Шараға қатысушы ерекше қажеттілігі бар жандар ерекше белсенділікпен қатысты. Қолдары алтын көңілдері шат жандардың қолынан шыққан дүниелер шынымен де ерекше. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар өздерінің жасаған бұйымдарын көпшілікке көрсетіп қана қоймай, өз қолдарынан шыққан туындыларын сатуға да мүмкіндік алды.
«Мен мұндай жәрмеңкенің болатынын кездейсоқ естіп қалдым да, өзге шаруаны қойып арнайы келдім. Бәрі керемет. Тіпті, денсаулығында кінәраты бар жандардың епті қолдарының ерекшелігіне таң қалдым. Әшекей тастармен тізбектеп жасаған қол сөмкелер маған қатты ұнады. Тіпті, мін жоқ десем болады. Кез келген жерге ұстап барсаң, өзгелердің ықыласы ауатыны анық. Өзіме ұнаған соң сатып алдым», – дейді жәрмеңкеге келген Нұргүл Басымова.
«AMANAT» партиясы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсете отырып, қоғамды мейірімділікке, теңдікке, өзара құрметке бөлеуге шақырды. Сондай-ақ жәрмеңке барысында облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары мен өңірдегі қоғамдық бірлестік өкілдері, тұрғындар ерекше қажеттілігі бар жандардың қолөнер бұйымдарын сатып алды. Жалпы, жәрмеңке барысында 800 мың теңгенің қолөнер бұйымдары сатылғаны белгілі болды.
Берік БЕК