Әлімжеттік әлсіздің ісі ме?

Соңғы жылдары балалар арасындағы жаппай төбелеске көбіне әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалар арқылы куә болып жатамыз.

Маңғыстауда мектеп түлектері арасындағы, Павлодардағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған әскери мектеп-лицей-интернатында болған немесе Қызылорда облысы Байқоңыр қаласында болған жасөспірімдер арасындағы төбелес секілді келеңсіздікке көз жұма қарауға болмайды. Төбелес – әуелі балалар арасындағы әлімжеттікті ушықтырып, бала психологиясының, құқығының бұзылуына алып келу қаупі бар құбылыс.

Сарапшы мамандар балалар арасындағы төбелестің өршуіне тәлім-тәрбиенің ықпалы көп еке­нін айтады. Сонымен қатар буы­ны қатып, санасы орнықпаған бала­лар арасындағы төбелеске кейбір қа­­лыптасқан ұр да жық дүние­та­ным мен ұстаным қауе­сетінің де әсері көп. Кейбір әлім­жеттік мә­селе­лерді «авторитет», «абырой» ұғы­мында бейнелеудің де ықпалы аз емес.

– Біз кезінде үлкендерден, ата-апаларымыздан батырлар жырын, халық ауыз әдебиетінің ерлік дас­тандарын, ертегілерді көп тыңдап өстік. Ерлік, өрлік, елдік мәсе­ле­лердің қалай қалыптасу керегін са­намызға халқымыздың рухани қазыналары арқылы сіңіріп өстік. Қазіргі балалар қазақтың мол ру­хани қазынасынан қол үзіп қалды. Оларды қолындағы теле­фон тәр­биелеп жатыр. Әлеуметтік желі­лердегі елеп-екшелмеген ақпарат тасқыны бірінен кейін бірі бала­лардың санасына әсер етіп, тұрақ­ты мінез-құлықтың қалып­тасуына да кесірін тигізіп жатыр. Салда­рынан балалар шыдамсыз, «тыз етпе», өзімдікі ғана дұрыс дейтін менмен болып өсіп келеді. Егер төбелес төркініне үңілетін болсақ, жеке адамның дүниетанымы мен ұстанымы мәселесіне жолығамыз. Әркім өзінікін дұрыс санау салда­рынан мұғалім, мектеп, бала, ата-ана арасындағы байланысқа бел­гілі бір дәрежеде сызат түсіп, бала тәрбиесін қолдан шығарып алдық па деп ойлаймын, – дейді Мәжіліс депутаты Данияр Қас­қарауов.

Қазір балалар тәрбиесінде әлеуметтік желінің рөлі басым екенін жоққа шығаруға болмайды. Оқу-ағарту министрлігінің баста­масымен UNICEF-пен бірлесе жүргізген Kazakhstan Kids Online ауқымды зерттеуі негізінде Қазақ­станда балалардың интернетті пайдалануымен байланысты елеу­лі сын-қатерлердің бар екені анық­­­­­талған. Зерттеу нәтижесінде ба­лалардың 5%-ы желіге алғаш рет төрт жаста, кей жағдайда тіпті одан да ерте жаста кіреді. Ал 9-10 жас аралығындағы балалар­дың 60%-ы және 11-12 жас аралы­ғын­дағы балалардың 66%-ы әлеу­меттік желілер мен ойын платфор­­­­ма­­ларында өз аккаунт­тарын ашқан. Мұндағы алаңда­тарлық мәселе − балалардың 15,3%-ы күн­делікті және апта сайын неме­се кем де­генде айына бір рет ин­тернетте жа­ғымсыз кон­тентпен бетпе-бет келу арқылы (11,7%-ы) күйзеліске ұшырайды. Бұл өз кезегінде бала­лар арасын­дағы қылмыстың артуына әсер етпей қоймайды.

