Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, мырыш бағасы 16 пайызға, мыс 12, темір кені – пайызға, ферроқорытпалар бағасы 1,2 пайызға түсіп кеткен, – деп жазады «Қазақпарат». «Қазіргі кезеңде әлемдік тауар нарықтарында мұнай мен металдардың бағасы едәуір төмендегені байқалады. 9 наурыздағы жағдай бойынша мұнай бағасы бір барреліне 34 долларды құрады. Бұл жыл басымен салыстырғанда екі есе арзан. Күн ішінде мұнай бағасы бір барреліне 31 долларға дейін төмендегені байқалды», – деді Руслан Дәленов. Оның айтуынша, металдардың бағасы да төмендеген. Атап айтқанда мырыш бағасы 16 пайызға, мыс 12 пайызға, темір кені 4 пайызға, ферроқорытпалар бағасы 1,2 пайызға түскен. «Әлемдік капитал нарығы құбылып тұр. Жыл басынан бері америкалық биржа индекстері 14 пайызға, еуропалық индекстер 15 пайызға дейін және қытай индекстері 13 пайызға төмендеді. Бұл үрдістер сыртқы нарықтардағы жоғары белгісіздікті көрсетеді», – деді ол.