Алты мерген Олимпиадада бақ сынайды

Нысана көздеуден Қазақстан командасының қоржыны тағы бір жолдамамен толықты. 9 маусым күні Халықаралық спорттық ату федерациясы (ISSF) рейтинг бойынша квота иеленген мергендер тізімін жариялады.

Олардың қатарында қазақстандық Ирина Юнусметова да бар. Ирина нысана көздеуден лицензия жеңіп алған командадағы алтыншы спортшы. Осы орайда Париж Олимпиадасына аттанатын мергендердің аяқалысы жайлы шолу жасап көрдік. 

Спорттық атудан Олимпиадаға ірік­теу турнирі 2022 жылдың 14 тамызында басталды. Содан бері спортшылар ли­цен­зиялық әлем және Азия чемпионаты мен рейтингілік әлем кубогі кезеңдерінде бақ сынап келеді. Ал 9 маусым күні Халық­аралық федерация лицензиялық рейтингінің жабылғанын хабарлап, ұпай саны бойынша озық тұрған қазақстан­дық Ирина Юнусметоваға жолдама берді. Негізінде нысана көздеуде квота жеке­леген спортшыларға емес, коман­даға беріледі. Алайда тап осы Юнус­метованың лицензиясына ешкім таласа алмайды. Қалған бес спортшының ара­сы­нан Парижге кімдер баратыны жақын арада шешілмек.

Жалпы, Қазақстан құрамасының Па­риж Олимпиадасына алғашқы жолда­масын тап осы нысана көздеушілер алып берген еді. Әзербайжанның Баку қала­сында өткен 2023 жылғы әлем чемпио­натында Ислам Сәтбаев 10 метрге пнев­матикалық винтовкамен нысана  көздеу­ден төртінші орын иеленіп, Олимпиадаға жолдама алды әрі 632,7 ұпаймен Қазақ­стан рекордын жаңартты. 

«Олимпиадаға алғаш рет қатысқалы отырмын. Өте қуаныштымын. Бүгінде жазғы ойындарға жақсы дайындықпен бару үшін қолдан келгеннің  бәрін істеп жатырмыз. 2012 жылы нысана көздеуге бет бұрдым. Бұл спортқа сыныптасым алып келді. Алда Олимпиада ойындары күтіп тұр. Елімізді осындай ірі жарыста танытатыныма қуаныштымын», – дейді Ислам.

Содан соң мергендер тағы бірнеше жол­дама ұтып алды. Атап айтар болсақ, 2023 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Азия біріншілігінде Арина Алтухова мен Конс­тантин Малиновский үш позиция­дан 50 метрге нысана көздеуден Париж жолдамасын қоржынға салды.

Одан бөлек, 2024 жылы Индо­незия­ның Джакарта қаласында өткен лицен­зиялық Азия чемпионатында Никита Чирюкин пневматикалық тапаншамен, Александра Ле пневматикалық винтов­камен нысана көздеуден Олимпиада кво­тасын иеленді. 

Команда бас бапкері, Афины Олим­пиадасының 4-орын иегері Ольга Дов­гунның айтуынша, Ұлттық құрама спорт­­­шылары Парижге барар жолда үл­­кен еңбек атқарған. 

«Біз жаңа олимпиадалық цикл бас­талғаннан бері тынбай еңбек еттік. Олим­­пиада жолдамасы әлем чемпионаты мен екі Азия біріншілігінде сарапқа салынды. Сонымен қатар әлемнің әр түкпірінде өткен рейтингілік әлем кубо­гінің 5 кезеңіне қатыстық. Бәрінде де ұпай жи­нап, жақсы өнер көрсетуге ты­рыс­тық. Жақында Халықаралық феде­рациядан хат келіп, Ирина Юнус­­мето­ваның жолдама алғанын хабарлады. Негізі, тағы  бір лицензия бұйыратынын білдік. Өйткені Ирина бірде-бір жарыс­тан қалмай, әлем кубогі кезеңдерінде тұрақты түрде финалға шығып жүрді. Енді Олимпиадаға аз уақыт қалды. Жа­қын арада Парижге баратын толық құ­рам анықталады. Біздің мергендеріміз алты жолдама жеңіп алып отыр. Бұл өте жақсы, тіпті тарихи көр­сеткіш. Себебі бұған дейін нысана көз­деуден Қазақстан командасы сапынан алты адам Олим­пиадаға лицензия алма­ған», – дейді Ольга Довгун. 

Олимпиадалық циклде өткен нысана көздеуден әлем кубогі кезеңдерінде Қазақстан спортшылары айтарлықтай жақсы нәтиже тіркеді. Бакуде (Әзер­байжан) өткен әлем кубогінде Эльдар Иманқұлов пен Валерия Попелова жұбы тапаншамен 10 метрлік нысана көздеуден күміс жүлдегер атанды. Осы жаттығудағы жекелей сында Валерий Рақымжан тұ­рақ­ты түрде финалға шыққанымен, бір рет 5, тағы бірде 7-орында қалды. Ал әйел­дер арасында Юнусметоваға жол­дама берілгенін айттық. 

«Валерий Рахымжанға үш рет мүм­кіндік берілді. Ол үшеуінде де бесінші орыннан аса алмады», – дейді Довгун. 

Париж Олимпиадасында спорттық атудан (нысана көздеу және стенд ату) жалпы есебі 15 дисциплинада жеңім­паздар мен жүлдегерлер анықталады. Ерлерден 170, әйелдерден 170 адам сынға түседі. Бұл 2020 жылғы Токио Олим­пиадасымен салыстырғанда 20 атлетке кем. 12 квота жарысты қабылдаушы ел ретінде Франция иеленді. 16 квота ірік­теу кезеңдері аяқталған соң әмбебаптық қағидасы бойынша, рейтингтегі ұпай саны жоғары, бірақ лицензиясы жоқ мергендерге таратылды. Қалған 312 квота 2022 жылдың 14 тамызы мен 2024 жылдың 9 маусымы аралығында өткен Олимпиадаға іріктеу турнирлерінде үлес­­тірілді. 

Ақырыс СЕЙІТҚАЗЫ