Қантты қалай аз тұтынуға болады? – Пайдалы 7 кеңес

Сүйіп жейтін тамағыңыздан өзіңізді шектемей, бірақ күнделікті рационыңызда қантты азайтқыңыз келсе, осы материалды оқыңыз.

1-кеңес

Барлық тағамның құрамын тексеріңіз!

Қант сіз күтпеген өнімдердің құрамынан табылуы ғажап емес. Себебі қант әмбебап дәмдеуіш әрі консервант. Сондықтан оны нан, шұжық, соус сияқты өнімдерге жиі қосады. Тіпті дүкеннің «Пайдалы тағамдар» деген сөресіндегі – өсімдік сүті, ботқа, граноланың да құрамында кездеседі. Қант өнімдердің құрамында өзге атаулармен де кездесуі мүмкін. Көбінесе оларға «-оза» жалғауы жалғанады. Мысалы, дектроза, мельтоза. Патока, меласса және осыған ұқсас қоспалар. Егер рационыңыздан қанттың мөлшерін азайтқыңыз келсе, оның баламасын іздеп көріңіз. Оны іздегенде жазылу реттілігіне назар аударыңыз. Егер құрамында қант болса, әдетте төртінші жолда жазылып тұрады.

2-кеңес

Құрамында қанты көп жемістерден аулақ болыңыз!

Көбісі білмеуі мүмкін, алайда жемістерде де қант болады. Жемістердің басым бөлігінде ГИ (глекемиялық индекс) деңгейі орташа, бірақ кейбіреуінде ол өте жоғары. Әдетте ондай жемістерден кейін қандағы қант мөлшері жылдам артады. Олар: жүзім, банан, құрманың тәтті сұрыптары. Көкөністердің қатарынан: қызылша, батат және асқабақты айта аламыз (бұқтырылған күйде)

Бұл дегеніміз – рационыңыздан мұндай тағамдарды мүлдем сызып тастауды білдірмейді. Олардың құрамында ағзаға пайдалы дәрумендер де жетерлік. Жай ғана күндік мөлшерін қадағалаған жөн. Мысалы, бүгін тіскебасар ретінде жеміс немесе көкөністі таңдасаңыз, конфет немесе печеньені ертеңге қалдырған абзал.

3-кеңес

Көбірек баяу көмірсулармен қоректеніңіз!

Бір бөлке нан мен шоколад жесеңіз, сіз әрине лезде тоясыз. Бұл ағзаңыз мұндай өнімдерді қорытуға көп уақыт жұмсамауымен байланысты – глюкоза бірден қанымызға түседі. Сәйкесінше қарныңыздың ашуы да жылдам болады. Таңғы ас, түскі ас, кешкі асты уақытымен ішу қанттың тым көп мөлшерін азайтуға, күні бойы тоқтаусыз ас үйді жағалаумен күресуге көмектеседі.

Тағамдарыңыздың тізімін баяу немесе күрделі көмірсулар бар өнімдермен көбейту керек. Олар дәнді дақылдар, бұршақ дақылдары, жаңғақтар, кейбір көкөністер мен жемістер. Аса бағалы глюкозаны ағзамыз ұзағырақ уақыт жұмсайды. Осыған байланысты қант қанға бірқалыпты енеді, шамадан тыс концентрация да болмайды, оның үстіне метаболизм де біркелкі жүреді.

4-кеңес

Жиі су ішіңіз!

Кейде адам судың жетіспеушілігін аштық сезімімен шатастырады. Әдеттегідей жүрек жалғар алдында бір шыны су ішіп көріңіз. Әлі де аштық сезімі кетпесе жүрек жалғап алыңыз, ал кетсе демек сіз жай ғана шөлдегенсіз. Су күнделікті ішіп жүрген құрамында қант көп газдалған сусындарды алмастыра алады. Әрине, жай ғана су ішкеннен гөрі оған бір тілім апельсин немесе лимон қоссаңыз бір жұтым суыңыздың дәмі жандана түседі.

5-кеңес

Жүріп тамақ ішпеңіз!

Дәмді ас – адамға керемет сезімдер сыйлай алады. Бірақ кешке фильм көріп отырып тәтті мармелад немесе попкорн жесеңіз, ал таңертең жол үстінде бір кесе шырын немесе кофе ішсеңіз, бұл тіскебасарлардың болғанын байқамай да қалуға болады. Сәйкесінше әр тағамның дәмінен алуға болаты рахат сезімді өткізіп аласыз. Сондықтан күнделікті әр жеген тамағыңызды қадағалаңыз. Сол арқылы сіз әр процесстен ләзәт алып, өзіңіздің қалыпты рационыңызды бақылай аласыз.

6-кеңес

Толыққанды ұйқы

Толыққанды ұйқысыз сізге сергектік жетпейді және жылдам энергия көзін іздейсіз. Мұндай кезде тәтті тағамдар таптырмас таңдау. Оның үстіне ұйқының жетіспеушілігі, тәбет ашуға жауап беретін грелин гормонының бөлінуіне әкеледі. Сондықтан да жұмыс күнінің аяғында тәттіге тәбеттің ашылуы қалыпты жағдай.

Мұндай кезде ағзамызды басқа нәрсемен алдауға болады. Тәтті жегіңіз келген кезде ол әрекеттің баламасын іздеп көріңіз: кез келген адаммен әңігме-дүкен құрып, немесе таза ауада серуендеп келіңіз. Әрине, ең бастысы бірқалыпты толыққанды ұйқы, онсыз ерте немесе кеш денсаулығыңыз сыр берері анық.

7-кеңес

Тәтті тағамдарды өзіңіз әзірлеуге тырысыңыз!

Өзіңіз дайындасаңыз, сіз құрамындағы барлық қоспаларды қадағалай аласыз. Мысалы, дүкеннің сироптары мен тосаптардан гөрі алманың езбесін қолданып көріңіз. Қосылуы керек 2 қасық қанттың орнына біреу ғана қосыңыз. Әрине, құрамындағы өзгерістер оның жарамдылық мерзімін, дәмін, пішінін өзгертері анық, бірақ тәжірибе жасау арқылы сіз ең ұтымды тұсын таба аласыз. Әріптестеріңмен бірге шай ішу, отбасыңмен бір дастархан басында көңілді уақыт өткізу. Мұндай сәттерсіз өміріміздің жарқын сәттерін жіберіп алуымыз мүмкін. Сондықтан тәтті тағамдардан толыққанды бас тартпасаңыз да болады. Тек ондай сәттерді өз қолыңызбен пайдалырақ әрі дәмдірек ете аласыз.

 

Айсер Бейсенғали, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.