Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында ерекше қажеттілігі бар балаларға қандай қолдау көрсетілетінін мәлім етті, – деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Ерекше балалармен және олардың ата-аналарымен кездестім. Түйткілді мәселелерді, оның ішінде кеңестің жаңа міндеттерін бірлесе талқыладық. Қоғамдық кеңес жұмыс істеген бір жылда «Болашақ» корпоративтік қорымен бірлесіп, балабақшаларда инклюзияны қолдауға арналған 11 кабинет аштық, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін 150-ге жуық маман оқыттық. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 100-ден астам бала үшін спорт түрлері бойынша спорт секциялары мен топтарына бару шарасы ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, әлеуметтену және одан әрі жұмысқа орналасу үшін колледждерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кәсіптік оқыту пилот ретінде іске қосылды. Бүгін қоғамдық тамақтану және сервис колледжі базасындағы оқу-өндірістік комбинатқа бардық.
Жобаның алғашқы іске қосылуына 35 жасөспірім қатысады. Олар «Тігін өндірісі және киімді модельдеу», «Тамақтандыруды ұйымдастыру – Аспаз», «Тамақтандыруды ұйымдастыру – Кондитер» және «Сәндік-қолданбалы өнер» бағыттары бойынша білім алады. Оқыту қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі мен бизнес, менеджмент және білім беру колледжі базаларында өтеді. Курстардың ұзақтығы – 4 ай. Оқу аяқталғаннан кейін курсты бітіргені туралы мемлекеттік үлгідегі куәлік беріледі.
Сол сияқты биыл балабақшаларда инклюзияны қолдауға арналған 20-дан астам кабинет ашуды, қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету колледжінің жанынан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Кондитер» және «Тігінші» арнайы топтарын іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.