Оқу ағарту министрлігі бас­пасөз қызметінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп білім беру ұйымдарын техникалық қауіпсіздік құрал­дарымен жарақтандыру, норма­тивтік-құқықтық актілер енгізу жұмыстарын жүзеге асырып, бала­ларды қорғау жөніндегі кешенді жоспар және буллингке қарсы бағдарлама қабылдады. Психо­логиялық қызметтердің жұмысын күшейтуге басымдық беріп отыр. Сондай-ақ министрліктің мәлі­метінше, биылдан бастап еліміз бойынша 2 миллионға жуық оқушы «ДосболLike: достық қо­лын соз» акциясына қосылды.

− Бұл бағдарлама биыл наурыз айында пилоттық режимде бас­талды. Сәтті апробациядан өт­кеннен кейін «ДосболLIKE» бағ­дарламасын бүкіл ел аумағында кеңейту жоспарлануда. Аталған бағдарлама қауіпсіз оқу ортасын құру үшін маңызды қадам, онда әрбір бала өзін қорғалған сезініп, өсіп-өркендей алады, − дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова. 

Маманның айтуынша, бағ­дарлама оқушылар арасында ғана емес, студенттердің жанжалдарға сындарлы жауап беру дағдыларын қалыптастыруға, балалардың әлеу­­меттік-эмоционалдық дағды­ларын дамытуға, тұлғааралық және топ­аралық қатынастарды оңтай­ландыруға, балалардың субъек­тивті әл-ауқатының дең­гейін арттыруға бағытталған. Де­генмен бұл бағдарламаның бала­лар ара­сындағы жаппай төбелес мәселесін азайтуға қаншалықты әсер ететінін уақыт көрсете жатар.

Қазақстанның Еңбек Ері, бі­­лікті педагог Аягүл Миразованың айтуынша, балалар арасындағы төбелес – ең алдымен үйдегі тәр­­­биенің жемісі. 90-жылдардан кейін ата-аналардың балаға қа­райтын уақыты болған жоқ. Тұр­мыстың қа­мымен бала бағусыз қалған кездер болды.

− Қазір баланы еркін өсіру, бетінен қақпау, айтқанының бәрін орындау керек деген түсінік пайда болыпты. Бұл, әрине керек. Бірақ баланың бәрі туабітті ақылды, ақ пен қараны ажырата алатын ке­меңгер болып тумайды. Қанмен келетін қасиет те бар. Алайда бі­­­реу­ге әлімжеттік көрсету − әдеп­сіздік, тәрбиесіздікті білдіреді деп баланың құлағына үнемі құйып отыру керек. Адамдар арасындағы мейірім, сыйластық, бір-біріне қамқор болу секілді асыл қа­­сиет­терді бала бойына жастайынан сіңіре беру керек. Адам бойында жақсы да, жаман да мінез-құлық­тың болатынын бала түйсініп, түсініп өсуі керек. Кешірімді болу­ды үйренуі керек. Отбасын­дағы тәрбиені балабақшада, мектепте жүйелі түрде сабақтастықта, жүйе­лі түрде, жібін үзіп алмай жалғас­тыра отырып, жасөспірімнің бо­йы­на еге білуіміз керек. Ата-ана, мұғалім, бала арасындағы қарым-қатынасты реттей отырып, тұлға қалыптастыруға басымдық берілуі қажет. Балаларға қатаң талап қою­дың ешбір сөкеттігі жоқ. Әрине, баланың сөзін сөйлеп, оны қол­дау­дың жөні бөлек. Бірақ әр нәр­сенің шегі, орны бар екенін ұмыт­пауымыз керек, − дейді тәжірибелі ұстаз.

Сондай-ақ Аягүл Төреқызы «Қанша жерден коммунист болсақ та, Құдай сақтасын, Құдайға тәу­бә» деп бір Алламызды естен шы­ғар­­мадық», – қазір әлеуметтік же­лі­лер арқылы жалған намысты на­­си­­хаттау, ата дінге, ұлттық құн­­ды­­­лық­қа топырақ шашу етек алып кет­кеніне қынжылысын білдірді.

