Boeing-тің ғарышқа дайындаған кемесінің сәтті ұшырылғаны туралы newatlas.com мақала жариялады. Aikyn.kz ұзақ жасалған ғарыш кемесінің техникалық ерекшеліктерін америкалық сайтқа сілтеме жасап түсіндіреді.
Кеше Boeing өзінің Starliner ғарыш кемесін орбитаға ұшырды. Астана уақыты бойынша 19:52-де астронавтар Барри Уилмор мен Сунита Уильямс (әйел астронавт) бар капсула Канаверал мүйісінен Atlas V зымыран тасығышымен ғарышқа көтерілді.
NASA-ның тапсырысымен жасалған кеменің сынағы 14 жылға созылған, техникалық ақаулықтар табылған жобаға миллиардтаған доллар жұмсалған. Сондықтан Starliner ғарыш кемесі көп кешігіп барып ұшырылды.
Бұл жолы Boeing бортында екі астронавт бар Starliner кемесі Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) аттанды. Atlas V зымыраны Флорида штатындағы Канаверал мүйісіндегі Ғарыш күштерінің айлағындағы 41-ші ғарыштық ұшыру кешенінен (SLC-41) ғарышқа жіберілді. Кеме алты секундтық ұшудан кейін максималды динамикалық қысымға, ал, бір минуттан кейін дыбыстың жылдамдығынан жоғары деңгейге жетті. Бұдан кейін Atlas үдеткіші өзінің жұмысын екі минут 20 секундтан кейін аяқтап, келесі сатыда «Кентавр» үдеткіші қосылды және 4 минут 28 секунд жұмыс істеді.
Starliner туралы Aikyn.kz сайтында 7 мамырда жарияланған талдау мақаланы мына сілтемеден оқи аласыздар.
Ұшырылғаннан кейін 11 минут өткенде кеме 220 км биіктікке жетті және 51,62 градус көлбеу орбитаға шығарылды. Boeing компаниясының хабарлауынша, ғарышкерлер скафандрларын шешіп, бірқатар ұшу сынақтарын өткізген. Оларға төтенше жағдай кезінде кемені бағдарлау үшін жұлдыздарды пайдалану, автономды басқарусыз капсуланы қолмен басқару және қуат алу үшін күн батареяларын Күнге бағыттау тапсырмалары берілген.
Starliner ертең Халықаралық ғарыш станциясымен түйіседі деп күтілуде, ол кезде экипаж 345 кг керек-жарақ жеткізіп, ХҒС-да бір апта болады. Осы ғарыш сапары сәтті өтсе, келесі қадамда ғарыш аппаратын ұзақ мерзімді миссияларға сертификаттау басталады.
«Ғарышкерлер Уилмор мен Уильямсты Халықаралық ғарыш станциясына жеткізетін Boeing Starliner кемесінің сынағы ғарышты игерудің жаңа дәуірінің басталғанын білдіреді. Бұл тамаша бастама. Біз ғарышкерлерді ғарыш станциясына аман-есен жеткізіп, үйге қайтуын асыға күтеміз», – дейді Boeing президенті және бас директоры Тед Колберт.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.