Конкурстың негізгі мақсаты – отбасы институтын дамыту, адамгершілік, отбасында, қоғамда рухани-мәдени байланыс орнату, жауапты некенің маңыздылығын насихаттау, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоғамның әлсіз топтары мен қарттарға қамқор бола білу, қазақстандық отбасының дәстүрлі имиджін қалыптастыру.
Қазақта «Отан отбасынан басталады», «Отбасы – шағын мемлекет» дейтін тәмсіл бар. Отбасы – тәлім мен тәрбиенің, үлгі мен өнегенің, мейірімділік пен адамгершіліктің ордасы. Отбасы – қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі. Әрбір шаңырақтағы береке түптеп келгенде, тұтас елдің берекесі. Адамға еңбекқорлық, отансүйгіштік, жасампаздық пен мейірімділік сияқты асыл қасиеттер отбасы арқылы дариды. Сондықтан отбасының Отан алдындағы, қоғам алдындағы рөлін, ырыс-ынтымағы жарасқан кемел келбетін дәріптеудің маңызы зор.
«Мерейлі отбасы» байқауы 2013 жылдан бері республика көлемінде өткізіліп келеді. Осы жылдар ішінде конкурсқа Қазақстанның барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан. Байқау екі кезеңде, яғни аудандық (қалалық) және облыстық (республикалық маңызы бар қалалар мен астана) кезеңде өтеді. Байқауға әртүрлі отбасы, оның ішінде көпбалалы отбасылар, ерекше балалары бар отбасылар, ардагерлер, сондай-ақ еңбек адамдары және шығармашыл әулеттер қатыса алады.
Былтыр Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен қалалық кезеңнің үздіктерін марапаттау барысында:
– Отбасылық құндылықтарды дұрыс қалыптастыру, балаларды патриотизм мен жалпы адамзаттық құндылықтар рухында тәрбиелеу – әрбір отбасының басты міндеті. Ол адамгершілік құндылықтарды жандандыруға және отбасы мәртебесін көтеруге бағытталған. Әкімдік осы бағыттағы барлық бастаманы қолдайды. Отбасы институтын қолдау саясаты алдағы уақытта да өз жемісін беретініне сенімдімін, – деген еді.
Елордада өткен қалалық байқаудың жылнамаларын қарап отырсақ, байқауға 2023 жылы 210 өтініш, 2022 – 151 өтініш, 2021 – 120 өтініш, 2019 жылы – 63 өтініш, 2018 жылы 51 өтініш қабылданған екен. Жыл сайын «Мерейлі отбасы» байқауының мерейі өсіп, қатысушылар тарапынан да қызығушылықтың артқаны байқалады. Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, биылғы байқаудың қалалық кезеңіне қатысуға бүгінге дейін 150-ден астам отбасы өтініш білдірген.
«Қазір қалалық байқауға қатысуға отбасыларды тарту және кеңінен қамту мақсатында ақпараттық порталдар мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде және қаланың барлық ауданындағы көше LED-экрандарында (15 күнтізбелік күн ішінде күніне кемінде 240 рет шығуымен) байқау туралы хабарландыру бейнеролигі таратылады. Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін жеңімпаздар мен үміткерлерді (10 түрлі номинация және 6 жеңімпаз отбасы, әр ауданнан 1 отбасы және қаладан 1 отбасы) іріктеу үшін комиссия құрылады», – деп жазылған Астана әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар мерекелік шарада жеңімпаздар мен номинанттар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталады. Номинанттарға естелік сыйлықтар (кемінде 10 отбасы), қаланың жеңімпазы (кемінде 1 отбасы) 1 000 000 теңге. (бір миллион теңге), қала аудандарының жеңімпаздары (кемінде 5 отбасы) әрқайсысы 500 мың теңге (бес жүз мың теңге)жүлдеге ие болады. Байқау аясында жеңімпаздар мен үміткерлердің отбасылары үшін фотосессия өткізіліп, әр отбасына фотокітап дайындалады. Марапаттау кезінде отбасылық портреттердің фотокөрмесі ұйымдастырылады.
Астанада өтетін конкурстың қалалық кезеңіне 2023 жылы қатысушылардан абсолютті рекорд деңгейінде (210 отбасы) құжат қабылданыпты. Былтырғы байқаудың қалалық және республикалық деңгейінде Астана қаласы бойынша Сәдуақасовтар отбасы жеңімпаз болды. Бұл отбасының көпке үлгі-өнеге боларлық өзіндік тарихы бар. Шаңырақтың ұйытқысы 81 жастағы аяулы ана, ардақты әже Тишжан Сәдуақасова «Алтын алқа» иегері. Жұбайымен 60 жыл отасқан Тишжан әже 12 бала – 6 ұл және 6 қыз тәрбиелеп, өсірді. Бала-шағасының қызық-қуанышына бөленген әжеге немере-шөбере нығметін көру де бұйырыпты. Ынтымағы жарасқан мерейлі отбасының қызы Мейрамгүл Садуақасованың айтуынша, отбасында 12 бала, 47 немере, 20 шөбере бар.
– Біз өткен жылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық және республикалық деңгейінде Астана қаласы бойынша жеңімпазы атандық. Жалпы, бұл конкурс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жұлдыздардың қатысумен концерттік кезеңдер, салтанатты марапаттау бәрі қарастырылған, демократиялық және патриоттық рөлі де қамтылған. Әкем мен анамнан тараған ұрпақ өнегелі-өнерлі, білімді-білікті, тәрбиелі болып өстік. Қазір әр бала жеке тұлға болып қалыптасқан. 60 жыл отасқан ата-анамыздың махаббатына бөленіп өскен біз сияқты отбасын жастарға үлгі етуге арналған осындай байқаулардың бары қуантады! Отбасы басты құндылығы сыйластық, бірлік, ата-бабадан қалған дәстүрді жалғастыру екенін келер ұрпаққа жеткізу үшін ұйымдастырылғаны анық көрініп тұр! Сіздерге мың алғыс! – деді домбыра мұғалімі Мейрамгүл Жұмабайқызы.
«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, отбасының мерейін асыратын, абыройын биіктететін – білімді, тәрбиелі ұрпағы. Ал әрбір білімді, тәрбиелі ұрпақ – мемлекеттің адами бай қазынасы. Сондықтан «Мерейлі отбасы» байқауы еліміздегі әрбір берекелі отбасының қадірін арттырып, қасиетін дәріптеуде орны бөлек жоба десек болады.
Биыл еліміздің барлық өңірінен танылған 20 үздік отбасына «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағы беріледі. Конкурс лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі қыркүйек айында Отбасы күні қарсаңында Астана қаласында өтеді.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