− Қазір теріс ағымдағы уа­ғыз­дардың дәурені жүріп тұрғанын өздеріңіз де білесіздер. Естіп те, көріп те жүрміз. Балаға сырттан әсер ететін күш көп болып тұр. Мұның бәрі ұлттық тәрбиені ман­сұқтауға дейін жетті. Қазақ «балам үйде, қылығы түзде» дейді. Сон­дықтан еліміздің болашағы жас буын ұрпақты қоғам болып, мем­лекет болып бәріміз жұмылып елдік, мемлекеттік, ұлттық мүдде тұрғысында тәрбиелеуге атса­лысуымыз керек, − деді ол.

Кейбір зерттеулерге көз жү­гіртер болсақ, елімізде әрбір үшін­ші оқушы әлімжеттікті ба­сынан өткереді екен. Ал мұндай мәсе­лелерді көп жағдайда балалар ата-анасынан жасырады. Елі­міздегі суицидтің өршуіне бала­лардың өзіне жасалған әлімжеттікті жасы­руының да әсері бар екені жасырын емес.

UNICEF-тің дерегіне сәйкес, 2023 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстан суицид статистикасы бойынша 178 елдің ішінде 19-орында тұр. 100 мың тұрғынға шаққанда 17,6 жағдайдан келеді. Ал балалық шақтың ұзақ­тығы мен қорғалу индексі бойын­ша 180 елдің ішінде 50-ші орында тұр. UNICEF сарапшыларының айтуынша, өңірлер арасында суицидтің өршуі байқалады. Өз-өзіне қол салудың жоғары дең­гейі − Түркістанда (36 жағдай). Өз-өзіне қол салу әрекеттерінің өсуі Түркістан (30-дан 46-ға де­йін), Ақтөбе (16-дан 21-ге дейін), Аты­рау (8-ден 14-ке дейін) облыс­тарында анықталған. Көріп отыр­ғанымыздай, елімізде, әсіресе өңір­лерде балалар арасында өз-өзіне қол жұмсау статистикасы артпаса, азаймай отыр. Сондықтан жасөспірімдер арасындағы кез келген әлімжеттік мәселесіне бей­жай қарауға болмайды.

− Ахуалды ушықтырмай, кең көлемді әлеуметтік зерттеулер жүр­­гізіп, балабақшадан бастап, ЖОО-ға дейінгі тәрбие жұмыс­тарының қаншалықты тиімді еке­ні, қоғамдық-әлеуметтік орта­ның қазіргі жағдайы және оның ұрпақ тәрбиесіне қалай әсер етіп жат­қаны, отбасындағы тәрбие мә­се­лелері жан-жақты, әрі шын баға­лануы қажет. Осы әлеуметтік зерт­­теулері нәтижесіне сүйене оты­рып, Ішкі істер министрлігі өз­­­дері­нің ұрпақ тәрбиесіне бай­ла­нысты жоспарларына тиімді өз­­ге­­рістер енгізуге тиіс. Кәмелет­тік жасқа толмағандардың істері жө­ніндегі учаскелік полиция инс­пек­торларының қызметін ұйым­дастыру қағидаларын қайта қарау маңызды, − дейді Мәжіліс де­пута­ты, «AMANAT» партиясы фрак­ция­­сы­ның мүшесі Аманжол Әлтай. 

Қазір қоғам ертеден негізі қаланған отбасы институты, бала тәрбиесі институты секілді қа­лып­тасқан дәстүрлі қағи­да­лардан қол үзіп қалды. Салдарынан ата-ана мен бала арасындағы рухани бай­ла­ныс әлсіреді дегенді жиі естиміз. 

