Қоғамдық орында тәртіпті бұзғандар қанша айыппұл төлейді?

2024 жылы 1 айлық есептік көрсеткіштің құны 3 692 теңгені құрайды.

Aikyn.kz  сайты қоғамдық орында тәртіпті сақтамағандардың әртүрлі тәртіпсіздік бойынша қанша айыппұл арқалайтынын бағамдап көрді. 

Түкіру

ҚР Әкімшілік кодексіне сәйкес, көшеде түкіру қоқысты қоғамдық орында қалдыру сияқты көпшілік пайдаланатын орындарды ластау болып есептеледі. Бұл үшін арнаулы айыппұлдар да қарастырылған.

Түкіргені үшін 5 АЕК (18 460 теңге) төлеуге тура келеді.

Қайта жасалған теріс қылық үшін 10 АЕК (36 920 теңге) төлеу керек болады.

Кіреберісте қоқыс пакетін қалдыру

Пәтерге кіреберістегі есігінің қасына қоқыс салынған дорбаны қалдырғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес «Абаттандыру қағидаларын бұзғаны» үшін 20 АЕК айыппұл салынады. Ал бұл әрекетті азамат бір жыл ішінде қайталап жасаса, онда 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

20 АЕК 73 840 теңгеге тең болса, 30 АЕК – 110 760 теңге.

Автобуста жолақы төлемеу

Қала және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлмегендерге 2 АЕК, яғни 7 384 теңге айыппұл салынады.

Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК (18 460 теңге) айыппұл салынады.

Кәмелетке толмағандардың түнде жүруі

Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22.00-ден 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса, олардың ата-анасына 3 АЕК (11 076 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған бала 23.00-ден 6.00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе, онда заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер осы әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, онда баланың заңды өкілдеріне 25 844 теңге (7 АЕК) айыппұл салынады.

Ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК дейінгі мөлшерде (36 920 және 369 200 теңге) айыппұл салу көзделген.

Жолды кесіп өту

Жаяу жүргіншілер жол қозғалысы ережелерін сақтамағаны үшін (қате жерден өту және т.б.) 2 АЕК (7 384 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін айыппұл 10 АЕК-ке (36 920 теңге) дейін өседі. 

Қоғамдық орында балағат сөз айту

2023 жылғы наурыз айынан бастап заңға қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға 20 АЕК, яғни 73 840 теңге айыппұл салынады немесе 30 тәулікке қамауға алынатыны туралы өзгерістер енгізілді.

ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша отбасында және тұрмыста балағат сөз айтқаны үшін ескерту немесе 5 АЕК (18 460 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал мұғалімді немесе дәрігерді балағаттаса, онда 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Шулап, тыныштықты бұзу

Елімізде заң бойынша кешкі сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін шулауға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 5 АЕК (18 460 теңге), бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК (36 920 теңге) айыппұл салынады.

Сонымен қатар кәсіпкерлерге 20 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейін (73 840 – 553 800 теңге) айыппұл салынады.

Темекі шегу

Қоғамдық жерде темекі шеккені үшін 15 АЕК (55 380 теңге) мөлшерінде айыппұл. Ал егер бір жыл ішінде қайталап жасалса, онда айыппұл 20 АЕК-ке (73 840 теңге) дейін артады. Ұшақ бортында темекі шеккені үшін 50 АЕК (184 600 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Полиция қызметкерлері мен тергеушілердің жұмысына кедергі жасау

Қызметтік міндеттерін атқару кезінде полиция қызметкерлері мен тергеушілердің заңды талаптарына бағынбаған немесе жұмысына кедергі келтіргендерге 30 АЕК (110 700 теңге) айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады.

Бір жыл ішінде қайталап, осы заңды бұзғандарға жаза ескерту немесе айыппұл емес, 15-20 тәулікке қамауға алынады. Ал қамауға алынбағандарға 50 АЕК (184 600 теңге) айыппұл салынады.

Алкоголь немесе алькогольдік өнімдерді тұтыну

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабына сәйкес, "алкогольдік ішімдікті сатуға рұқсат етілген сауда және қоғамдық тамақтандыру ұйымдарынан басқа жерлерде: көшеде және басқа да қоғамдық орындарда ішсе немесе мас болса, оған 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады" (18 460 теңге).

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, 10  айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады (36 920 теңге) немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады.

Шемішке шағу

Қоғамдық жерде шемішке шаққан адамдарға қатысты 5 АЕК (18 460 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады, бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда – 10 АЕК (36 920 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Гүлшекер Сүлейменова,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті