Қазақ қызы Бельгияда парламенттік сайлауға түсіп жатыр

Қазір ол партияластарымен бірге саяси науқанға қызу дайындық үстінде.

Қазақ қызы Назгүл Балмұхан Бельгияда Брюссель парламенті депутаттығына үміткер ретінде сайлауға түсіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz Qazaqstan арнасына сілтеме жасап. 

Ол осы жексенбіде өтетін Парламент сайлауына, Бельгияның ашық фламандтық либералдар және демократтар партиясының атынан түсіп, бақ сынамақ.

Қарағандының тумасы 90-жылдардың басында жұмыс бабымен Бельгияға барып, сол жерде отбасын құрған. Екі баланың анасы. Брюссельдегі сотта орыс, ағылшын, француз, нидерланд тілдерінен тәржімалайтын аудармашы. Қазір партияластарымен бірге саяси науқанға қызу дайындық үстінде.

– Брюссель парламентіне өтіп жатсам сайлаушылардың күнделікті тұрмысын жақсарту үшін көп іс атқарар едім. Сондай-ақ мен Брюссель мен Астананың, Бельгия мен Қазақстанның парламенттік делегацияларының арасындағы достық қатынасты дамытуға бар күш-жігерімді саламын, - деді Бельгияның ашық фламандтық либералдар мен демократтар партиясының мүшесі Назгүл Балмұхан.

Сондай-ақ Назгүл Балмұхан екі ел азаматтарының байланысын нығайтуға тырысатынын айтты.

– Назгүл Балмұхан адамдарды сендіруге мықты. Егер ол бір істі бастаса, соңына дейін жеткізбей, тынбайды. Ол күні бойы үйді-үйді аралап, пошта жәшіктеріне ақпараттарды салып, сайлаушылардың сеніміне ие болуға тырысып жүр. Ол қазақ қоғамы, Брюссель қоғамы үшін аянбай еңбектенеді. Сондықтан ол - лайықты кандидат, – дейді Брюссельдің қаржы және бюджет министрі, Open vld партиясының мүшесі Свен Гатц.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.