Венгрияның Будапешт қаласында күрестен рейтингілік турнир өтіп жатыр. Аталған сынға қатысып жатқан қазақстандық балуандар бүгін жүлдеге таласады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, еркін күрестен 97 келі салмақта сынға түсіп жатқан Әлішер Ерғали турнирдің алтын медаліне таласады. Ол финалда әзербайжандық Магомедхан Магомедовпен белдеседі. Жарыс барысында Ерғали Түркия, Грузия, Иран балуандарын жеңді.
Осы салмақтағы тағы бір өкіліміз, әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан турнирдің жартылай финалында сүрінді. Ризабекті әзербайжандық спортшы Магомедов 15:7 есебімен жеңді. Енді Айтмұхан қола медаль үшін словакиялық Батырбек Цакуловке қарсы шығады.
Аса ауыр салмақтағы Юсуп Батырмұрзаев та финалда белдеседі. Оның ақтық сындағы қарсыласы - америкалық Массон Марк. Турнир барысында Батырмұрзаев Египет және Грузия балуандарынан басым түскен.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.