Полицияның мәліметінше, төртінші күні кәмелетке толмаған Жетіру Кәрімнің денесі Юрта мейрамханасының манындағы Елек өзенінен табылған, деп жазады Aikyn.kz.
– Полиция, еріктілер және бей-жай қарамайтын азаматтар жоғалған адамның орналасқан жерін анықтауға бағытталған іздестіру іс-шараларының кешенін жүргізді. Баланы іздеуге 500 ге жуық адам тартылды, оның ішінде полиция қызметкерлері, ТЖБ қызметкерлері, еріктілер, сондай-ақ қызметтік иттер және 40 бірлік техника, 3квадроцикл, 2 қайық, 4 жылқы, ұшу аппараттары пайдаланды, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар үйлердің шатырлары мен аулалары, кәріз люктері, шұңқырлар, дала, оның ішінде орман алқаптары тексерілген. Полиция тергеу жүргізіп, қажетті сараптамалар тағайындады.
2011 жылы туған, аутизммен ауыратын Кәрім төрт күннен бері із-түссіз кеткен. Ол 4 маусымда үйінен шығып кетіп, оралмаған. Оны іздеу үшін кеше тікұшақ әуеге көтерілген еді.