Қазіргі қоғамның ең өзекті мәселесіне ден қойған бұл сериалды үлкен экранға лайықтап, фильм етіп ұсынған – FROG media. 16 серияға жүк болған киноматериалды 100 минутқа сыйдырған шығармашылық топ, бұл фильм арқылы қоғамға ой тастағысы келгенін айтады.
5 маусым күні Алматы қаласында «Қара жәшік» фильмінің жабық көрсетілімі болды. Полиция капитаны Қайрат өз-өзіне қол салып қайтыс болған Айым атты қыздың ісін жүргізу барысында мектеп оқушылары арасындағы қарым-қатынастың соншалықты нәзік екеніне көзі жетеді. Бірін-бірі күнде көріп жүрсе де, ата-ана баласынан, мұғалім шәкіртінен, мектептегі оқушылар бір-бірінен тым алыс, тым бөтен. Осы бөтендікті сезген «Қара жәшік» тобындағылар қоғамның жабырқау тобын одан сайын адастырады. Дегенмен олай адасуға айналадағы адамдардың барлығының аз-аздан болса да қатысы бардай... Фильмді көріп отырып Абайдың «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» деген аталы сөзі ойға оралды.
«Хабар» арнасынан көрсетілген сериалдың идея авторы Берік Уәли, продюсері Нартай Сауданбекұлы, режиссері Әсет Жұмахан. Рөлдерде: Нартай Сауданбекұлы, Жасұлан Әйтенов, Айжан Назарханқызы, Мерей Мақажан, Алтынай Нөгербек, Ермек Шынболатов, Сырым Қашқабаев. Ал сериалды фильмге айналдыру ісін қолға алған – продюсер Азамат Атагелді.
Өзіне-өзі қол жұмсағысы келетіндер мәселенің шешімін таптық деп ойлағанымен, жақындарының қалай қиналатынын түсінбейді.
Нартай САУДАНБЕКҰЛЫ:
– Біз қазір жұмыс, табыс деп дүние қуып кеттік. Дүние қуғанымыз сонша, бала-шағаға, қала берді айналадағы адамдарға көңіл бөлуден қалдық. Сериалдың негізгі жас шектеуі 16+, бірақ ол көрсетіле бастаған соң, қоғамдық орындарда мені 1-2 сыныптың балалары танып жатыр. Бұл – балалар еш шектеусіз YouTube-та отыр деген сөз. Ал YouTube-та бала санасына кері әсер ететін контенттің алуан түрі бар, біз балалардың қолына қорқынышты затты беріп қойып қарап отырмыз.
– Сериал шығып кеткен соң, фильм көрермен жинай алмай қалады деген қорқыныш жоқ па?
– Жоқ. Өйткені біздің негізгі мақсат – сериалда, фильмде көтерілген мәселеге қоғамның, ата-ананың, мемлекеттің тізгінін ұстаған идеологияға жауапты адамдардың назарын аудару. Фильм қоғамды өзгертіп жібермейді, ол тек ой салады. «Біз 20 миллион ғана бола тұра, неге суицидтен алдыңғы қатарда жүрміз?» деген сауалды қояды.
Азамат АТАГЕЛДІ:
– Мұнда шығармашылықтың негізі сериалда болды. Ал фильм ол идеологиялық құрал ретінде қазіргі көп мәселеге көңіл аударту мақсатымен жарыққа шықты. Қоғамға ой тастайтын кез келген туынды міндетті түрде көрермен жинай алады. Ол үлкен экран ба, телеарна ма, YouTube па маңызды емес, ең маңыздысы – оның айтар ойында.
Бұл фильмді 16+ деп алдық, дегенмен одан кіші балалар ата-анасымен бірге көргені жөн. Себебі адамдардың ойсыз жасаған әрекеті, баланың қате шешім шығаруына себеп болмауы керек. Қоғамда диалог орнауы керек. Ортақ пікір сол кезде ғана пайда болады.
Әсем АЛИКЕНОВА,
көрермен (20 жасар студент):
– Қазір Қазақстан суицид бойынша алдыңғы қатарда екенін білеміз. Бұл фильмді көз жасын төкпей көру мүмкін емес. Жастар мұны көру керек деп есептеймін, себебі оны көрген соң, өлім мәселенің шешімі емес екенін түсінеді деп санаймын. Өзіне-өзі қол жұмсағысы келетіндер мәселенің шешімін таптық деп ойлағанымен, жақындарының қалай қиналатынын түсінбейді.
Н.ДҮТБАЕВА