Алайда күдікті үміт жеңіп, қолдарына су жаңа пәтердің кілтін алған ағайын бөркін аспанға лақтырып қуанып, қоныстойын тойлап жатыр. Мұндай қуанышты жаңалық алғаш болып Бөрлі ауданында тойлануда.
Биыл Бөрлі ауданында бірнеше ауылға су кірді. Жалпы, аудан бойынша 370 үйге су кіріп, оның ішінде 126 үй тұруға жарамсыз деп танылған болатын. Жергілікті билік үйлеріне су кетіп, тұруға жарамсыз деп танылған 66 отбасыға жаңа пәтер алып беруді көздеген еді. Сол жоспарға сәйкес, кешегі аптаның аяғында Бөрлі ауданында үйлері суға кеткен 50 отбасы баспаналы болды.
Сәуір айында өңірге табан тіреген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Үйлері суға кетіп, эвакуациялық пунктте тұрып жатқан халықпен кездескен Президенттің «Барлық көмек көрсетіледі, ешкім далада қалмайды» дегені ел есінде.
Міне, сол уәделі күн де келіп жетті. 50 отбасы баспаналы болды, қалған 16 отбасыға өте жақын күндері жаңа пәтерлер сатып алып берілетін болады. Жоғарыда атап өткеніміздей, Бөрлі ауданы бойынша 126 үй суға кеткен еді. Қазір ауданда 60 үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Ләйлә Жұмағалиева көпбалалы ана. Көктемгі су тасқыны кезінде үйі суға кетіп, далада қалғандардың бірі. Үйі, дүние-мүлкі түгел жарамсыз болып қалған. Көпбалалы ана бүгінге дейін ағайындарын паналап келген. Енді жаңа пәтерге көшіп, бала-шағасымен мәре-сәре болып жатқан жәйі бар.
«Су әне келеді, міне келеді деп ескертіп жатты ғой. Қанша жиналып, дайын отырдық десек те, үйімізге су кіріп келгенде абдырап қалдық. Қанша дегенмен судың да мысы болады екен. Балалар үрпейіп, өзіміз де үрей мен күдіктің ортасында қалдық. Бас аяғы 15-20 минутта алып кетті ғой бәрін. Үйім Пугачев ауылында еді. Одан комиссия келіп, үйімізді тұруға жарамсыз деп таныды. Енді міне айналдырған аз уақыттың ішінде жаңа, төрт бөлмелі пәтерге көшіп отырмыз. Қуанышымда шек жоқ, қолдау білдірген баршаға рақмет айтқым келеді», – дейді көпбалалы ана Ләйла Жұмағалиева.
Бүгінге дейін су тасқынан зардап шеккен аудан тұрғындарына 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдер төленді. Бүгінде Бөрлі ауданы бойынша тұрмыстық заттар мен жиһаздардың шығынын өтеу үшін 168 отбасыға 63 млн теңге көлемінде қаржы төленген.
Бұл биылғы су тасқынынан кейінгі алғашқы қоныстой. Жалпы, облыста қазір 401 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Аймақ басшысы осы үйлерді қыркүйек айына дейін бітіріңдер деп тапсырма беріп отыр.
– Әр бала 1 қыркүйекте өз үйінен шығуға тиіс, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы