Қазақстан ҰОК 2020 жылғы Олимпиада ойындарында Ту ұстаушылар киген костюмді ҚР Ұлттық музейінің қорына табыстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, бүгін, 12 маусым күні, Астанада Қазақстан Ұлттық құрамасы Ту ұстаушыларының 2020 жылғы Токио Олимпиадасының ашылу салтанатында киген костюмін ҚР Ұлттық музейінің қорына салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Бұл Халықаралық Олимпиада күнін тойлау аясындағы алғашқы іс-шара. Ұлттық Олимпиада комитеті бірегей киім үлгісін музей коллекциясына тапсырды.
Аталған киім үлгісімен Токио Олимпиадасының ашылу салтанатында Олимпиада ойындары мен бокстан әлем чемпионатының жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев және еліміздегі ең танымал спортшы, жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Қазақстан құрамасын алып шыққан болатын.
«Бұл шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Токио Олимпиадасында Қазақстанның көк Туын көтеріп шығу мақтаныш қана емес, үлкен жауапкершілік еді. Себебі, бүкіл елдің бет-бейнесі болғандықтан, бәрінің назары бізге ауды. Біздің костюмдеріміз Токио ойындарында үлкен қызығушылық туғызды. Жанкүйерлер, өзге ел өкілдері мен атлеттер біздің киім үлгісінің әдемілігі мен көркемдігіне тәнті болғанын атап өту керек. Ту ұстаушылардың костюмі қолмен кестеленген бірегей дизайнымен ғана емес, терең мағынасымен де ерекшеленді – әрбір өрнектің өзіндік мәні бар. Енді бұл костюмдердің Қазақстан Ұлттық музейінің қорына өткені қуантып отыр. Өйткені, музейге келген әрбір адам біздің елдің Олимпиаада ойындарына қатысу тарихына көз жүгірте алады. Халықаралық Олимпиада күнінің қарсаңында өскелең ұрпақты олимпиадалық спорттық қозғалысқа мейілінше көбірек тартудың маңыздылығын айтқым келеді», – дейді Рыпакова.
ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева спортшылардың жетістігін тап өтті.
«Бүгін Ұлттық музей қорына біздің елімізде әлемдік аренада танытқан спортшылар, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Ольга Рыпакова мен Қамшыбек Қоңқабаевтың киім үлгісі табысталды. Елімізде осындай мықты спортшылар мен ғажап тұлғалардың барына мақтанамыз. Ұлттық музей қоры ұлттық нақыштағы тамаша туындылармен толықты», – деді ол.
Ту ұстаушылардың костюмдері арнайы ҰОК-тың тапсырысы арқылы тігілген әрі айрықша үлгісімен ерекшеленеді.
Киімді тігу жұмысына Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының мамандары атсалысса, безендіру және тігу жұмыстарына белгілі алматылық модельер Виолетта Иванова тартылды.
Айта кетелік, 2022 жылғы Олимпиада ойындарының Ту ұстаушылары Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдованың киім үлгісін Қазақстан ҰОК Лозаннадағы Олимпиадалық музейге табыстаған болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.