Батысқазақстандықтар үшін биылғы көктем жайсыз болды. Қыстан аман шықтық па деп әупірімдеп көктемге жеткеніне қуанған халықтың қуанышын аяқасты еріген қарғын су бұзды. Алдымен Сырым, Қаратөбе, Теректі аудандары қарғын сумен күресті. Оның бетін қайтара бергенде облыстағы ірі өзендер тасып, қала іргесіндегі саяжай біткеннің бәрі судың астында қалды. Мамандар 15 мыңға жуық саяжай учаскесін су басты деп отыр. Сол қала маңындағы саяжайда 20 мыңнан астам адам тұрады. Суға кеткен 1,2,3, және Нұрлы жол саяжайларында халық тығыз қоныстанған. Өкінішке қарай, саяжайлардағы су әлі кетпеді. Тек кейбір аймақтар ғана дегдіп, мамандар өтіп, техникалық тескеріс жүргізіп жатыр.
Бірақ осыған қарамастан жақсы жаңалық та, қуанышты күндер де бар. Орал қаласының маңында саяжайда тұратын тұрғындар үйлі бола бастады.
Саяжайдағыларға үй тек бір ғана талаппен беріледі. Саяжайда жалғыз баспанасы болуы керек. Әзірге Орал қаласында ірі кәсіпорынның қаражатына 50 үй сатып алынған.
Үйлі болған отбасылардың қатарында Шәкіровтер отбасы бар. Олар саяжайдағы үйлерінің орнына су жаңа пәтер алып отыр. Шәкіровтер отбасында бес бала бар. Отбасы 13 жыл бойы қала іргесіндегі 1-саяжайда тұрыпты.
– 13 жыл бойына саяжайда тұрдық. Бүгінге дейін 5 баламен эвакуациялық пунктте тұрып келдік. Шынымды айтайын, тез арада үйлі боламыз деп ойламадық. Қуанышымызда шек жоқ, бәріне ризашылығымды білдіремін, – дейді Ләйла Шәкірова.
Жасыратыны жоқ, саяжайда тұру да оңай шаруа емес. Қаладан қашықтығы бар, оның үстіне қоғамдық көлік қатынамайды. Мектеп, балабақша, емхана дегендер атымен жоқ. Қаладан үйлі болып жатқандар осы қиындықтың бәрі артта қалғанына риза. Енді олар қала ортасындағы әдемі, жарық жаңа пәтерде тұрады.
Бүгінде комиссия саяжайдағы 3 мыңнан астам адамның үйін жалғыз баспанасы деп таныпты. Бірақ бұл сан әлі өзгереді. Себебі су кетпей, комиссия өте алмай тұрған саяжайлар бар.
– Саяжайда тұратын азаматтардың қатарында 120-150 шаршы метрлік үлкен үй салып алғандары бар. Олардың қалада 20-25 шаршы метрлік бір бөлмелі жатақханалары бары анықталды. Әзірге, осындай 100 шақты отбасыны анықтадық. Бұдан бөлек, 300-дей азаматтың ауылдық жерде тіркеуде тұрған үйлері бары анықталды. Бірақ ол үйлер қазір жоқ, бұзылған. Азаматтар кезінде қалаға көшкенде өз аттарынан сол үйлерді шығармаған. Біз осы жоғарыдағы екі топқа да түсіністікпен қарап отырмыз. Оларға үй береміз. Немесе үйлерін жөндейтін қаржы бөлеміз, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Азамат Халелов.
Жалпы, қалада қазір 62 саяжайлық үйлі болды. Ал эвакуациялық пункттерде әлі күнге дейін 2 242 адам тұрып жатыр. Айта кетейік, жалпы облыс бойынша 401 үйдің құрылысы жүруде.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы