Қарағанды қаласындағы Орталық саябақта «AMANAT» партиясының облыстық филиалы мен «Жастар рухы» Жастар қанатының өңірлік филиалы бірлесіп «Қоқысты сыйлыққа айырбаста» акциясын өткізді.
Өздеріңіз білетіндей, партия «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясында Road-эстафетасын бастаған болатын. Осы аптада партияның жүздеген белсендісі мен «Жастар рухы» Жастар қанатының волонтерлері «Астана – Алматы» тасжолы бойының аумағын тазартады.
Осылайша, «Қоқысты сыйлыққа айырбаста» акциясы аясында қала тұрғындары шыны, қағаз, металл және пластик қалдықтарын өткізіп, оны имидждік сыйлықтарға айырбастады.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков пен «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова азаматтарды акцияға белсенді қатысуға шақырып, қоршаған ортаның тазалығы ортақ жауапкершілік екенін еске салды. Сондай-ақ қоқысты дұрыс сұрыптаудың маңызына тоқталды.
«Біз қоғам назарын еліміздегі экология мәселесіне, табиғаттың ластануына, вандализм көріністеріне аударғымыз келді. Біздің мақсатымыз – жастар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру. Сондықтан әр азаматтың белсенді әрекет етуі – аса маңызды. Ал жиналған қоқыс қайта өңдеуге жіберілетін болады», – деді Ақерке Искандерова.
Акция барысында өңірдің өнерлі жастары қала тұрғындарына арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Айта кетейік, аталған акция тек Қарағандыда ғана емес, Road-эстафета барысында бірнеше қалада жалғасын табады.