болмайды деп есептейміз.  Ал Үкімет пен Ұлттық банк ықтималды түрде осындай сценарий болса, оған дайын емес деп ойлаймын. Өйткені мемлекеттің бюджеттік саясаты, мемлекеттің валюталық саясаты, ақша-несие саясаты, барлығы басқа сценариге бағытталған».
Бұл жолы теңге бағамын мемлекеттік тетіктермен реттеу әрекеттері қолға алына ма? Валюта бағамы алдағы 3 айда қандай дәлізде болады деп ойлайсыз? Осы мерзімде теңге бағамын реттеу мемлекет қазынасы үшін қаншаға түседі? «Біз мынаны ашық айтып алуымыз керек. Ұлттық банк, яғни, регулятор осыған дейін «Еркін айырбас бағам саясаты жүргізіліп отыр» деп мәлімдеп келді. Шын мәніне келсек, статистика көрсеткендей, регулятор қиын ауытқу болған кезде валюталық интервенция жасағаны байқалып тұр. Өткендегі бір деректер бойынша 85 млн АҚШ доллары интервенцияға жұмсалған. Сондықтан, бізде еркін айырбас саясаты жоқ деуге болады.  Ал жалпы дәліз 380-410 теңгенің ортасында сақталады деп ойлаймын. Таяудағы 3 айда валюта бағамын ұстап тұру үшін мемлекет қазынасынан қанша ақша жұмсалады дегенде біз мынаны түсінуіміз керек. Ұлттық банкте қандай активтер бар? Бірінші, әрине мемлекеттік алтын валюта резеві. Екінші, Ұлттық қордан тиісті валюта активтерін пайдалану көзделген. Яғни, валюта бағамын реттеуге көмектесетін қазынаның екі қайнар көзі бар. Соны пайдалануы мүмкін. Ал тікелей реттеуге келетін болсақ, бұл интервенцияға байланысты. Мысалы 1 доллар 400-420 теңге болып,  күрт төмендеп кетсе, Ұлттық банк жағдайды реттеу үшін валюталық интервенция жасауы ықтимал. Яғни, валюталарды нарыққа сата бастайды. Бұл жерде, әрине қазынаға жүк түседі. Екіншіден, бұл жүк алтын валюта резервіне түседі. Үшіншіден, бұл мұнайдан түсіп жатқан Ұлттық қорға қол салуы өте ықтимал». 2020 жыл – көптеген мемлекеттік бағдарламаларды түйіндейтін жыл. Индустриялы-инновациялық дамудың жаңа бесжылдығына өтер тұста мұнай бағасының құбылуы Қазақстанның экономикалық даму жоспарын қанша уақытқа тежейді немесе артқа лақтырып тастайды?
«Әрине мұнай бағасының бұл жолғы құбылуы осы жоспарларға ықпал етеді. Әлемде индустриялы-инновациялық даму стратегиясы ұлттық валюта бағамына сәйкестендіріледі екен. Өкінішке қарай, бізде ондай сәйкестендіру жоқ. Халықаралық тәжірибеде индустриялы-инновациялық бағдарламаның басты-басты 4 сатысы болады. Бірінші сатысы импортты алмастыруға, екіншісі экспортқа бағытталған.  Дүниежүзінде бағдарламаның бірінші сатысында валюта бағамы өте төмен есеппен алынған. Мысалы, бір доллар 380 теңге емес, 300 доллар болуы керек екен. Мемлекет 1-2 жыл шетелден технологияны алып, ішкі нарықты дамытқасын, экспортқа дайындалады. Осы кезде валюта бағамына өзгеріс енгізілуі керек екен. Яғни, 1 доллар 300 теңге емес, 400 теңге болуға тиіс. Осылайша валюталық бағам саясаты экспортты ынталандыруға бағытталуы керек. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдары Ұлттық банктің валюта бағамы саясаты мен мемлекеттің индустриялы-иннвалциялық даму стратегиясы арасында осындай сәйкестілік, орындылық, тепе-теңдік сақталмады, еш уақытта болмады. Бұрын болмаған сәйкестік  мынандай жағдайда тіптен болмайды деп ойлаймын».
Атаулы әлеуметтік көмек, педагогтердің айлығын көтеру, 2022 жылға қарай дәрігерлердің орташа еңбекақысын 500 мың теңгеге жеткізу, зейнетақы реформасы, шағын және микробизнесті салықтан босату, МӘМС бойынша қабылданған жоспарлар не болады?
«Бізде бюджеттік шығындар тұрғысынан мемлекеттің 3 функциясы бар. Дәстүрлі функцияға қорғаныс, мемлекеттік аппарат, сот, құқық қорғау органдарына жұмсалатын қаражат көздері жатады. Екінші, әлеуметтік функцияға денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдаулар кіреді. Үшінші, заманауи функцияға индустриялы-инновациялық бағдарламаны қаржыландыру, сыртқы қарыздарды өтеу сияқты шығындар кіреді».
Осы аталған әлеуметтік міндеттемелер мен уәделерді орындау үшін қосымша қаржы қажет болса, қай көздерден алынуы мүмкін? Неден үнемдеу тиімді? Қай жобалар мен бағдарламаларды шегере тұруға болады деп ойлайсыз? LRT  сияқты жобаларды кері қайырып қою орынды емес пе?
«Менің ойымша, әлеуметтік шығындарға бұл жолғы мұнай бағасының құлдырауы түбегейлі әрі дереу ықпал ете қоймайды. Өйткені жаңағы 3 функцияны салыстырсақ, бізде дәстрүлі функция бойынша қыруар қаражат көзделген. Ең алдымен соларды қысқарту керек. Бұл – мемлекеттік аппарат, бұл – құқық қорғау органдары, бұл – қорғаныс саласы. Бұдан басқа да қаражат көп жұмсалып жатқан баптар бар. Соларды қысқарту қажет. Екіншіден, мемлекеттің көлемін қысқарту керек. Мемлекеттің көлемі деген, макроэкономикалық тұрғыдан, елдің аумағы немесе халқының саны емес.  Бұл – Ұлттық банк, Үкімет және жергілікті бюджеттердің барлық шығындарының жиынтығы. Соны қысқарту керек.  Егер осындай жауапты бюджеттік саясат жүргізілсе, манағы айтылған әлеуметтік міндеттер, әлеуметтік нысандарды қаржыландыру мәселесі болмайды».
Бұл жолғы мұнай бағасының құлдырауын немен түсіндіруге болады? Сіздіңше қанша уақытқа созылуы мүмкін?
«Мұнай бағасының төмендеуі ең алдымен геосаяси факторлармен түсіндіріледі. Екіншіден, мұнай және мұнайға ұқсас тақтатас сияқты өнімдердің нарыққа көп шығарылуына байланысты. Үшінші себебі – энергияның балама көздерінің үлесі артып отыр. Тағы бір қосымша себеп ретінде ОПЕК пен ірі өндірушілер арасындағы түсініспеушілікті де айтуға болады. Дегенмен, ОПЕК-тің әлемдік мұнай нарығындағы үлес салмағы біздің есептеуіміз бойынша 36-37 пайыз ғана екен. Қалғаны оған мүше емес елдердің үлесіне тиесілі. Мұнай бағасының түсуі бізге қалай әсер етеді? Жақсы ма, жаман ба дегенге келетін болсақ, мен айтар едім, бұл бізге жақсы. Мұнай бағасының  түскені бізге өте пайдалы. Егер мұнай бағасы түссе, халық Үкіметке, биліктегі басшыларға экономикалық саясаттың сапасына қатысты талап қоя бастайды. Біздің есептеуіміз бойынша, мұнай бағасы 20 доллар болғанда да  жақсы дамыған мемлекеттер бар. Ондай 2000 жылдардың басында бізде де болған. Мұнай бағасы 20 доллар болғанда біз жақсы дамыдық. Бұл жерде мұнай бағасының төмен болуы Үкіметке қатаң шарттар қояды. Яғни экономикалық саясаттың сапасын арттыруға итермелейді. Сондықтан мұнай бағасының төмендегенін қуанып, қуанышпен қарсы алу керек.
– Бұл дағдарыс мұнайға тәуелді емес секторларға мемлекеттік қолдауды күшейтіп, ұлттық холдинг,  компанияларды жекешелендіруді жылдамдатуы мүмкін бе?
«Ұлттық холдингтерді, квазимемлекеттік секторды, меніңше, қазір жекешелендіру онша қолайлы емес. Оларды жекешелендіру үшін нарықта еркін ақша айналымы болуы керек. Жеке секторда ақша өте көп емес. Жекешелендірудің басты – мақсаты мемлекеттік секторды азайту ғана емес, сонымен қатар, бюджетке кірістер енгізуі керек. Ал біздің кәсіпорындарды сатып алатын нақты жеке сектордың ірі ойыншылары жоқ. Әйтпесе, шетелден тарту керек. Ал  шетелден көп тартсаңыз, бұл экономикалық қауіпсіздікке тәуекелді көбейтеді. Жалпы жекешелендіру керек. Бірақ қазір оның уақыты емес сияқты.