− Қазақ «Тәрбие басы – тал­бесік» деп бекер айтпайды. Шын­дығында, біз кейінгі уақытта от­басы институтын құлдыратып алдық. Қазір толық отбасылар саны кеміді. Баланы анасы немесе әкесі ғана тәрбиелеп отырған, жалғызбасты жанұя көп. Са­л­да­рынан бала тәрбиесі ақсап тұр. Меніңше, бала үнемі бақылауда болуы керек. Балаға ата-ананың мейірімі, ата-ана махаббаты ауа­дай қажет. Ата-ана сүйіспен­шілі­гіне бөленіп өспеген баланың бойында психоэмоционалды күй өте күрделі жағдайда қалыптасады. Сондықтан шамшыл, кекшіл, өкпешіл балалар өсіп, қалыпта­сады. Бұл – үлкен мәселе. Ата-ана мың жерден жұ­мысбасты болса да балаға көңіл бөлуі, назар аударуы керек. Мы­салы, халықаралық мектеп­терде үнемі ата-аналар күні ұйым­дас­тырылады. Ата-аналар бір-бірімен танысып, әртүрлі спорт ойынына, конкурстарға, жарыстарға қаты­сып жүреді. Бала­мен бірге уақыт өткізеді. Осы тәжі­рибені жалпы білім беретін мемлекеттік мек­тептің бәріне енгізу керек. Бала­лардың психоло­гиялық мінез-құлқын бақылауға алу керек. Ба­­ла­лар арасындағы кикілжіңді ушықтырмай, татула­суға үйрету керек, − дейді Сенатор­лар кеңе­сінің мүшесі, қоғам қайраткері Динар Нүкетаева.

Оның айтуынша, балалар ара­сындағы төбелес баланың келе­шек өміріне де әсер етіп, бала пси­хо­логиясында ізін қалдырмай қой­майды. Әскердегі әлімжет­тік­тің болуына бала бойында кішкен­тайынан қалыптасқан кекшілдік­тің немесе менмендіктің де тигізер ықпалы бар.

− Бәрімізге мәлім, соңғы жыл­дары әскердегі әлімжеттік сал­дарынан әскерлеріміз мүгедек бо­лып оралып жатқаны немесе тіпті өлім-жітімнің тіркеліп жат­қаны да жасырын емес. Сон­дықтан әлімжеттік мәселесін зерт­теу керек. Бүгінде обал, са­уап, ұят деген ұғымдарды те­ріске, жоққа шығаратындар шоғыры өсіп келе жатқанын байқаймын. Бұл – ұлттық тәрбиеге төнген үлкен қауіп, − деп Динар Нүке­таева кеңестік кезеңде әскерде қалып­тасқан біреуді өзіне бағы­нышты қылып, қысым көрсету, бі­реуді кекету-мұқату секілді әлім­жеттік ұғымдардың әлі де бол­са жойыл­мауына алаңдау­шылық білдірді.

Мемлекеттік деңгейде алаң­датушылық тудырып отырған балалар арасындағы төбелес, әлім­жеттік мәселесінде ата-ана­ларға, оқу орындарына қойылатын талап пен тәртіп қатаң қада­ға­ланбақ. Оқу-ағарту министрлігі мектептерге әлемдегі ең үздік тә­жірибе – финдік Kiva анти-бул­линг бағдарламасын енгізуде. Сон­дай-ақ барлық мектепте «Бір­тұтас тәрбие бағдарламасы» қолға алынып жатыр. Нәтижесінде, әр өңірде бала құқықтары жөнінде уәкіл қызмет ете­тін болады. Егер баланың құқығы мен мүддесі бұ­зылған жағдайда ата-аналар, ба­лалар және басқа да арыздану­шылар сол уәкілдерден көмек сұ­­рай алады. Олар баланың құ­қықтары мен заңды мүд­делерінің бұзылғаны жөніндегі өті­ніш­терді, жергілікті атқарушы органдар мен басқа ұйымдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты шара қабылдайды. Ал бұл шара­лардың нәтижесі келешекте өз жемісін беруге тиіс.

Қалай десек те, жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелес мәселесі – қоғамда, бала психо­ло­гиясында жақсы әсер қалдыр­­майтыны шындық...

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