City Transportation Systems ЖШС "Астана қаласының қоғамдық көлігіндегі бейнеаналитика жүйесі" инновациялық жобасын іске қосады, – деп хабарлайды Aikyn.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаның мақсаты – жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту, билетсіздер санын азайту және қоғамдық көліктердегі қауіпсіздікті арттыру.
Жобаның пилоттық кезеңі аясында 2 мамырда №24 маршруттың бір автобусында нақты уақыт режимінде деректерді талдауға мүмкіндік беретін камералар, роутерлер және борттық компьютер орнатылған. Әр есікке қарама-қарсы орналасқан камералар кірген жолаушылардың санын есептеп, төлем туралы мәліметтерді салыстырады. Бұл билетсіз жолаушылар санын, маршруттың уақыты мен учаскелерін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ нақты уақыттағы ақпарат CTS Көліктік бақылау департаментіне түседі.
Бейнебақылау пилоттық жобасы іске қосылған сәттен бастап бір автобуста жүйемен 2 мыңнан астам билетсіз жол жүру жағдайы анықталды. Бұл пилоттық жоба болғандықтан, жолаушыларға айыппұл салынбаған.
CTS-те жобаның толық іске қосылуы мен іске асырылу барысы туралы қосымша хабарланады.