Шомылу маусымы басталды

Биылғы жаз өзгеше болып тұр. Күн де күрт ысып кетті. Аптаптан аңқасы кепкендер жандарына сая іздеп, суға шомылу маусымы басталар-басталмастан өзен-көл жағалауына ағылды.

Қазір Алматы облысындағы су айдындарының барлығының жағалауы адамға толы. Өкінішке қарай, алғашқы оқыс оқиғалар да тіркеле бастады. Тиісті қызметтердің ескертпелері мен құлаққағыстарын елең қылмайтындар қауіпсіздік талаптарын тәрк етіп, өмірін қатерге байлайды. Осы орайда шомылу маусымы кезінде Төтенше жағдайлар департаменті мен жедел құтқару қызметінің де жұмысы еселенетіні белгілі.

Қазір демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстағы бар­лық өзен-көл, тоған-тоспалардың жа­нын­­­да арнайы жасақ үздіксіз жұмыс істеуде. Құт­қарушылар уақытпен санаспайды. 24 сағат бойы ке­­зекпен жұмыс істейді. Маман­дар мо­торлы қайық, құтқару кеуде­шелерімен және арнайы баллондармен қамтамасыз етілген. Олар өздеріне жүктелген міндетті орындауда жауапкершілік танытуда. Рұқсат етілмеген аймақтарға суға түскендерге алды­­мен ес­кер­ту жасалады. Егер мамандар айтқан кеңеске құлақ түрмеген, ескертуді елең қыл­мағандар анықталса, ондайларға айыппұл салынады. Биыл Қапшағай су қоймасында қашықтан бақылау жүйесі орнатылды. Құтқарушылар 30 жүзу құралын пайдаланып, су айдынын тұрақты бақылауға алған. Ар­­найы мамандар суға түсуге тыйым са­лынған аймақта үнемі рейдтік жұмыстар жүргізеді. Демалушыларға түсінік жұмыстарын ұйым­дастырып, қауіп­сіздік шараларын насихат­тайды. Ақыл-кеңес береді. Бірінші кезекте суға түсу алдында спирттік сусын ішу аса қа­уіпті екенін ес­кертеді. 

Шомылу маусымы басталғалы бері су­да­ғы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 25 адам әкімшілік жауапкершілікке тар­тылып, 374 мың 738 теңге айыппұл салын­ды. Жыл басынан бері облыстың су айдын­да­рында адам өлімі болған жоқ, 9 адам құт­­қа­рылыпты. 

«Біз қолдағы барлық мүмкіндікті пай­далана отырып, облыс аумағындағы су қой­ма­­ларында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысып бағудамыз. Биыл шомылуға рұқсат етілген орындар саны арт­­тырылды. Жаңа жағажайлар жабдық­талып, іске қосылды. Қапшағай су қойма­сында қашықтан бақылау жүйесі орна­­тылды», – дейді облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев. 

Нақтырақ айтқанда, облыс әкімдігінің қаулысымен өңірде суда демалуға арналған 103 орын белгіленді, оның ішінде 7 ком­мун­алдық жағажай бар. Алматы облысының әкім­­дігі Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қазірдің өзінде су қоймаларын тү­гендеп, қауіпті аймақтарға 400-ден астам қауіпсіздік белгісін орнатты, оның 189-ы тыйым салуға қатысты.

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы