Жетімнің көзі жасты екен...

«Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» дейді. Бірақ біздің қоғам жетімнің көз жасы мен обалы дегенді ұмытып кетіпті. Тастанды бала, сатылған бала, енді зорлық пен қорлыққа көнген бала мәселесі ушығып тұр. Ұлытауда 3 баланы 5 жыл бойы құлдықта ұстаған сұмдық ұмытылмай жатып, Шымкентте 6 баланы жылдар бойы қорлап, мысықтың еті мен зәрін берген отбасы туралы ақпарат жанды түршіктірді.

Әлеуметтік желіде желдей ескен ақ­паратқа көз жүгіртсек, балаларды асырап алған 51 жастағы Ұлықбек Смановтың бойында жастайынан психологиялық ауытқу пайда бо­лып, есейе келе пси­хи­калық диспан­серде жатып ем алған. Бірақ бала асырап алған кезде есі дұрыс болған Ұ.Сманов қа­зір «сандырақ синдромы» диагнозымен Тал­ғардың психикалық ауруханасында жат­қан көрінеді. 

Негізі, қолданыстағы заңға сәйкес бала асырап аларда арнайы сот шешімі шығарылады. Бала асырап алушының отбасында баланың қалыпты физикалық, психикалық, рухани және адамгершілік дамуы, тәрбиесі мен білімі үшін оңтайлы жағдайлар болған кезде ғана бала асырап алуға рұқ­сат етіледі. Сонымен қатар бала асырап алушы 14 түрлі құжат жинау ар­қылы өзі­нің бала асырап алуға толық құқы­ғы­ның бар екенін дәлелдеуге тиіс. Сондай-ақ 2020 жылдан бастап бала асырап алушы­ларға үш ай бойы психоло­гиялық-педа­гогикалық даярлықтан өту міндеттелген. Тіпті, бала асырап алғысы келген көпші­ліктің заң талаптарынан мезі болып, «Бала асырап алу машақат» дегенін де естіп жатамыз. Алайда Смонов сияқтылар 6 баланы оп оңай асырап ала салады. Олардың құжаттары да заң талабына сай. Мәселен, Смановтар бала­ларды асырап алмас бұрын 3 ай бойы балалар үйіне ба­рып, арнайы психо­логиялық дайын­дықтан толықтай өткен және соны рас­тайтын сертификат алған. Одан кейін е.gov.kz  порталы арқылы бала асырап алуға үміткерлікке тіркелу үшін өтінім жіберген. Басқарманың Қам­қоршылық пен қорғаншылық бөлімінің қызмет­керлері тапсырған құжаттарын толық қараған және соттылығын ресми түрде тексерген. Барлық құжаттары заң талабы­на сай келген соң тұрғын жайын тексерген. Акт жасалған.

Ал Смановтардың асырап алған 6 баласын жылдар бойы азаптап келгенін Балалардың құқығын қорғайтын топ тексеруге барғанда анықтаған. Қазір өмірі тозаққа айналған ересек екі бала бейімделу орталығына, төртеуі балалар үйіне орна­ластырылыпты. Бала құқықтары жөнін­дегі уәкіл Динара Закиева іс сотқа жі­берілгенін айтты.

– Аталмыш қылмыс бойынша біз ақпан айынан бері ІІМ, Бас прокуратура және Шымкент қаласының Балалар құ­қықықтары жөніндегі уәкілімен бірлесе жұмыс істеп келеміз. Мектеп мұғалімдері және қамқоршылық органдарына қа­тысты да қылмыстық істер қозғалды, тер­геу жүріп жатыр. Сондай-ақ олар бала­ға тиесілі ақшаны ешкілер сатып алуға жұмсап, балаға баққызып қойғандары туралы дерек бөлек тергелуде, – деді Д.Закиева.

Балдай тәтті шағында батпандай мұң арқалап...

Жалпы, соңғы жылдары мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға бола бала асырап алуға ниеттенетіндер қатары көбейген. Тіпті, балалар үйінде тәрбие­леніп жат­қан жетімдер мен ата-ана қам­қор­лығынсыз қалған балаларды алып, кейін түрлі себеппен балалар үйіне қай­тару көбейіп кеткен. Статистика ко­ми­тетінің дерегінше, кейінгі 5-6 жылда жетімдер үйіне қайта келген балалар үлесі жалпы асырап алынғандардың 15-20 пайызын құраған. Сондықтан Неке (ерлі-зайып­тылық) және отбасы туралы кодекстің 91-бабы бойынша, бала асырап алушы ата-аналар міндетті түрде үш айлық психоло­гия­лық даярлықтан өтуі мін­деттеледі. 

