Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында лудоманиямен күресу үшін жүйелі жұмыс жасап, кешенді жоспар құруды, сондай-ақ тиісті заңды тезірек қабылдауды тапсырған еді.
Естеріңізде болса, Мәжіліс бұған дейін осыған қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарастырған болатын. Қабылданған кешенді жоспардың іс-шаралары заң жобасының негізгі ережелерімен толық үндеседі», – дейді Мемлекеттік кеңесші.
Кешенді жоспардың жобасын сарапшылар, сондай-ақ Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері кеңінен талқылады. Жоспар 4 бөлімнен және 28 тармақтан тұрады. Оның сапалы орындалуына 15 орталық және 20 жергілікті мемлекеттік орган жауапты болады.
«Лудоманияға қарсы күресте мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бүкіл қоғамның жұмылуы, дәйекті әрі жүйелі жұмыс жасауы аса маңызды», – деп толықтырған Ерлан Қарин.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.