Республикалық «Ана үйі» қоғамдық қоры ұлттық бала асырап алу агенттігінің директоры Фарида Рахметова:

– Кейде мемлекеттен ақша төлене­тінін естіп патронаттық тәрбиеге бала ал­ғысы келген ата-аналар келеді. Әри­не, олар «ақша үшін бала асырап алғым ке­леді» деп айтпайды. Бірақ психоло­гия­лық диагностика жүргізген кезде олардың негізгі ойы белгілі болады. Бізде ондай ата-аналар­дың ішкі ойын анықтайтын психологиялық әдіс-тәсіл­дер бар. Егер арыз беруші ата-ана­лардың ішкі ойы анықталса, олармен жұ­мыс істеуді тоқ­та­тамыз. Оқуға дейін жібе­рілмейді, – дейді. 

Дегенмен ебін тауып екі асайтын­дардың жең ұшынан жалғасып, бала асырап алуды да күнкөріс, құлқын қамына айналдырып алғанын көріп отырмыз. Сала мамандары жетімдер үйінің санын азайтып, кәсіби патронат отбасы инсти­тутын құрумен іс бітпейді. Баланың пат­ро­наттық тәрбиеде қалай өмір сүре­тінін тексерумен қатар, оларға бө­лі­нетін қа­ражат мә­се­лесі де жан-жақты қадаға­лануы қажеттілігін алға тартады. 

Қамқорсыз қалған баланың болашағы бұлдыр

Қазір Қорғаншылық және қам­қорлық органдары тарапынан бала асырап ал­ғандарды тексеру жұмыстары жүргізіп жатыр. Мәселен, осындай тексеріс нәти­жесінде жыл басталғалы бері бала құ­қықтарын бұзған 15 лауа­зымды тұлғаға айыппұл салынып, бір адам жұмыстан босатылған. Премьер-министрдің орын­басары Серік Жұман­ғариннің айтуынша, биыл жыл басынан Қорғаншылық және қамқорлық орган­дары 17 660 жетім бала тәрбиеленіп жат­қан 13 мыңнан астам патронат отба­сыларға тексеру жүргізген. Нәти­жесінде, асырап алған баласына зорлық-зом­былық көрсетіп, олардың құ­қық­тарын бұзған 4 тәрбиеші ата-ана қылмыс­­­­­тық жауапкершілікке тартылған. 

Динара Закиеваның айтуынша, жалпы елімізде балдай тәтті шағында батпандай мұң арқалап, жетім және ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған 22 мың бала бар. Оның ішінде 17 мың бала қамқоршылықта, патронаттық тәрбиеде және туыстарымен бірге тұрады. Жыл сайын 4,5 мың бала балалар үйі мен балаларды бейімдеу орта­лықтарына түседі. Биыл 5-6 айда бұл сан 4 мыңнан асқан. Бала құқықтары жө­ніндегі уәкіл ақпан айының соңында Пре­зидент Әкімшілігінде әкімдіктермен кездесу өткізілгенін, нәтижесінде наурыз айынан бастап, 1 шілдеге дейін барлық асырап алушы отбасыларға рейд жүргізіліп жат­қанын айтты. 

– Заңға өзгерістер енгізілді: мемле­кеттік органдарға, соның ішінде қам­қоршылық органдарына тексеру жүргізу бойынша өзгерістер қабылданды. Бұрын қамқоршылық органдарына тұрақты тексерулер жүргізілмеген. Соны­мен қатар қамқоршылық органдары қызмет­кер­лерінің тапшылығын жүйелі түрде шешу үшін біз Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен және депутат Ю.Ку­чин­с­каямен бірлесіп, заңға қамқоршылық органдары қызметкерлерінің құзыреті мен санын бекіту туралы түзетулер да­йындап, жолдадық. Олар бұл салаға түбегейлі өзгерістер енгізу үшін ерекше маңызды. Қазір олар Үкіметтің қоры­тындысында, – деді ол.

«Шымкент қаласындағы 485 мың балаға 5 қамқоршылық қызметкері ғана бар, яғни бір қызметкерге 90 мың бала ке­леді. Түзе­тулерді енгізу халықаралық норма­­тивті бекітуге мүмкіндік береді: 1 қыз­меткерге 5 мың бала, яғни Шым­кентте 5 емес, 90 қызметкер болады», – дей­ді Д.Закиева. 

Үкімет қорғаншылық және қамқорлық органдарының жұмысын жетілдіреміз, жетімдер үйін жауып, жетімдер санын азайтамыз дегенімен, көзі жасты, көңілі қаяу, жанары жаутаңдаған жетімдердің басындағы «бұлт» сейілер емес. Бүгін жа­нары жасты, жүрегі жүдеу бүлдіршіндер Үкімет қамқорлығында болғанымен, бо­лашақта барар жері, басар тауы жоқ. Тағдыр теперішін тартқан қауқарсыз, қамқорсыз ұрпақтың болашағы бұлыңғыр. Олардың әлеуметтік ортаға бейімделіп, қоғам­нан өз орнын табуына қандай қолдау көрсеткен жөн? Олар да басқа бала­лар секілді білім алып, толық да­муға құқылы емес пе. Әлде ...Әкенің мұз ба жүрегі?! Ананың бауыры тас па екен? (С.Қа­лиев) деп күңіренген қоғам, күрсініп қана отыра бере ме...

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